Қыс қызығы — Балабақшадағы ойындар — Bilim
Қыс қызығы
Қарағанды облысы Қарқаралы қаласы
«Еркетай» бөбекжай–бақшасының
тәрбиешісі Сламбекова Гульдана Канатовна
Мақсаты: Балалардың қыс туралы түсініктерін кеңейтіп, қысқы ойындар мазмұнын меңгерту, спорт туралы білімдерін кеңейту, қызығушылықтарын арттыру. Бала денесін ойын арқылы қозғалысқа келтіріп, таза ауада шынықтыру. Іс-әрекетке деген қызығушылығын ойын арқылы қалыптастыру. Салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
Қажетті құрал-жабдықтар: Кедергілер, шелектер, шана, күрек, шаңғы, хоккей таяқшасы, шайба, аққалаға керекті заттар.
Үштілдік: Қар-снег-snow, аққала-снеговик-snowman, қыс-зима-winter.
Жүргізуші: Құрметті ата-аналар, балалар, балабақша ұжымы, қонақтар «Қарлығаш» тобы балаларының «Қыс қызығы» атты эстафеталық жарысқа қош келдіңіздер!
Тілек шеңбері
Балалар алаңда екі қатарға тұрып, бір-біріне қарап, тілектер айтады.
Ауамыз таза болсын,
Денсаулығымыз мықты болсын,
Ойын қызықты болсын,
Жарыс көңілді болсын,
Жеңімпаздар көп болсын!
Жүргізуші: Сауығып айдай толасың.
Спортты серік ете біл,
Жақсы азамат боласың.
Жеңімпаз болу оңай ма,
Арман болған талайға?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Жарысқа түсіп қалайда.
— Ал, балалар, барлық қонақтармен сәлемдесіп алайық.
Балалар: Сәлем бердік алтын күн,
Сәлем бердік ашық аспан.
Сәлем бердік жер-ана,
Сәлем бердік баршаңа.
«Әнұран» шырқалады
Жүргізуші: Шанамен зырлап желетін,
Шаңғы, коньки тебетін.
Аққала жасап ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Балалар: Қыс мезгілі.
— Балалар, қараңдаршы бізге қонаққар келе жатқан секілді. Ой, мынау келе жатқан аққала, түлкі, қасқыр ғой. (балалармен амандасады)
Түлкі: Менің жұмбағымды шешсендер мен сендерді жарысқа жіберемін.
Қыста ғана болады.
Ұстасаң қолың тоңады. (Қар)
Табаныма байладым,
Қос таяқпен айдадым. (Шаңғы)
Жалт — жұлт етеді,
Ұстасаң еріп, кетеді. (Мұз)
Зулап түсті төменге.
Шықпас менен төбеге. (Коньки)
Тікен — тікен тік пісте,
Қысы, жазы бір түсте. (Шырша)
Күміс тұяқ тұлпарды,
Ерттеп міндім тай қылып. (Шана)
Жүргізуші: Намысы бар балапандар қайдасың,
Білген дұрыс бұл спорттың пайдасын- дей отырып «Ақ аю», «Ақ қоян» топтарын ортаға басшыларымен шақырамыз.
Міне, балалар шықты алаңға,
Жас спортшылар жеке-жеке команда
Ал, балалар өздеріңді таныңдар,
Ептілік, мықтылық, батылдық көрсетіп табанды,
«Ура» деген ұранды біз тастаймыз
Жарысымызды ал енді бастаймыз
«Жеңіске жетеміз!» деп
Жалынды ұран тастаймыз
«Ақ аю» топ басшысы — Съезбек Айарыс
Ұраны: Біріміз бәріміз үшін,
Бәріміз біріміз үшін.
«Ақ қоян» топ басшысы — Сәдуақас Әлихан
Ұраны: Қояндарша орғимыз,
Намысты қолдан бермейміз.
Жүргізуші: Ал сайыскер топтар,
Ешкімнің жоқ алалар.
«Жеңімпаз болу» үлкен сын,
Оны әділқазың бағалар.
Ашық жарқын жүзді,
Әділқазылар біздің
Таңдап баға беруге,
Шақырайық төрге,- деп әділқазылар алқасымен таныстырайық.
Бб әдіскері: Темирбекова Сауле Сагындиковна
Б/б психологі: Ғабдулина Қарагөз
Бб медбикесі: Кашимова Гүлнар
Топтарымызға сәттілік тілеп, қошемет көрсетейік. (Музыка ойналады) Енді сайыс түрлерімен танысайық.
