Қытайға қарсы акцияларға Атамбаевтың қатысы жоқ
Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) Қырғызстанда Қытайға қарсы көңіл-күйдің өршуін партия қызметімен байланыстыру әрекеттері жиілегенін мәлімдеді. ҚСДП баспасөз хатшысы Құндыз Жолдыбаева осыған байланысты ресми хабарлама таратты.
«Біздің саяси қарсыластарымыз бұл кезекті жалған және лас ақпараттық арандатулар арқылы өздері жіберген қателіктерді экс-президент Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарына жабуға тырысып отыр. Кәсіби арнайы қызметке арандату мақсатындағы митингілерді расымен кім ұйымдастырғанын анықтау қиын емес» делінген ақпаратта.
Баспасөз хатшысы Қытайға қарсы митингілерге ҚСДП жетекшісі, экс-президент Алмазбек Атамбаевтың да, партияның да қатысы жоғын айтады.
Желтоқсанда «Кыргыз чоролору» қозғалысының белсенділері Қытайдан келген заңсыз мигранттарды елден депортациялауды талап етіп, бірнеше қарсылық акциясын өткізген. Ұйым мүшелері билік талаптарын орындамаса, ол іспен өздері айналысатынын мәлімдеген.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Қытайдан келетін заңсыз мигранттар ағынын тоқтатуға шақыратын хабарламалар мен видеолар пайда бола бастаған. Қырғызстан ішкі істер министрлігі этникааралық алауыздықты қоздырып, арандатқандардың жауапқа тартылатынын ресми түрде ескерткен.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков мұндай арандатуларды «ішкі күштердің мәселені саясиландырып, Қытаймен қарым-қатынасты бұзу әрекеті» деп атаған.
«Қандай сыртқы күштер екенін білмеймін, бірақ мұндай ішкі күштерді білеміз. Бірнәрсе істеймін деп ойламасын! Барлығын жауапқа тартамыз. Мемлекетте заң мен билік жұмыс істеп тұр. Біз ешнәрседен қорықпаймыз. Барлығына шара қолданамыз, мәселені шешеміз» деген Жээнбеков 9 қаңтар күні Шу облысының Сокулук ауданы тұрғындарымен кездесуінде.
Дереккөз: Азаттық