Балқаш көлі маңына бұқар бұғысы оралды
Дүниежүзінің «Қызыл кітабына» енген бұқар бұғысы — табиғат ерекше жаратқан тіршілік иесі. Әлемде санаулы ғана аймақтарда кездесетін жабайы жануар шөлейтті өңірде тірлік етуге бейімделген кәдімгі бұғытұқымдастар тобына жатады. Қазақстанда бұғының бұл түрі ерекше тізімге алынып, мемлекет тарапынан қорғалады. Қазір негізінен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өӊірлік табиғи паркі аумағында өсіп, көбейіп келеді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары аңшы мылтығының қарауылына жиі ілінгендіктен әрі табиғаттағы ашық кен-қазба жұмысының бей-берекет жүргізілуі мен егістік алқаптарды есепсіз жыртудың зардабы тиіп, Балқаштың құмды-шөлейтті өңіріндегі бұқар бұғысы жойылып кеткен екен. Эколог ғалымдар өндіріс пен ауыл шаруашылығының өркендеуі Балқаш көлі маңынын флорасы мен фаунасына айтарлықтай зиян тигізгенін сол 1960-70 жылдары-ақ дабыл қаққан болатын. Көл маңындағы қопалы қамыстың жаппай шабылып, өртеліп азаюынан өлкедегі тұяқты дала жануарларынан бөлек, жыртқыш аңдар да жойылып кеткені анық. Зерттеулер бертінге дейін Балқаш жағалауында жолбарыс жортқанын дәлелдеп те берген.
Бүгінде адам қолынан зиян шеккен табиғатты қалпына келтіруге қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Бұл іске Біріккен Ұлттар Ұйымының «Дүниежүзілік жабайы табиғат» қоры кірісіп, «Қызыл кітапқа» кірген жануарлардың тұқымын көбейтуді қолға алған. Іле-Балқаш резерватына бұқар бұғысын көшіру жұмысы да осы қордың қолдауымен іске асты.
Қазір Балқаш көлі маңына арнайы салынған бейімдегіш вольерге жіберілген 2 аталық және 3 аналық бұғы қорықшылардың бақылауында. «Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ассоциация» өкілдерінің пайымдауынша, бір кездері Балқаш жағалауын мекендеген бұқар бұғысы түпкі мекендерін жатсынбай, тез бейімделіп кетуі тиіс. Ал «Дүниежүзілік жабайы табиғат» қоры келешекте Балқаш көліне дала жолбарысының оралуына қам жасап жатыр екен. Ол үшін осы маңнан жойылып кеткен тұяқты жануарлардыӊ барлық түрі мен санын көбейтіп, қалыпына келтіру керек. Бұған дейін резерватқа жіберілген жабайы қабан тұқымы жыл санап көбейіп келеді. Енді аз жылда бұқар бұғысы да отарға айналары сөзсіз. Ал алдағы 30-40 жыл көлемінде Балқаш жағалауына жолбарыс қайта оралса, ғажап болар еді…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/