Министр: Қауіпсіздік талабына сай емес өнімнің көбі
Қазақстандағы қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін өнімдердің жартысынан көбі импортталатын тауарлар үлесіне тиеді. Бұл туралы 15 қаңтарда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.
Үкімет отырысында сөйлеген министр былтыр 70 мыңға тарта өнімнің сынамасы зертханада тексеріліп, 10 мыңға тарта сынаманың техникалық регламентке сай келмейтіні анықталғанын айтты.
«Өнім қауіпсіздігін бақылау қорытындысында талапқа сай келмейтін өнімнің 66 пайызы импорт, қалған 34 пайызы отандық өндірушілер өнімі екені анықталды. Олардың 69 пайызында өндірушілер таңбалау ережелерін бұзған, 23,5 пайызында қауіпсіздік көрсеткіштеріне сай келмейді, ал 7,2 пайызының физика-химиялық көрсеткіші дұрыс емес» деді Біртанов.
Министрдің сөзінше, 99 сүт өнімінің сынамасында өсімдік майының мөлшері және 143 шұжық өнімінің сынамасында шошқа ДНҚ-сының мөлшері бұрмаланған.
Министрліктің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ауылшаруашылығы министрлігіне Ресей мен Беларусьтің өнім өндірушілеріне қатысты 18 материал жіберген.
Дереккөз: Азаттық