Желтоқсанның сегізі |
Дадзай Осаму
(1909-1948)
Бүгінгі күнделік ерекше, жақсылап жазайын. 1941 жылғы желтоқсанның сегізі күні жапонның кедей отбасындағы әйел бір күнді қалай өткізді екен, соны жазайын. Енді жүз жылдан кейін Жапония осы эраның 2700 жылын (Дзимму император таққа отырған б.э.д. 660 жылдан басталатын көне жыл санау. – Ш.Ж.) тойлап жатқанда менің күнделік дәптерім бір сарайдың бұрышынан табылып, жұрт жүз жыл бұрынғы осы бір маңызды күні жапон әйелі қалай тіршілік еткенін білсе, бұл жазбам аз да болса тарихи мәліметке жарап қалар. Сондықтан сөйлемдерім сүреңсіз болса да өтірікті қоспауға тырысамын. Қалай болғанда да бұл эраның 2700 жылын ескере отырып жазу керек, қиын-ақ. Бірақ тым қатқыл болмауға тырысамын. Күйеуімнің сынына қарағанда менің хатым болсын, күнделігім болсын, сөйлемдерім ауыр әрі сезімсіз көрінеді. Көңіл күй әуеніне берілу атымен жоқ, жазуым сиықсыз. Иә, мен бала кезімнен әдепке бағынған жанмын, әлі күнге мейлінше еркелей алмай, кемдік көріп келемін. Бәлкім көп нәрсені қалайтын шығармын. Ал, жақсылап саралап көрейік.
Осы эраның 2700 жылы дегенде мына оқиға еске түседі. Күйеуімнің досы Има араға біраз уақыт салып келе қалды. Күйеуім мен қонақтың әңгімесін көрші бөлмеден тыңдап отырып күлдім.
— Расында, осы эраның 2700 жылын қарсы алу мерекесінде, нисэннанахяку (2700 санының бір оқылуы. – Ш.Ж.) жылы дейміз бе, әлде нисэншичихяку (2700-дің екінші оқылуы. – Ш.Ж.) жылы дейік пе, кәдімгідей бас қатыратын мәселе. Мен қатты уайымдаймын. Сен ше? — деді Има сан.
— Иә, — деді күйеуім ойлана қалып. — Мен де уайымдаймын.
— Жарайды, нанахяку жылы келді делік. Меніңше, шичихяку жылы деген дұрыс сияқты. Нанахяку қиынырақ. Біртүрлі емес пе? Телефон нөмірі емес, цифрдың дұрыс оқылғаны жөн ғой. Шичихяку атауын дұрыс көремін.
Има сан, кәдімгідей күйзелген адамның мәнерімен сөйледі.
— Бірақ, — деді күйеуім білгішсініп. — Енді жүз жылдан кейін шичихяку да емес, нанахяку да емес, бұл сан мүлдем басқаша оқылатын шығар. Мысалы, нунухяку деген сияқты…
Еріксіз күліп жібердім. Расында ақымақ сияқты. Күйеуім бұл жылды қалай атасақ дұрыс болады деп, қонағы екеуі қызу талқылап отыр. Күйеуім әңгіме жазып тіршілік етеді. Жалқау, сондықтан кірісіне көңіл толмайды, күнделікті табыспен күн көрудеміз. Күйеуімнің әңгімесін оқымайтындықтан не жазатынын да білмеймін. Жазуға шебер де емес сияқты.
Ой, тақырыптан ауып барамын. Бұндай сандырақпен осы эраның 2700 жылына баратын дүниені қағазға өрілтіп түсіре алмаспын. Қайтадан бастайын.
Желтоқсанның сегізі. Көрпе ішінде Соноконы (биыл маусымда туған қызым) емізіп отырғанымда, радио саңқылдап қоя берді:
«Император ордасы, құрлық және теңіз күштері бөлімінің мәлімдемесі. Империяның құрлық және теңіз күштері сегізі күні таңға жуық Батыс Тынық мұхитта Америка мен Англияға соғыс жариялады».
