Пышақталған Гданьск мэрі қайтыс болды
13 қаңтарда қайырымдылық концерті кезінде пышақталған Гданьск қаласының мэрі Павел Адамович 14 қаңтарда ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Польша денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Бұған дейін Адамовичке бес сағат бойы операция жасаған дәрігерлер оның хал үстінде жатқанын хабарлаған.
Дәрігерлер пышақ мэрдің жүрегіне жеткенін, науқас көп қан жоғалтқанын айтты. Гданьск университеті клиникасының бас дәрігері «бәрі жақын арада белгілі болады» деген еді. Қан тапсыруға қала тұрғындары клиника алдына жиналған.
Мэрге 27 жастағы Штефан В есімді адам шабуыл жасаған. Ол сахнаға жүгіріп шығып, Адамовичтің жүрек тұсына екі рет пышақ салған және микрофонға мэр мүше болған «Азаматтық платформа» партиясының кесірінен «жазықсыз сотталып, түрмеге отырып шыққанын» айтып үлгерген. Шабуыл жасаған аздам сол жерде ұсталған.
Ақпарат құралдары кейін шабуылдаушының бұрын банкке қарулы шабуыл жасады деп айыпталып, сотталып шыққанын растаған. Оның «психикалық ауытқуы бар» екені де айтылып жатыр.
Адамович Гданьск қаласын 20 жылдан бойы басқарды.
Дереккөз: Азаттық