«Дәл тиді де, ісін аяқтады». Қазақстандық боксшы 57 секундтық нокаутқа қатысты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Абылайхан Құсайынов (9-0, 6 КО) қарсыласы Хесус Лагунаны қалай жеңгенін айтып берді және 20 жастағы отандасы Садриддин Ахмедовтың (4-0, 4 КО) жылдам нокаутына қатысты пікір білдірді.
Екі қазақстандық жұдырықтасқан бокс кеші Канаданың Монрель қаласында өткен.
— Қарсылас ыңғайсыздау болды, өйткені бірден алға жүрді. Ондайды күтпедім. Алғашқы раундты бағдарлап, жұмыс істеп, асықпай аяқтадым. Екінші раундта шабуылға көштім — басына бірнеше рет дөп тиіп, бауырдан соққы жасадым. Соққы дәл тиді — ол тұра алмай қалды.
— 2015 жылы кәсіпқой боксқа ауысқаныңда мұндай «рекордқа» жету мүмкін екен деп ойладың ба?
— Құдайдың қалауымен. Бізге талмай жаттығып, еңбектену ғана керек.
— Ендігі жоспар қандай?
— Келесі жекпе-жек желтоқсанда болатын шығар. Ары қарай жаттығып, ілгерлей береміз. Әлем чемпионы болу мақсатына жылжып келеміз.
— Садриддин Ахмедов командаға сіңісіп кетті. Оның 57 секундтық нокауты туралы не айтасың?
— Өз жұмысын жасады: жақсы соққысын өткізді де, қарсыласын жібермей ісін аяқтады.
Айта кетейік, 20 жастағы Садриддин Ахмедов мексикалық Хесус Хавьер Мендозаны жеңіп, нокаутпен аяқтаған жекпе-жектер санын төртке жеткізді. Осы арқылы ол рейтингте айтарлықтай көтерілді.