Отбасы тәрбиесіндегі осалдық
Бұл өркениетті Еуропада орын алып отырған алғашқы жағдай емес. Бірер жыл бұрын Германияда ата-анасының дауыс көтеріп, жекіргені үшін ювенальдық полиция баланы әке-шешесінен айырып алғаны туралы айтылған болатын. Сондағы бар дәлелі балаға күш көрсетуге болмайды деген уәж көрінеді. Ол жолы да ата-ана өздерінің ондай «тәртіпке» наразы екендіктерін білдірген. Бірақ олардың өкпе-назына құлақ асып жатқан ешкім жоқ.
Бірден айта кетейік, Еуроодаққа мүше елдердің басым көпшілігінде жоғарыдағыдай заң әлдеқашан-ақ қабылданған. Бұл нені білдіреді? Қарапайым тілмен айтсақ, бұл өзің дүниеге әкеліп, түн ұйқыңды төрт бөліп бағып-қағып, бүкіл бос уақытыңды жұмсап тәрбиелеп, оқытып, өсіріп шыққан туған балаңа бір ауыз сөз айтуыңа болмайды деген сөз. Осы жерде бір күлкілі мәселе туындайды. Туған балаңа, қазақы тілмен айтқанда «бауыр етіңе» сенен гөрі өзгелердің көбірек жаны ашиды, олар саған қарағанда әлдеқайда көбірек жақсылық жасайды дегенге кім сенеді?! Егер шынымен де солай болса, мемлекет сендер дұрыс бақпайсыңдар деп әрбір баланы туған сәтінен бастап неге өз күтіміне алмайды? Бюджеттен қыруар қаржы бөліп, тәрбиешілер тағайындап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп шығаруына болады ғой. Менің пайымдауымша, ата-аналарға күдікпен қараған кез келген мемлекет әу бастан осылай жасауы тиіс. Әрине ақиқат біз ойлағаннан гөрі әріде. Бұл жерде ұрпаққа деген жанашырлық емес, ата-ана мен бала арасына сына қағу, баланы өзінің туған әке-шешесіне жат қылу пиғылы жатыр.
Батыста отбасылық құндылықтарға нұқсан келтіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы көп жылдан бері айтылып келеді. Өзімізге қатысы жоқ болған соң біз ондай «ұсақ-түйекке» назар аударған емеспіз. Түсінуімше, бұл бекер сияқты. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» дегендей, Батыста қалыпты саналатын жағдайдың елімізде ара-тұра болса да бой көрсетіп қалып жататынын кейде байқап та жүрміз. Мәселен, жоғарыда айтқан ювенальдық полиция бізде де бар. Рас, халқымыздың менталитетіне байланысты ол әзірге ата-ана мен баланың арасына түсіп жатқан жоқ. Бірақ жылдардың жылында олардың да еуропалық әріптестерінен үлгі алмасына кім кепіл.
Әңгіменің ашығына келер болсақ, кәрі құрлықта болып жатқан, бізге оғаштау көрінетін көптеген оқиғалардың астарында құпия сырлардың жатқанын көпшілігіміз түсіне бермейміз. Айталық, отбасылық құндылықтарды бұзу деген нені білдіреді, ондай мақсаттың артында не тұр? Ондағы басты мақсат – адамдардың дәстүрлі түрде үйленіп, балалы-шағалы болып, ұрпақ жалғастыруына кедергі келтіру. Осындай ниетті жүзеге асырудың алғашқы бейкүнә жолы ретінде дүниеге келген тәсіл «азаматтық неке» болатын. Мұндай некенің ерекшелігі сол, онда ерлі-зайыптылардың бір де бірі өздеріне отбасы туралы, бала туралы, яғни ұрпақ өсіру туралы міндеттеме алмайды. Өйткені «азаматтық неке» тәртібі бойынша қосылғандар өмір бойы бірге тұра да бермейді. Олардың күні ертең-ақ айырылысып, басқа біреулермен жұп құрып, тіршіліктерін алаңсыз жалғастыра берулеріне болады. Екінші тәсіл – гендерлік саясат. Бұл өте терең ойластырылған амал. Әйелдер тең құқылы болу керек, олар да ерлер сияқты қызмет істеуі керек дейді. Мұндай пікірге кім қарсы шыға алады. Оған қарсы шыққан кісі әйелдерді, керек десең, тіпті өз анасын сыйламайтын адам болып шығуы мүмкін. Демократияны мойындамау өз алдына. Сондықтан жұрттың бәрі келіседі. Ондағы құпия неде дейсіздер ғой? Ондағы құпия сол, қызмет істеген, әсіресе жауапты қызмет істеген әйелдің 4-5 бала тауып, оларды бағып-қағып үйде отырмайтыны белгілі. Әрі кетсе бір немесе екі бала туар. Сонымен іс бітті. Демографтардың айтуынша, ұлт саны өсу үшін әр отбасына кем дегенде 3 баладан келуі тиіс. Сонда әке мен шеше қартайып дүниеден өткен кезде екеуі олардың орнын басады да, үшінші бала өсімге қызмет етеді. Егер әр отбасында екі баладан ғана болатын болса ұлт өспейді, егер бір ғана бала болса ұлт саны кемиді.
