ҰБТ. Орыс тілі пәніне қалай дайындалған дұрыс?

0

Орыс тілі пәніне арналған дайындық қиындық тудырады деп айтуға келмейді. Өйткені «үлгерімі жақсы оқушылар болмаса, ұпайын бәрібірде алып тастайды» деп дайындалмайтын балалар бар. Кей оқушы оны қазақ тілі пәнімен салыстыра отырып та шешіп жатады. Жарқын болашақтың білімге негізделетіндігін ескере отырып, білімді болуға білек сыбана кірісетін кез келген сияқты.

Олай болса, «орыс тілі пәніне қалай дайындаламыз?», «бұл пәнге көп уақыт жұмсаған дұрыс па?» сынды сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

1. Орыс тілі пәнінен жоғары балл алғыңыз келсе, ең бірінші есте сақтау қабілетіңіз бен байқағыштығыңызды іске қосыңыз. Өйткені ондағы әрбір ережені сақадай сай етіп жаттап алуыңыз керек. Мұнымен қатар, дайындық тестілердің де сұрақтарына мән беріңіз. ҰБТ-да сол сұрақтар келуі мүмкін.

2. Сізде міндетті түрде ереже дәптер болуы тиіс. Мектептегі ұстаздарымыз айтатындай, «сұрақтар аспаннан түспейді». Оның барлығы да біз оқыған оқулықтардан алынады. 5-11 сынып аралығындағы оқулықтарды жинаңыз. Артынша ережелердің барлығын қалдырмай жазып алыңыз.

3. Егер оқулықтағы ережелерді жазуға ерінсеңіз, «ШЫҢ» кітабын пайдаланыңыз. Ол жерде жазылған ережелер мектеп бағдарламасындағы оқулықтарға сай келеді. «ШЫҢ» кітабында жазылған ережелерді жаттаған соң, міндетті түрде кітаптың артындағы тақырыпқа байланысты тестілерді шешіп отырыңыз.

4. Ең ұтымды әдіс – тест тапсырмаларын шешу. Оларды қайта-қайта шешіп отырғаныңыз дұрыс. Бір шетінен көзіңіз жаттығып, жаттап аласыз, екіншіден, жаттаған ережелеріңізді еске түсіріп отырасыз.

5. Тестілерді кітапқа қарамай, жаттаған ережеңіздің көмегімен ғана шешуге тырысыңыз. Өйткені, ҰБТ-да қарауға болатын дайын оқулық болмайды.

6. Жауабы дұрыс шыққан тест сұрақтарын жаттап отырыңыз. ҰБТ-да жаттаған сұрағыңыз келсе, ойланбастан белгілеп, уақытыңызды үнемдейсіз.

7. Орыс тілі ережелерін қазақ тілімен салыстыра отырып жаттаңыз. Сол кезде есіңізде жақсы сақталады. Осы кезде айырмашылығы мен ұқсастығын білу үшін байқағыштығыңызды іске қосуыңызға тура келеді.

8. Білмеген сұрағыңыздың жауабын міндетті түрде мұғаліміңізден сұрап, не себепті қателескеніңізді анықтап отырыңыз.

9. Ең бастысы – тәжірибе екенін ұмытпаңыз. Яғни тест сұрақтарын қайта-қайта шешіп, ережелерді үнемі қайталап жүріңіз.

Қуанышымызға орай, бұл пәннің балы оқуға түсу үшін көмектеспейді. Бірақ, аттестатқа түсетіндіктен, оны оқымай қоймаңыз. Қыркүйектен бастап күніне бір ережеден жаттап отырсаңыз, жыл соңына дейін дайындалып үлгересіз.