Хабар жабулы амадо саңылауынан қап-қараңғы бөлмеге түскен сәуледей жарқын естілді. Екі рет, анық қайталанды. Бұл хабарды естігенде мен өзгеріп кеттім. Өткір сәуле өтіп, денем мөлдір боп кеткендей. Немесе әулие рухтың демі тиген, салқын гүл күлтесінің бір талы кеудеме қонғандай күй. Жапония да, таң ата басқа Жапонияға айналып кеткен-ді.
Хабарды көрші бөлмедегі күйеуіме жеткізейін деп, «сіз» дей бергенімде «Білемін ғой, білемін» деді ол бірден. Сөзі қатқыл, сіркесі су көтермей тұр. Әдетте таңғы ұйқысын қимайтын оның бүгін ерте тұрып алғанына таңым бар. Өнер адамы ғой, алдын ала сезген болар. Бұдан соң ол үйлеспейтін нәрсені сөз етті.
— Батыс Тынық мұхит дегені қай жақ? Сан-Франциско ма?
Мен түңілдім. Күйеуім неге екені географиядан түк білмейді. Кейде бұл Батыс пен Шығысты ажырата алмайды-ау деп қаламын. Ол кешеге дейін Оңтүстік Полюс ыстық, ал Солтүстік Полюс суық деп ойлапты, соны сұраған кезде мен күйеуімнің болмысына күмәндана бастадым. Былтыр Садоға қыдырып барған едік. Сонда айтты, Садоның аралын кемеден көргенде Манчжурия деп ойлапты. Ол университет пе, бірдеңеге оқуға түскен. Бірақ тастап кеткен.
— Батыс Тынық мұхит деген Жапония жақтағы Тынық мұхит қой, — десем,
— Солай ма? — дейді жақтырмай. Содан соң сәл ойланған сыңай танытып:
— Алғаш естуім. Америка Шығыста, ал Жапония Батыста деуге болмайды ғой. Жапония Күншығыс елі деп аталады және Шығыс Азияда делінеді. Күн Жапониядан ғана шығады деп ойлаушы едім, олай емес екен. Жапонияның Шығыс Азияда болмауы көңілге қонбайтын әңгіме. Жапония Шығыста, Америка Батыста емес пе еді?
Сөзінің бәрі біртүрлі. Күйеуім шектен асқан отансүйгіш. Өткенде «шет елдіктер қанша мақтанса да мына ащы кацуо балығын аузына ала алмас, мен болсам кез-келген еуропалық тағамды жей беремін» деп, кеуде соққаны бар.
Күйеуімнің былшыл сөзін тыңдамай, жылдам тұрып, амадоны аштым. Ауа-райы жайлы. Бірақ өте суық. Өткен түнде шатыр астына ілінген жаялық қатып, баққа қырау түсіпті. Садзанка гүлдеп тұр. Тыныштық. Тынық мұхитта қазір соғыс басталды ма деп ойлап қоямын. Жапондық рух бойымды кернеп кетті.
Құдыққа таяп, бетімді жудым. Содан соң Соноконың жаялығын жуа бастап едім, көрші әйел келді. Таңғы амандықты сұрасқан соң мен:
— Бұдан былай қиын, ә? — деп, соғыс туралы айта бастап едім, көршіміз кешеден бері тонаригумидің (көршілер қауымдастығы, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Жапония үкіметінің арнайы бағдарламасымен құрылған, 10-15 үйдің бірігуінен тұратын бірлестік түрі. – Ш.Ж.) басшысы болып сайланған, оны ойламай, «Жоқ, ештеңе болмайды» дегенде біртүрлі боп қалдым.
Көрші әйел соғыс жағдайын ойламады емес, бірақ содан гөрі тонаригуми басшысына жүктелетін міндетті қиынсынып тұр. Иә, бұдан былай тонаригуми басшысына қиын. Жаттығу кезі болса бір жөн, әуеден шабуылдағанда жауапкершілік басшылыққа түседі. Мен Соноконы арқалап, ауылға қашып баратын шығармын. Сонда күйеуім жалғыз қалып, үйді күзетер, қолынан бірдеңе келетініне сенбеймін. Түкке жарамауы мүмкін. Күйеуімнің ұлттық әскери киімі де, басқасы да дайын емес. Басына күн туғанда не болмақ?