Жүргізуші: Балалар бүгінгі жарыс 6-кезеңнен тұрады:
1. «Қай топтың шанасы алда»
2. «Хоккейшілер»
3. «Кім епті?»
4. «Шаңғышылар»
5. «Аққала» жасау жарысы
6. «Арқан тартыс»
Жүргізуші: Балалар, ендеше жарысымызды бастаймыз! Дайынсыңдар ма?
Балалар: Біз дайынбыз!
— Ал енді құрметті сайыскерлер! Сіздерге сәт сапар! Жарысымызды бастаймыз.
Жүргізуші: Шанасына мінеді,
Мәз мейрам боп күледі.
Жарысамыз бәріміз,
Жарасып тұр сәніміз.
І-кезең: «Қай топтың шанасы алда» деп аталады
Ойынның шарты: Әр топқа бір шанадан, оның үстіне бір баланы отырғызып, белгіленген жерден айланып өз орнына барады. Кім бірінші келсе, сол топ жеңіске жетеді.
ІІ-кезең: «Хоккейшілер» деп аталады
Ойынның шарты: Балалар хоккей таяқшасымен шайбаны кедергілер арасынан айналып өтіп, мәреге бірінші келген топ жеңіске жетеді.
ІІІ-кезең: «Кім епті?» (Ыдыстан-ыдысқа қалақпен қар тасу)
Ойынның шарты: Балалар ыдыстағы қарды қалақпен кедергілер арасынан жүгіріп, шелекке тасу. Қай топ шелекке көп қар жинаса, сол топ жеңіске жетеді.
Жүргізуші: Жапалақтап ала қар,
Жауды күнде қайталап.
Қырға шықты балалар,
Шаңғыларың арқалап.
ІV-кезең: «Шаңғышылар» деп аталады
Ойынның шарты: Балалар шаңғымен кедергілер арасынан жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жеткен топ жеңіске жетеді.
Жүргізуші: — Балалар, біз келесі ойынды ойнамас бұрын жұмбақ шешейік, сол жұмбақтың шешуі арқылы келесі ойынымыздың атауын анықтаймыз.
Мұрны сәбіз үп-үшкір
Көзі көмір қап-қара
Көне шелек басында
Сыпырғышы қолында (Аққала)
V-кезең: «Аққала»
Ойынның шарты: Балалар дайын тұрған қардан аққала құрастырады. Оның көзін, мұрнын, аузын жасайды. Басына шелек кигізіп, қолына сыпырғыш ұстатады. Қай топтың балалары бұрын болса, сол топ жеңеді.
VІ-кезең: Қазақтың ұлттық ойыны: «Арқан тартыс»
Ойын шарты: Арқанның екі жағынан екі топқа бөлінген балалар тартысады. Қай топ арқанды өз жағына тартып, алып келсе, сол топ жеңіске жетеді.
Жүргізуші: Назар аудар денсаулыққа,
Өмірде бақыттысың денің сауда
«Денсаулық – терең бақыт» деген сөзді
Құр айтпаған ұлы Абай данамыз да.
Денің сауда күштісің бұл әлемде,
Денің сауда сұлусың жер бетінде.
Сол мықты денсаулықтың арқасында
Жетерсің әлі талай бақыттарға деп, — ортаға әділ қазылардың әділ қазысын айтатын мүшелерді шақырамыз. Марапаттау.
І-орын: «Ақ аю» тобы
ІІ-орын: «Ақ қоян» тобы
Аққала: Балалар, жарысқа өте жақсы қатыстыңдар, рахмет сендерге, менің әкелген сыйлығым бар! (көрсетіп, апайға береді, топта сыйлығын таратып береді)
Жүргізуші: Ұрпақ керек ертеңгі алда,
Болашақты болжайтын.
Дені таза, тәні таза,
Елін, жерін қорғайтын!
Денсаулық — басты байлық өмірдегі,
Нәр беретін асыл ғой көңілдегі.
Салауатты өмір салтын насихаттап,
Атанайық жақсы азамат өңірдегі.
Еліміздің болашағы дені сау азаматтардың қолында. Денсаулықтың кепілі – салауаттылық. «Қыс қызығы» атты спорттық эстафеталық жарысымыз осымен аяқталды. Келіп тамашалағандарыңызға рахмет. Келесі кездескенше, сау болыңыздар!
Дереккөз: Bilim All