Қазақ даласы – тарихта қалған ұлылардың алтын бесігі |

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы — түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары хақ. Мақалада айтылған ұлт тарихының алтын тамырына терең бойлаған зиялы қауым өкілдері мен қабырғалы қаламгерлердің білдірген ой-пікірлері әлі де толастар емес. Біз бүгін солардың біразын оқырман назарына ұсынып отырмыз.


Қабдеш Жұмаділов,
Қазақстанның Халық жазушысы

Тарихты зерттеу ғылымына, тарихи көркем әдебиетке жол ашылды

Мен Президенттің «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласын ауру­ханада жатып, бірер күн кеш оқыдым. Бірақ, ауру төсегінде жат­сам да, өзіме қатты ұнаған мақа­лаға үн қоспай қала алмадым.

Президент мақаласының оқыр­манды бірден баурап алу се­бебі неде? Меніңше, көптің көңі­лінде жүрген жайларды дөп басып айта білуінде. Және оның басқа емес, Президент ауызынан шық­қа­нында. Осындағы кейбір фак­тілер әр кезде шет-пұш­пақтап ай­тылып та жүрді. «Кейде би айт­қанды құл да айтады, бірақ аузы­ның дуасы жоқ» деген сөз бар. Президент бұл жолы ұлтымыз мақта­ныш етер мәселелерді бір­тұтас концепцияға айнал­ды­рып, биік бағдарлама дәреже­сіне көтер­ген.
Жылқы туралы алғашқы бөлім – мақаланың қолқа жүрегіндей. Жылқы дегеніміз – қазақ. Қазақ дегеніміз – жылқы. Көшпенділер ұзақ ғасырлар бойы Еуразияда үс­темді орында болуы – желден жүйрік сәйгүліктердің арқасы. Мақалада салт атты сарбаз тұлғасы мен атты әскердің құдіреті өте орынды айтыл­ған. Фольклорда, эпостық шығарма­ларда тұлпардың тұлғасы батырдан кем сомдал­маған. Мысалы, Қобы­лан­дының Тай­бурылы, Қамбар ба­тырдың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубас аты дегендей…
Отaршылдар көшпенділердің жаны жылқыда екенін жақсы білді. «Қазақты жылқыдан ажы­ра­тып жаяу қалдырмайынша, біздің ыр­қы­мызға көнбейді» – депті Голо­щекин. 1929-1930 жылдары кәм­пес­­кеден түскен өзге малды түгел сойып, Ресей қала­ларына жөнелт­кенде, орыстар етін жемейтін жыл­қыны қайтеміз деген мәселе туған екен. «Онда жылқыны сай-сайға иі­ріп қойып атыңдар» – депті Голо­щекин. Бұйрық табанда орын­далған. Қарулы солдаттар жылқыны сайға қамап тұрып пу­ле­меттің оғына ұста­ған. Міне, Қазақ­стандағы миллион­даған жыл­қы осылай қарап болды. Бұл тақырып менің «Сәйгүліктер» атты повесімде жан-жақты сурет­телген.
Атты баптау, ер-тұрманын сай­лап атқа міну – өз алдына бір мә­дениет. Бірақ, қарап отырсаңыз, біздің түркілер, оның ішінде біздің қазақтар да бар, атқа міну үрдісі­нен қарайып қалған секілді. Тари­хи киноларға қарасаң, сарбаз арба айдаған кісідей тізгінді екі қолы­мен бірдей ұстайды. Тақымы ер­тоқымға жабыспай қопаңдайды. Ал біздің бабаларымыз тізгінді сол қолында ғана ұстаған, оң қолын қамшыға, тағы басқа қаруға қал­дырған.
Ендігі бір әңгіме – киіз үй ту­ра­лы. Сәнді қалалар, әсем сарай­лар салған жұрттарға талас жоқ. Ал, бір сағатта тігіп, бір сағатта жы­ғып ала қоятын киіз үйді көш­пенділер ғана ойлап тапқан. Күші басым жау таяп қалған кезде, үйлерін жығып, бір ет­асым уақыт ішінде жұртын сипатып кеткен…