Жалқаулығы сонша, мен дайындап қойсам «мынау не?» деп, күңкілдесе де іштей қуанып, киіп алады. Ал өлшемі өте үлкен болып, дайынын сатып әкелсем – жаратпайды. Қиын.
Күйеуім таңертең сағат жеті шамасында тұрып, таңғы асын жылдам ішті де жұмысына кіріскен. Бұл айда ұсақ-түйек шаруасы көп көрінеді.
— Жапонияда шынымен тыныш па? — деп едім.
— Бәрі дұрыс. Міндетті түрде жеңеді, — деп, жақсы сөз айтты. Күйеумнің айтқаны ылғи өтірік, титтей де пайдаға асқан емес, бірақ бүгінгі сөзіне иландым.
Ас үйді жинап жүріп, түрлі ой келді. Көзінің реңкі, шашының түсі басқа болғаны үшін дұшпандық пиғыл туғызу керек пе? Қытай қарсылас болса, сөз басқа. Көркем де ыстық жапон жерінде сезімсіз Америка солдаттары хайуан сияқты жосылып жүргеніне төзбейміз. Қасиетті жерімізге бір қадам бассаңдар, аяқтарың шіриді. Өйткені, сендердің құқыларың жоқ. Жапонның сайыпқыран солдаттары, қанеки, күл-талқанын шығарыңдар олардың! Бұдан кейін отбасымыз тапшылыққа ұшырап, қиналады-ау деп қам жемеңдер. Біз міз бақпаймыз. Еш наразылық білдірмейміз. Бұндай қиын кезеңде туғанымызға еш өкінбейміз. Керісінше туған заманның қадірін білеміз. Осындай кезеңде дүниеге келгеніміз қандай жақсы! Иә, біреумен соғыс туралы әңгімелескім кеп барады. Ақыры басталды ғой.
Радио таң ата әскери әндерді беріп жатыр. Түрлі әскери әндерді бере-бере, түгесілді ме екен, «мыңғырған жау болса да» деп келетін ескі әуенге көшкенде күліп жібердім. Радиостанцияның аңғалдығына мәз болдым. Үйдегі күйеуім радионы жақтырмайды, бірде бір рет құлағын бұраған емес. Мен де бүгінге дейін радиоға соншалықты құмартқан емеспін. Бірақ осындайда радио керек екен. Жаңалықты көбірек білгің келеді. Күйеуіммен ақылдасып көрейінші. Сатып әперсе ғой.
Түске таман маңызды жаңалықтар көбейген соң шыдай алмай, Соноконы көтеріп сыртқа шығып, іргедегі үйеңкі ағашының түбіне тұрып, радиоға құлақ түрдім. Малаккаға кенеттен шабуыл жасалыпты, Гонконгке шабуыл, соғыстың басталғаны туралы император мәлімдемесі, Соноконы құшақтаған күйі көз жасыма ерік бердім. Үйге кіріп, жұмысқа кірісіп кеткен күйеуіме қазір естіген жаңалықтың бәрін жеткіздім. Күйеуім тыңдады да, «Солай ма?» деп мырс етті. Орнынан тұрып, қайта отырды. Көңілі орнына түспеген сыңайлы.
Түс ауа бере күйеуім бір жұмысын бітірген сыңайлы, қолжазбасын алып, сыртқа асығыс шықты. Журнал редакциясына қолжазбасын апарады, түріне қарағанда тез арада қайта қоймайтын сыңайлы. Ол сыртқа асығыс шыққан күні көбінесе кеш келеді. Қанша кеш келсе де мейлі, далаға қонбаса, жаным тыныш.
Күйеуімді көзбен шығарып салған соң мэдзашиді (кептірілген иваши) қуырып болып, Соноконы арқалап, станцияға зат сатып алуға шықтым. Жолда Камэи санның үйіне кірдім. Күйеуімнің ауылынан көп алма келген, кішкентайы Юно-чянға (бес жасар сүйкімді қыз) бірнешеуін орап апарған едім. Қақпада Юночян тұр екен. Мені көрген сәтте үйіне жүгіріп кіріп, «Соноко-чян келді, апа» деп, анасын шақырды. Арқамдағы Соноко көршімізге мәз боп қараған сыңайлы. Әйел «әйбәт-әйбәт» деп мақтап жатыр. Отағасы үстінде жемпір, вестибюльдің астынан шыға келді, сондағы төсеніш үстінде отырған болуы керек.
