Ақтөбелік адвокат өз әріптестерін сотқа беруге мәжбүр болды
Нұрбибі Есмағанбетова тек орыс тілінде жазылған адвокаттар алқасының жаңа жарғысын талқылау жиынында ана тілінде пікірін білдіре алмаған
АСТАНА, 15 қаңтар — Sputnik. Ақтөбеде істерінің бәрін қазақ тілінде жүргізетін адвокат Нұрбибі Есмағанбетова өз әріптестерінің үстінен сотқа арыздануға мәжбүр болып отыр.
Нұрбибі Есмағанбетова клиенттерін тек ана тілінде қорғап жүрген адвокаттардың бірі. Өзгенің құқығын қорғап жүрген ол қазір өз құқығының тапталғанына күйінеді. Басқа емес, өз әріптестерінің үстінен сотқа арыздануға мәжбүр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Өйткені облыстық адвокаттар алқасы жаңа жарғыны тек ресми тілде әзірлеп, жиын кезінде оны қазақша талқылауға қарсы болған.
«Тіл туралы заң бойынша әуелі қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде жарғы дайындалу керек. Содан кейін барып ол өзге тілдерге аударылуы тиіс. Осындай заңсыздықтар болғаннан кейін бұл әрекетке баруға мәжбүр болып отырмын», — дейді Есмағанбетова.
Ал адвокаттар алқасындағылар жарғыны заң бойынша мемлекеттік тілде әзірлеу міндетті емес деп отыр. Егер алдын ала өтініш білдірсе ғана қазақшаға аударып берер едік деп ақталады.
Тағы оқыңыз: Димаш орысша қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап берді
«Иә, мемлекеттік тілде жарғы болған жоқ. Біз бұлай біреуді кемсітуді көздемедік. Егер Нұрбибі Абдуллақызы ертерек өтініш білдіргенде аударып берер ме едік?», — дейді Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасы төралқасының төрайымы Раиса Якубенко.
Нұрбибі Есмағанбетова мемлекеттік тілде жазылмаған жарғыны да, құжатты талқылаған жиынды да заңсыз деп тануды соттан сұрап отыр. Ол процестің қашан басталары әзірге белгісіз. Ал адвокаттар алқасындағылар жарғыны әділет департаментіне тіркету үшін ақыры қазақшаға аудартыпты. Бірақ мемлекеттік тілдегі нұсқамен алқа мүшелері танысып үлгермеген.
Тағы оқыңыз: Нығматулин қазақша білмейтін шенеунікке дүрсе қоя берді
Дереккөз: https://sputniknews.kz/