Алматыда жын шығармақ болған емші науқасты өлтіріп алды

0

Астана. 15 қаңтар. KAZISLAM – Алматы облысында 28 жастағы ер адамның өліміне себепкер болған халық емшісі қамауға алынды. Бұл туралы Baq.kz сайты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

12 қаңтар күні өз үйінде тұрғылықты азаматтың мезгілсіз көз жұмуына байланысты ақпарат Қарасай ауданында тіркелген. Сот-медициналық тексеруінің нәтижесінде кеуде қуысының тұйық жарақаты, қабырғаларының сынуы мен өкпенің жарақаттануы ер азаматтың өліміне себепкер болғаны анықталды. Жәбірленушіге түрлі ауыр дене жарақатын салу барысында оның өліміне әкелуге қатысы бар деген күдікпен полицейлер «халық емшісінің » үстінен қылмыстық іс қозғады.

«Полицияға қайтыс болған азаматтың туыстарынан әлі күнге арыз түскен жоқ. Алайда бұл факті бойынша РҚ Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық істе күдікті ретінде дәстүрлі емес медицина қызметімен айналысатын 63 жастағы ер адам айыпталуда» — делінген хабарламада.

Айта кетейік, «халық емшісіне» жәбірленушіні оның туыстары алып келген. Олардың пікірі бойынша, жас азаматқа жын кірген және ол соңғы үш жыл ішінде сол жын әсерінен қиындық көрген. «Халық емшісінің» 5 күн ішінде түрлі әдістерді қолдану арқылы жас азаматтан жынды шығару салдарынан жәбірленушінің көз жұмуы мүмкін.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іс Қарасай ауданы полициясының қарауында, қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынған.








Дереккөз: http://kazislam.kz/