— Вестибюльдің астын еңбектеп айналып шығу жаудың алдына түсуден кем түспес. Мынандай кір кейіпте көрінгеніме кешірерсіз, — деді.
Вестибюльдің астында төсеніш төсеп, не істеді екен? Әуеден шабуыл бола қалған жағдайда еңбектеп кіру үшін бе? Қызық.
Бірақ Камэи санның жолдасы менің күйеуім сияқты емес, отбасын шын жақсы көреді, қызғанып қалдым. Бұрын бұдан да қатты жақсы көретін, осы маңға көшіп келгелі бері күйеуім сакэ ішуді үйретіп, сәл бұзды. Әйелі де, әрине менің күйеуімді жақтырмайтын шығар. Ыңғайсыз-ақ.
Камэи санның қақпасы алдында хитатаки (от сөндіргіш құрал. – Ш.Ж), тырма дегендер қойылған. Ал менің үйімде ештеңе жоқ. Күйеуім енжар болған соң амал бар ма?
— Дайындығыңыз әжептәуір екен, — деп едім, күйеуі:
— Иә, тонаригуми басшысымын ғой, — деді, көңілденіп.
— Негізі тонаригуми басшысының орынбасары, басшы жасы келген адам болған соң орнына жұмыс атқарып жүр, — деп, әйелі сыпайы үнмен түзетіп қойды. Камэи санның жолдасы шынымен еңбекқор, менің күйеуіммен арасы жер мен көктей.
Кәмпит алып, вестибюльден түстім.
Содан соң поштаға барып, «Шинчоу»-дың 65 иен гонорарын алып, базар араладым. Бұрынғыша тауар аз. Екі тал кальмар баяғыдай 40 тиын. Кептірілген балық 20 тиын.
Базарда да радио маңызды жаңалықтарды бірінен кейін бірін таратуда. Хитоу, Гуам әуеден атқыланып жатыр. Гаваи бомбалануда. АҚШ флоты түгел талқандалған. Империя үкіметінің декларациясы. Толқып кеттім. Бәріне ризашылық білдіргім келді. Базардағы радио алдында ұзақ тұрып қалған едім, екі-үш әйел біз де тыңдайық деп, менің жаныма келді. Екі-үш кісінің қарасы көбейіп, он шақты адамға жетті.
Базардан шығып, күйеуіме темекі алу үшін станциядағы киоскіге бардым. Қала көрінісі еш өзгермепті. Тек көкөніс, жеміс сататын жерде радио жаңалығы жазылған қағаз ілінген. Дүкеннің алдында да адамдар бұрынғыдай сөйлесіп тұр. Бұл тыныштыққа қуану керек. Бүгін аз да болса ақша бар, өзіме дереу аяқ киім сатып алдым. Бұндай заттарға осы айдан бастап 3 иеннен асатын 20 пайыз салық салынады екен, білмеппін. Өткен айда алуым керек еді. Бірақ алдын ала сатып алғанды ұнатпаймын, ұят. 6 иен, 60 дзэниге аяқ киім, 35 дзэниге крем, 31 дзэниге конверт алып қайттым.
Үйге қайтып келген соң Васэданың Сатоу саны, бұл жолы оқуын бітіріп, әскерге баруға бекінген көрінеді, қоштасуға келіпті. Үйде күйеуім болмаған соң өкініп қалдым. «Аман бол!» деп, ізгі ниетімді білдірдім. Сатоу сан қайтқан соң ізінше Император университетінің Цуцуми саны да көрінді. Цуцуми сан да оқуын сәтті бітіріп, медициналық тексеруден өткен көрінеді, үшінші деңгей екен, өкінішті. Сатоу сан да, Цуцуми сан да бұрын шаштарын ұзын етіп өсіруші еді, әдемілеп тықырлатып тастапты, расында студенттерге қиын-ақ, аяп кеттім.