Осыдан экология мәселесіне келуге болады. Біздің бабаларымыз жерді аялаған, өріс-қонысын тоз­дырмаған. Бір жерде бір айдан ар­тық отырмайтыны содан. Бала­ларға көк шөпті жұлдырмаған, көк талды қидырмаған, өзен-бұлақ бойларында кір жудырмаған…
Ал қазақ көшінің сан түрі бар. Хандық дәуірдегі қазақтың көші айшылық алыс жол басқан. Қыста Сырдария бойында, қалың қопалы Арыс, Шудың бойын қыстап, жаз­да Арқа жерін жайлаған. Мамыр, маусым, шілде, тамызда Ертіс, Есіл, Тобыл бойларын жайлап, қыр­кү­йекте көштің бетін қайтадан түстікке бұрған. Мұндай ұзақ аламан көштің үрдісі Жоңғар шап­қыншылығынан кейін ғана үзіл­ген. Көш – қазақтың салта­на­ты, қазақтың көрмесі. Көш бары­сын­да ер-азаматтар, қыз-келін­шек, жас әйелдер сәнді ер­тоқым­дарын ерттеп, сәйгүлік аттарына мі­неді. Кілем-кілшесін жүк үстіне жауып, жол-жөнекей «Бұл кімнің көші?» дегізіп, көш бойын сауық-сайран­мен өткізеді. Асықпайды. Асы­ға­тын не бар? Батыры мен биі көш­пен бірге келе жатыр, хан орда­сы да сол көштің жуан ортасында. Демек, сонау Сыр бойынан Арқаға дейінгі айшылық алыс көште тойын тойлап, аңын аулап, төрт түлік ма­лын шұбыртып асықпай көшетін болған.
Көшпенділер көшуді бір азап деп, бейнет деп қарамаған. Аспан­дағы құстар қалай қалықтап ұшса, қанатым талды демесе, көшпен­ділер де көш үстінде өздерін солай се­зін­ген. Көшпенділердің өмірін сезін­бейтін адамдар ғана кейде мұны қате ұғынады. Өткенде бір жазушының тарихқа арналған кітабын оқып отыр­сам, көшті бір бейнет, бір ауыр­шылық, адам ба­сына түскен бір қа­сірет қылып су­реттейді. «Қашан же­­тер екен­біз?» деп, есі шыға шар­­шап-шал­дығып келе жатқан бір адамдар… Бұл – көшпенділер та­биғатын білмейтін адамдардың долбары.
Тағы бір ойға оралған нәрсе – Президент мақаласында қазақтың бір кездегі өндірісін, алтын мен кү­місті, мыс пен жезді қалай алға­нын атап өткен екен. Осы тұста қа­зақ­тың тағы бір өнері еске түсе­ді. Еуразия даласында, мәселен, ар­ба­ны ойлап тапқан – қаңлылар. Жал­пы, қаңлы деген сөз – арбалы деген сөз. Көз алдыңызға елесте­тіңіз: қы­рық-елу арбадан құралған қаң­лы­ның көші келе жатыр. Сол кездегі арбалардың қаңғыр-күңгір еткен да­уысы түстік жерден естіле­тін болған. Бара-бара, «арбалы» де­ген сөз­ден «қаңлы» де­ген сөз шық­қан. Бұл өте ертеде, біз­дің жыл санауымыздан неше ға­сыр бұрын қаңлылардың арба­мен көшіп жүргенін білдіреді. Ал, ол за­манда төрт дөңге­лекті көлікті ой­лап табу – қазір само­­летті немесе ра­кетаны ойлап тап­қанмен бірдей. Қытай дерек­те­рінде осы дерек сақталын­ған.
Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақала­сында алдағы істелетін міндеттерді де қағыс қалдырмаған. Ұлы есім­дерді ардақтау бөлімінде де ойлас­тыратын жайлар баршылық. «Та­рихты үйрену мен патриоттық тәр­­­­бие мектеп қабырғасынан бас­талу керек» – депті мақаланың бір же­рінде. Осыдан кейін өткен жыл­дары тарихты керексіз деп таны­ғандар, тарих пәніне қысым көр­сеткендер, тарих сабағының са­­ғат­­­­тарын азайтқандар қайтадан ойланатын шығар деген үміттеміз!


