Елдік істерге жастарды көптеп тарту қажет

0

«Сенаттың көптеген депутат­тары Парламентте ай­мақ­тардың мүддесіне өкілдік етеді. Депутаттар корпусы мен атқарушы билік органдары, ең алдымен ел аймақтарындағы әлеуметтік мәселелер мен тұрғындардың мұң-мұқтажына баса назар аударуы тиіс. Қоғамның тұрақтылығына қауіп төн­діретін жағдайларға жол бермеу үшін алдын алу шаралары жедел түрде әрі уақытында қабылдануы керек», деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев депутаттарды орталық және жергілікті билік органдарын қоғам өміріндегі әртүрлі жағдайларды нақты әрі дәлме-дәл жеткізу үшін әлеуметтік желілерді сауатты, жауапкершілікпен әрі білікті түрде пайдалануға шақырды. 

Сенат Төрағасының пікірінше, әлем әлеуметтік-экономикалық және саяси дүрбелең кезеңіне тап болды. Қазақстан өзінің күмәнсіз жетістіктерімен қоса, өкінішке қарай олқы тұстарымен де жаһандық қоғамдастықтың бөлінбес бөлшегі болып табылады. Қ.Тоқаев бұл жағдайда Президент Стратегиясының мақсаттары мен міндеттерін жұрт­шы­лыққа жеткізу жөніндегі жұмыстардың үстірт, таптаурын сипаттан арылуына депутаттардың назарын аударды. «Біздің мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы мазмұнды әрі қызықты пікір алмасу болуы тиіс», деді Төраға. 

Қ.Тоқаев Жастар жылына байланысты бірқатар ұсыныс айтты. Оның айтуынша, еліміздегі белсенді әрі білікті жастардың өкілдерін мемлекет мүддесін ілгерілету ісіне тарту мақсатында сенаторлардың белсенді жұмыс істеуі қажет. Парламент жоғарғы палатасының басшысы Сенатта өтетін іс-шараларға, оның ішінде жалпы отырыстар мен комитеттердің отырыстары­на астаналық және аймақтық жо­ғары оқу орындарының студенттерін, кәсіп­орындардың жас жұмысшылары мен компаниялар қызметкерлерінің қаты­суын ұйымдастыруды ұсынды. Қ.Тоқаев қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде «Жас Отан» өкілдерінің қатысуымен мемлекеттің жастар саясаты мәселелері бойынша арнайы шаралар өткізуді жөн санайды. 

Қ.Тоқаевтың сөзінде айтылған өзекті мәселелер бойынша Бюро мүшелері мүдделілік тұрғысында пікір алмасты. 

Бюро отырысында Палатаның 17 қаңтарда болатын кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді. 

Депутаттардың қарауына Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қон және азаматтардың орын ауыстыруы мәселелерін реттейтін үш келісімді ратификациялау туралы заң жобалары енгізілді. Атап айтқанда, Сенат көші-қон саласындағы ынтымақтастық, адамдардың реадмиссиясы, Қазақстан азаматтарының Тәжікстан аумағында және Тәжікстан азаматтарының Қазақ­стан аумағында болу тәртібі туралы үкіметаралық келісімдерді талқылайды. Одан басқа, палата Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарайды.

Бюрода Мәжілістен түскен заң жо­балары бас комитеттерге бөлініп берілді. Қазақстан мен Қырғызстан ара­сындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режімі туралы келісімді және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризмге қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бойынша Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бас комитет болып белгіленді.

Дереккөз: http://egemen.kz/