«Заңсыз киік атқандарды» анықтауда бір инспектор қаза тапты
Қарағанды облысының Нұра ауданында белгісіз адамдар «Охотзоопром» республикалық мекемесінің инспекторларына шабуылдады. Бұл туралы 14 қаңтарда ауылшаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.
Сәкен Ділдахметтің хабарлауынша, оқиға 13 қаңтар күні сағат 18 шамасында болған. «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары Нұра ауданы аумағында жүргізген рейд кезінде заңсыз ауланған бес киікті тапқан. Бұдан соң инспекторлар із кесіп жүріп, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ екі Toyota Land Cruiser көлігін байқап, олардың бірін тоқтатқан. Инспекторлар көлікті тексеріп жатқанда ондағы әлдебір адамдар қарсылық көрсетіп, екеуін жаралаған. Басынан жараланған бір инспектор комаға түсіп, қайтыс болған.
Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлімі («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру») бойынша іс қозғалып, шабуыл жасағандарды анықтау және ұстау шаралары басталған.
Қаңтар басталғалы бері Қарағанды облысында осымен екінші рет заңсыз киік ауланғаны хабарланып отыр. Осы айдың басында Ұлытау ауданында полицей заңсыз киік аулады деген күдікпен ұсталған.
Дереккөз: Азаттық