Кешқұрым, көптен көрмеген Кон сан да таяғын селтеңдетіп келді, күйеуім болмаған соң ыңғайсызданып қалдым. Расында Митаканың қойнауына арнайы келгенде күйеуімнің үйде болмағаны-ай. Қонағым шығып бара жатып, өзін біртүрлі сезінген шығар. Ұят болды.
Кешкі асты әзірлеуге кірісе бергенімде, көрші әйел келіп, тазартылған сакэнің желтоқсан айына арналған талоны түскенін айтты. Бірақ тоғыз үйге бір мастық (сұйықтық өлшемі. – Ш.Ж) талоннан алты тал ғана бар екен, не істейміз деп ақылдасуға келіпті. Кезектесіп алсақ қалай болады деп ойладым. Бірақ тоғыз үйдің бәрі алғысы келеді ғой. Ақырында алты масты тоғызға бөлуді ұйғарып, дереу бөтелке жинадық, Исэмотодан сакэ алуға. Мен тамақ әзірлеп жатыр едім, бәрін тастап, жиналдым да Соноконы арқалап, сыртқа шықтым. Көршілер бір-екі бөтелкеден құшақтап қайтты. Маған да жылдамдата бір бөтелкені ұстатты. Содан соң тонаригуми басшының вестибюлінде сакэні тоғызға бөлу басталды. Тоғыз бөтелкеге құйылған бір мас сакэні дәлдеп етіп өлшеп, бөліп құйдық. Алты мас сакэні тоғызға бөлу оңай емес.
Кешкі газет келді. Сирек жағдай, төрт бет қана. «Империя Америка мен Англияға соғыс жариялады» деп, бадырайта жазылыпты. Негізінен бүгін естіген радио жаңалығындағы ақпараттар шығыпты. Дегенмен қайтара оқып шығып, жаңа әсер алдым.
Кешкі асты жалғыз өзім ішкен соң Соноконы арқалап, моншаға бардым. Иә, Соноконы суға шомылдыру менің ең сүйікті ісім. Соноко суды жақсы көреді, суға түскенде момақан. Судың ішінде аяқ-қолын жинап, маған қарап қояды. Сәл қорқатын сияқты.
Қандай адам болса да бала дегенде жанын береді, суға түсіргенде де өбеді ғой. Мен де сәбиімнің аяқ-қолына сүйсініп, есім шықты. Соноконың іші циркульмен сызғандай дөп-дөңгелек, резеңке доп сияқты, аппақ, жұп-жұмсақ, бұның ішінде титтей асқазан бар-ау деп қоямын. Мен үшін қандай кимоно кигізсең де сәбидің жалаңаш денесі сүйкімді. Судан шығарған соң, кимоносын кигізгім келмейді. Баламды жалаңаш күйінде құшақтай бергім келеді.
Моншаға барған уақытта жол жарық еді. Қайтқанда қап-қараңғы. Соғыс уақытындағы алдамшы жарық қана. Көз үйренбеген. Бүрісіп келемін. Бұндай қараңғы жолда бұған дейін жүріп көрмеппін. Аяғымды аңдап басудамын, жол ұзақ көрінді. Анау аралия егістігі мен криптометрия тоғайының арасы тастай қараңғы екен, қорқынышты. Қыздар мектебінің төртінші сыныбында оқып жүріп, боранды күні Нодзава ыстық қайнарынан Гидзимаға дейін шаңғымен барған кезде қорыққаным есіме түсті. Ол кезде арқамда рюкзак болса, қазір Соноко. Соноконың ештеңеден хабары жоқ, ұйқыда.
Арт жақтан «Императорымыз шақырды-ау» деп келетін, әуені үйлеспейтін әнді айтып, алшаң басып біреу келеді. Жөткірінгені жақсы естілді. Күйеуім ғой.
— Соноко шаршады, — деп едім, күйеуім гүж етті:
— Не?! Сендерде сенім жоқ, сондықтан түнде қорқасыңдар. Менде сенім болған соң түннің өзі тапа тал түс сияқты. Ер соңымнан! — деп, алға түсті. Қашанға дейін ішпей тұрар екен, шынымен сұмдық күйеу.
Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева