Жезқазғандағы тың жобалар жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді
Таяуда Жезқазған мыс балқыту зауытында екінші кен-термиялық пеш іске қосылып, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастады. Шикізат көзінің жетіспеушілігінен 2009 жылдан бері зауытта бір ғана пеш жұмыс істеп келген болатын. Мыс қорыту зауытының металлургтерін құттықтаған өңір басшысы Е.Қошанов аталған өндірістің еліміз үшін де пайдасы зор екенін айтты.
– Егер зауыт он жыл көлемінде өзінің жартылай қуатында ғана жұмыс істеп, 100 мың тонна мыс өндіріп келсе, енді екінші пештің көмегімен еліміз 200 мың тонна мыс алатын болады, – деді Ерлан Қошанов. – Бұл Елбасының тікелей тапсырмасымен Жезқазған маңында жаңа минералды кен орындарын барлау, ашу және құрудың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Жезқазғанның болашағы зор деп ойлаймын.
Жаңаша бағытта жұмыс істей бастаған кәсіпорын түрлі қиындықтарға қарамастан, шикізат базасын кеңейтті. Ол «ҚазМинералс» ЖШС және басқа да жаңа кен-байыту нысандарының іске қосылуы арқылы мүмкін болды.
– Бүгін біз Жезқазған мыс балқыту зауытының қайта жандануына куә болып отырмыз. Бірінші кезекте, Елбасымызға 2012 жылы «Қазақмыс» корпорациясының кен-шикізат базасын толықтыру туралы шешім қабылдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деп ағынан жарылды «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Эдуард Огай. Сонымен қатар зауыт ұжымына да зор алғыс айтамын. Осының барлығы сіздердің көз алдарыңыздан өтті. Нәтижесінде өндірісімізде барлығы қайта жанданып, бұрынғыдай жұмыс істеуді бастап кетті.
Жалпы, жаңа кен-термиялық пештің іске қосылуы 600-ге жуық адамға жұмыс береді. Мыс балқыту зауытындағы екі пеш бірдей жұмыс істегендегі қызметкерлердің жалпы саны 2 мың адамнан асты.
Жалпы, Жезқазған өңірін дамыту Елбасының ерекше назарында. Бұдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен аймақта республикалық маңыздағы темір жол салынған болатын. Ол құрылыс және жол инфрақұрылымын дамытуға мықты серпін берді.
Бұл жұмыстар қазір де жалғасын тапқан. Биылдан бастап мұнда үлкен спорттық кешен мен дарынды балаларға арналған мектеп салу жоспарланған.
Жезқазған жұртын қуанышқа бөлеген оқиғаның бірі «Uly Dala» атты заманауи гипермаркеттің ашылуы болды. Жезқазған мен Сәтбаев қаласының арасында бой көтерген ірі сауда орталығының құрылысына «Kazakhmys Holding» компаниясы 2 млрд теңге инвестиция салған екен.
– Кәсіпорын отбасылық бюджетті қолдап, пайдалы тағам ұсынуды мақсат етті. Біз негізгі азық-түлік өнімдерінің бағаларына талдау жасадық. Гипермаркеттегі негізгі тұтынушылық себет бағасының төмендігі орта есеппен 28,7%-ды құрайды. Бұған өнім өндірушілермен және жеткізушілермен тікелей жұмыс істеудің нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Гипермаркетке шамамен отандық 50 компания өз өнімдерін жеткізеді, – деді аталған жобаның бас мердігері және операторы «ПИК «Ютария ltd» ЖШС-нің директоры Сәуле Шәуенова.
Заманауи гипермаркетте барлық үдерісті басқару үшін автоматтандырылған есептеу желісі, әлемдік өнім өндірушілер тауарларының өзіндік құнын есептейтін бағдарлама, ұрлыққа қарсы жүйе орнатылған. Бір күнде 3 мыңнан астам тұтынушыға қызмет көрсете алатын сауда нысанында 180-ге жуық адам жұмыс істейді.
Өндірісті өңір тұрғындарына майдай жағатын тағы бір жаңалық – «Қазэнергияорталық» ЖШС былтыр 1 желтоқсаннан бастап Жезқазған және Сәтбаев қалаларында энергиямен қамту тарифін төмендетті. Бұл туралы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов мәлімдеді.
Қала басшылығының ұйғарымынша, тарифтердің төмендеуі шағын және орта бизнес үшін де тиімді. Ал кәсіпкерлікті дамыту, сәйкесінше аймаққа жұмылдыратын инвестицияны ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, жыл басынан бері мұнда сауда және қызмет көрсету саласында жаңа 28 бизнес нысаны пайда болғанын айта кеткен ләзім. Мұның өзі жаңадан 106 жұмыс орнын ашуға септігін тигізді. Ал салынған инвестициялардың жалпы сомасы 748 млн теңгеге жеткен.
Жезқазған қаласында мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалардың ерекше назарға алынғаны да қуантады. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биыл жалпы сомасы 500 млн теңгеден асатын 16 жоба жүзеге асырылыпты. Бұдан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 243 адам жаңа мамандықтарды меңгерген. Жұмыссыз жүрген 3084 адам еңбекке араласып, әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар іс-тәжірибесіне 236 адам жіберілген. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 580 адам тартылып, жалпы сомасы 85 млн теңге болатын 16 шағын несие берілді. Осы шаралар арқылы өңірдегі жұмыссыздар санын 20%-ға төмендетуге қол жеткізілген.
Міне, былтыр Жезқазған өңіріне игі ықпалын тигізген жобалар осылайша оң нәтижесін бере бастады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы
Дереккөз: http://egemen.kz/