«Ордабасының» бас бапкері Кахабер Цхададземен сұқбат

0

«Ордабасы» командасының бас бапкері Кахабер Цхададзе Prosports.kz тілшісіне сұқбат берді. Сұқбат барысында грузиялық маман өткен маусымды қорытындылап, жаңа маусымға арналған жоспарлармен бөлісті. Бұан бөлек қаржылық мәселелер команда құрамындағы өзгерістер жайлы да әңгімеледі. 

— Өткен маусымды қалай бағалайсыз? 

— Біз «Ордабасыға» келгенде командада көптеген қиындықтар бар еді. Бас бапкер кетіп қалған, қаржылық қиындықтар да өте үлкен. Сол үшін ойыншылар психологиялық тұрғыда тұрақсыз болды. Бірақ біз клубтың сенімін ақтауға тырыстық. Бахтияр Байсейітовтың үлкен қолдауына сүйене отырып, маусымды сәтті аяқтай алдық. 4-ші орынды иемденіп, Еуропа лигасына жолдама алдық. Десе де біздің ойын тұрақсыздау болды. Кейде күшті командаларды жеңісек, кейде орынсыз жерде ұпай жоғалттық. Жүлдеге қол жеткізе алмауымызға осы жағдай себеп болды.

— Биылғы жылы команданың алға қойған міндеті қандай? 

— Менің ойымша, чемпионатта жүлдеге қол жеткізу және Еуропа лигасында барынша жақсы нәтижеге жету.
— Бүгін (11 қаңтарда) алғашқы жаттығу жиынын бастадыңыздар. Оған кімдер қатысады?
— Біз клуб басшылығымен әңгімелескенде, өткен жылғы қаржылық мәселелерді шешкенше, Шымкенттегі оқу-жаттығу жиындарына жергілікті футболшыларды, сондай-ақ клубпен келісімшарты бар ойыншыларды шақыратын болып келістік. Алғашқы жиын 20 қаңтарға дейін жалғасады. Ал 23 қаңтарда Түркияға аттанамы. Онда шамамен бір ай жаттығу жиынын өткіземіз.
— Еркебұлан Тунғымбаевтың «Ордабасыдан» кетуі жайлы не айтасыз?
— Ол жергілікті ойыншы әрі біздің команданың көшбасшысы еді. Егер футболшы басқа клубқа ауысуды қаласа, ешқашан ұстап қалуға болмайды. Еркебұлан «Қайратқа» барғысы келді. Енді біз оның орнын баса алатын ойыншы іздейміз.
— Бочаров «Тобылмен» бірге жаттығып жүр. 
— Чемпионат аяқталуға бір ай қалғанда, ол басқа клубқа барғысы келетінін айтқан болатын. Ол мұны өзі айтқан. Еркебұлан мен Никита екеуіне сәттілік пен денсаулық тілеймін және олардың жұмысы үшін алғыс білдіремін. 
— Өзге командаға жалға берілген Таңат Нөсербаев пен Александр Симчевич жайлы не айтасыз?
— Нөсербаевтің клубпен келісімшартты бұзғаны жайлы оқыдым. Ол енді біздің ойыншы емес. Ал Симчевичтің жұмысын алда шешеміз.

— Өткен маусымда жас ойыншылар Бекхан Шайзада мен Самат Шәмші өздерін жақсы қырынан көрсетті. Олар клубтағы мансабын жалғастыра ма?

— Ия. Мен оларға сенемін. Молдақараев пен Тұңғышбаев кеткен соң бізге олардың орнын басатын қазақстандық ойыншылар керек. Ал Шайзада мен Шәмші бірінші команданың басты кандидаты. 
 — Саян Хамитжановтың «Ордабасыға» келгеніне қалай қарайсыз? 

— Мен оны Қазақстандағы ең мықты спорт менеджері деп санаймын. Ол «Астананы» бес мәрте чемпион етті. Мұндай маманды көзді жұмып тұрып жұмысқа алу керек. Ол ойыншыларға командаға қажет екенін жеткізе алады. Дәл, дұрыс трансферлер жасауды біледі. Өткен жылы «Астананың» екі түрлі сапары құрамы болды. Осының арқасында олар жоспарлаған барлық нәрсеге қол жеткізе алды.

Сұқбаттасқан: Құралай Сейдахметова



Source link