Түркіменстанда запастағы әскерилерді есепке алып жатыр
Түркіменстан БАҚ-ы түркімен билігі Ауғанстанмен шекарада содырлар пайда болды деген хабардан соң запастағы әскерилерді есепке алып жатқанын хабарлады. Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык радиосы) қорғаныс министрлігіндегі өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, барлық әскери комиссариатқа 50 жасқа дейінгі ер азаматтардың әскерге жарамдылығын тексеру туралы тапсырма берілген.
Дереккөздің айтуынша, запастағы әскерилерді тексеру ауған-түркімен шекарасындағы жағдайға байланысты жүргізіліп отыр.
11 қаңтарда «Хроники Туркменистана» тәуелсіз басылымы Түркіменстанда халық арасында әскери есеп жүргізіле бастағанын хабарлаған. Дереккөз мәліметі бойынша, запастағыларды үйді-үйді аралап есепке алып жатыр.
12 қаңтарда Азатлыктың Ашхабадтағы тілшісі қаладағы запастағы әскерилерді тіркеуге алу басталғанын хабарлаған.
Ауғанстанның бес уәлаяты Түркіменстанмен шектес орналасқан.
Дереккөз: Азаттық