Ата-ана балаға айтпауы тиіс…

0

Ата-ана балаға айтпауы тиіс...

Әрбір ата-ана баласына тек жақсылық қана тілейді. Дегенмен, кейде кей адамдардың «ата-ана» рөліне қаттіыеніп кететіні соншалықты баланың таңдау құқығы, ойы бар екені естен шығып кетеді. Нәтижесінде суық қарым-қатынас пен баланың ата-анаға деген реніш сезімі пайда болады. Арамызда не анасымен, не әкесімен еркін сөйлесе алмайтын, оларға өз ойын жеткізуге қымсынатындар бар. Оның себебін тек қана ата-анадан да көруге болмайды. Дегенмен, кейде аузымыздан шыққан сөз баланың санасында мәңгі сақталып, кейін арада қалыптасатын үлкен қабырғаның кішкентай кірпіші болуы да ғажап емес. Сол себептен, жас ата-анаға балаға айту болмайтын ең негізгі тіркестер тізімін ұсынамыз:

«Басымды қатырма…»
Баланы қате таңдау жасаудан сақтап қалуға бола ма? «Болады» – деп ойлайды ата-ана. Егер ата-ана айтқанымен жүрсе, өмірі жақсы болатыны анық деген ой да бар. «Қайдағы қарындаш, сурет. Басты қатырма, заңгер боласың!», «Басты қатырмай, кешегі сатып алған көйлекті ки. Шалбармен барамын дегені несі?!». Әрине, ата-ана балама болсын деп, оны көп нәрседен тыйып, оның өз орның тапқанын қалайды. Дегенмен, бұл бала санасын улайды. Бала мәңгі бала болып қалмайды. Ол да есейеді, ата-ана болады. Жалғыз қалғанда қай бағытта барарын білмейтін, өз ойын еркін жеткізе алмайтын азамат болады. Ал, сіз соны қалайсыз ба?

 «Ешкімге сенбе»
Сенім – қарым-қатынастың басты құралы. Егер сіздің сеніміңізге біреу дақ түсірсе, бұл баланың сеніміне шектеу қою дегенді білдірмейді. Бала «ешкімге сенбеу керек» деген тұжырымға өзі келмейінше, оны бұл сезімнен айыра алмайсыз. Ол күшті сезімдерден қорықпауы тиіс, аяқтың шалынатындығынан, бір күні сүрінуге тура келетінін, айналасындағы адамдардың барлығы кіршіксіз таза пейілмен болмайтындығын ұғуы тиіс.  

 «Ең ақылды балам»
Бұл тіркеске балама жеткілікті: «біздің ханшайым», «ең үздігім», «саған ешкім жетпейді». Ата-ананың ойы белгілі — баланы еркелете отырып, махаббатын білдіру, өзіне қоятын төмен бағадан сақтау. Бірақ, бұл еркелігі шектен шықпауын қадағалағаныңыз жөн. Өйткені, өмір «ханшайымдардың» еркелігін, «ханзадалардың» тентектігін көтере бермеуі мүмкін. Олардың өздері құрастырып алған әлемнен бөлек әлемде жылулықтың жоқ екендігін білген кезде, өздеріне деге баға тіптен төмендеуі ғажап емес. 

«Әрі тұр, өзім жасаймын!»
Әрине, бала бір нәрсені сындырады, бұзып тастайды немесе жоғалтып алады. Дегенмен, бұл баланың міндетін өзіңізге жүктеп алу дегенді білдірмейді. Иә, бәрін өзіңіз жасай салғаныңыз бәрі үшін жеңіл әрі тиімді шешім. Соған қарамастан, әркез кез келген тығырықтан өзіңіз сүйреп алып шығу арқылы, өмір сүруге қабілетсіз «бөлмеге арналған өнімді» тәрбиелейсіз.

 «Сенің кесірің…»
Ерте өмірге келген балалар жиі осы сөзді естиді. Не әкесінің, не анасының арманы уақытында шындыққа айналмауы осы баланың дүниеге келуімен байланыстырылады. «Сенің кесіңнен, кезінде шетелге оқуға бара алмадым», «Сені бағамын деп үйде отырып қалдым». Бұндай кінә бала бойындағы реніш, өкпе, сенімсіздік, жек көрініш секілді сезімдерді  оятады. 

Баланың басына түскен іс үшін ата-ана жауапты болғанымен, ата-ана мәселесі үшін бала жауап бермеуі тиіс.  Бақытты, арманы мол, еңбекқор адамды тәрбиелеуге бола ма? Әрине, бірақ ең алдымен өзіңізден бастаңыз. Сіз де армандаңыз, еңбек етіңіз, бақытты болыңыз. Алма ешқашан ағаштан алыс түспейді…


Дереккөз: https://massaget.kz/