Ахметжан Ашири,
жазушы

Елбасы идеясы тарихи сананы жаңғыртты

Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқан егеменді ел.

Күн сайын қарыштап дамып жат­қан мемлекетімізде ата-бабала­ры­мыздың сан ғасырлық мұрасының қайта жаңғыруы, кеңейтілген, терең зерттеулермен және тың идеялармен Елбасының «Ұлы даланың жеті қы­ры» атты мақаласында көрініс табуы шын мәнінде қуантып отыр. Екі бө­лімнен тұратын мақала «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыруда» атап көрсетілген мақсат-мін­дет­тердің жалғасы әрі толықтырылып қарас­тырылған нұсқасы іспеттес.
Қазақ елі тамыры тереңде жат­қан тарихи өлке. Бұл кең даладан ар­хеологиялық зерттеулер негізінде талай құнды жәдігерлердің та­был­ғанын білеміз. Сол құнды қазы­налар­дың басын құрап, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу туралы Елбасының идеясы тарихи сананы жаңғырту мен өткенді саралау, дәріптеу бағы­тын­да жасалатын үлкен іс және тарих­ты заманауи түрде жеткізудің көркемдік құралы болмақ. Халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін жинақтап «Дала фольклоры антоло­гия­сын» жасау қазақ тілінің шұ­рай­лылығын әрі бай мұрасын көрсететін жұмыс болатынына сенімдімін.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бізге тың, қайталанбас идеяларды ұсынып отыр. Ендігі жерде барша қазақстандықтар болып, осы ма­қалада көрсетілген тұжырымдамалар бойынша жұмыла еңбек етуіміз қажет.


Рафаэль Ниязбеков,
ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Тарихымызға қайта үңілу – ұлылық

Біздің дамуымыздың ең басты белестерінің бірі болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жариялануы және бұл бастаманың жалпыхалықтық сипатта қолдау табуы, жарқын болашаққа қадам басқан қазақстандықтар үшін айтулы оқиғалардың бірі болмақ.

Себебі, төл тарихымызға қай­та үңілу, оны байыппен зерттеп-зерделеу, ұлттық болмысымызды қайта жаңғырту, ежелгі мәдение­тімізді қайта қарау, барымызды ба­­ғамдап, жоғымызды түгендеу – мемлекетіміздің жан-жақты дамы­ған әлемнің озық елдерімен тең дәрежеде қатар тұруына мүмкіндік береді.
Қазақ даласы – тарихта қал­ған ұлылардың алтын бесігі бол­ған қасиетті мекен. Ұлы дала та­лай ұлы­ларды дүниеге әкелгенін, біз жақсы білеміз. Елбасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту эн­цик­лопедиялық саябағын ашу идея­сы ғибратты ғұмырымен есте қалған тұлға­лары­мызға көрсе­тілген зор құрмет деп білемін. «Ұлы дала тұлға­лары» атты ғылыми-көп­шілік серия­лар­ды шығару ұлы­лардан қалған ұла­ғатты насихаттау мен өс­келең ұрпақтың санасына сіңіру жолын­да жасалған үл­кен еңбек болатыны анық.
Біздің болашағымыз жастар десек, бұл мақалада көр­сетілген тың идеялар мен бастамалар жастардың өсуі мен шығармашы­лық дамуы жолында маңызды рөл атқаратын фактор болмақ. Осы мазмұны бай тұжырым­дамада көр­­се­­тілген тілектерге сай жаста­ры­мыз белсенді еңбек етіп, қыз­­мет жасаса талай шыңдарға жетіп, талай асуларды ба­ғындыратынына кәміл сенімдімін.


Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын

«ЖЕТІ ҚЫР» феномені хақында…

«EGEMEN QAZAQSTAN» газетінде Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы шықты. Оны мақала деп емес, Президенттің бұрын жария еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының парасаттылық негізіндегі басты ұстыны, матрицасы десек те болады. «Ұлт тарихындағы Кеңістік пен Уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімнен тұратын ол мақаланың алғашқы бөлімі «Ұлы даланың жеті қыры» туралы баяндаса, екінші бөлімі сол «жеті қыр» феноменінің елдің бүгіні мен болашағына қалайша қызмет етуі жайындағы басты алты тұжырымнан тұрады.

Иә, аталмыш мақаланы оқып шыққан соң, қатты толғанғаны­мыз­ды жасырмаймыз. Өйткені, ел тәуел­сіздігін алған кезеңнен бастап, Ұлы даламыз бен Көш­пелі Өмір Сүру Салты (КӨСС) және Отырықшы тірлік ету салты (ОТЕС) ғаламат­та­рының сырына үңілумен, өзімізше зерттеп-зерделеумен келе­міз. Елбасы­ның бұл мақала­сының біздегі ой-толғамдарға да, жалпы, сан саладағы ғалымдарымыз бен зиялы қауымның аса көрнекті тұлға­ла­рының Елтану ғылымы жолында атқарып жатқан шаруаларына да, елдің рухани тірлі­гіне де өте қуатты серпін берерлік маңы­зы мен мәнісі айрықша. Кеңіс­тік пен Уақыттағы Ұлт Тари­хын, рухани жаңғыру арқы­лы, барын­ша кемелтану жолын­дағы жа­сам­паздық жұмыстары­ның да осы мақаладан кейін бұрын-соңды бол­ма­ған пәрмен мен қарқын аларына сене­міз.
Бағзы бабала­ры­мыздың «Өзін таныған – Тәңірісін таниды» нақы­лынан білетініміздей, Өзтанымның жеке бас үшін де, Ел үш­ін де, Адамзат үшін де маңызы ора­сан. «Сөзім – Өзім» (С.Торай­ғыров) демекші, Өз­таным ғылымы Сөз­та­ным­­нан баста­лады. Сөзтаным – Жазмыштану (Тарихтану). Себебі, кеше ғана оты­рық­шылыққа еріксіз мойынсұн­ған халқымыздың атамза­ман­нан бергі генеалогиясы мен тағ­дыр-тарихы – Ата Тілінде сақ­тал­ған. Ата Тіл, біз үшін – ұлттық дү­ние­таным, салт-дәстүр, тарих, өнер, кәсіп, ғылым, білім, дін. Ол – бүкіл өміріміз. «…Қа­зақ Тілін білсе еді: ғылым-білім де осында, дін де осын­да, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен ата-бабала­ры­мыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті», «Асылы, Қазақ Тілі – жұмбақ, не айтса, бәрінің шешуі бар, ше­шуін білуге тырысу керек» дейді әулие Мәшһүр Жүсіп.
Сөзтанымда «Атқа міну мәден­ие­ті­нің» де өз пәлсапасы бар. Ол ғы­лым «Адам – сөйлескенше, жыл­қы – кісі­нескенше», «Жылқыға бас біл­діру», «Қа­зақ – жылқымінезді» секілді ру­хани сансыз формула­лар­дан бас­талған. Сөзтаным мен Сөз куль­тінің – Прези­денті­міз баян еткен «Мәңгілік Ел» идея­сының басты теориясы әрі Ұлы даланың басты қыры екені сөзсіз.

Қазақ әдебиеті