Жалпы, бұл мысалдар өркениетті деуге келетіндей, соншалық бір оғаштығы жоқ жайттар көрінеді. Сол себептен де шығар, мұндай жағдайларға ешкім онша назар аудара бермейді, қалыпты дүние ретінде қарайды. Тырнақ астынан кір іздей алмайсың. Бірақ отбасылық құндылықтарды құрту шаралары мұнымен шектеліп қалған жоқ, олардың адам ойына келмейтін небір сұмдықтары пайда болып жатыр.
Соның бірі – еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің үйленуі. Бұл енді айтпаса да белгілі жайт. Мұндай отбасының дүниеге бала әкелмейтіні, демек ондайларды адамзат ұрпағын жалғастыратын дәстүрлі отбасы деп атауға келмейтіні өзінен өзі түсінікті. Олардың арасында бала асырап алып жатқандар да бар. Бірақ ойланып көрейікші, екі еркектің немесе екі әйелдің ортасында өсіп шыққан баланың психологиясы, әке мен шеше туралы түсінігі қандай болмақ? Одан қалды, ондай бала есейген кезде дәстүрлі отбасын құрып, ұрпақ таратуға қабілетті бола ала ма? Бұл да күмәнді мәселе. Демек бір жынысты некенің отбасылық құндылықтарды түбегейлі жоюға қызмет ететіні ешқандай талас тудырмауы тиіс. Соған қарамастан мұндай салт жылдан-жылға кең өріс ала түсуде. Әлемнің 20-дан астам елінде бір жынысты некенің заңдастырылуы сөзімізге дәлел. Және мұндай елдердің қатары болашақта арта түспек.
Бүгінде Батыста адамдардың жұртшылық алдында жартылай жалаңаш жүруі үйреншікті көрініске айналып барады. Бұл сияқты әбес қылықтарды кейде теледидар экрандарынан да көріп қалып жатамыз. Бұл аз десеңіз, олар біздің құқымыз аяққа тапталмауы тиіс деп заңды талаптар да қойып жатады. Айталық, климаттың жылынуын тоқтату, соғыс өртін тудырмай, босқындардың елдеріне оралуына жағдай жасау сияқты талаптардың орындалмауы әбден мүмкін, ал жаңағы гейлердің талаптары міндетті түрде орындалады. Сөйтсек, біз ұятсыздық деп қана бағалайтын мұндай әрекеттер себепсіз пайда болған құбылыс емес, оның да астары бар екен. Соңғы жылдары психолог мамандар мұндай көріністердің жоспарлы түрде ұйымдастырылатынын, оның да отбасы деген қасиетті ұғымға қарсы жұмыс істейтінін дәлелдеп отыр. Өйткені адамдардың бір бірін жалаңаш күйінде үнемі көріп жүруі салдарынан түптің-түбінде еркектің әйелге, әйелдің еркекке деген құмарлығы әлсірейді екен. Себебі тәттіні көп жесең жүректі айнытатыны сияқты, күнде көріп жүрген дүние кісіні қызықтырмайтын болады. Ешқандай құпиялық жоқ, өзі қандай болады екен, көзбен көрсе ғой деп армандамайсың – бәрі көз алдыңда тұр. Әрі-беріден соң тіпті жалықтыра бастайды. Егер адам бір көруге ынтызар болып жүрген затын аяқ астынан көре қалса, е, осы ма әлгі кереметің деп өзінің соншама әуре болғанына ренжиді емес пе. Біз баяндап отырған жайт та дәл сол сияқты екен. Еркек пен әйел бір-бірін еш кедергісіз үнемі тыр жалаңаш күйінде көре беретін болса, оның өзі ақыр соңында олардың бір-біріне деген құмарлығын жойып, оның арты «осыған» бола үйлену қажет пе, жоқ па деген сауалдың туындауына алып келетін көрінеді. Осылайша дәстүрлі отбасын құруға деген ықылас та, қажеттілік те азая береді.
Әлемде халық саны тым көбейіп барады, ертең олардың бәрін азық-түлікпен, басқа да ресурстармен қамтамасыз ету мүмкін болмай қалады, сондықтан жер беті тұрғындарының санын азайту керек деген мәселенің көтеріліп, оны жүзеге асыру жолында тиянақты жұмыс жүргізіліп жатқанына талай жылдың жүзі болды. Осы міндетті жүзеге асыру үшін алпауыт байлар миллиардтаған доллар қаржы да бөлуде. Тіпті кішкентай кезінде арнайы вакцинамен егілген қыз баланың жиырма жасқа келгенде жүкті болу қабілеті жойылады екен деген алыпқашпа әңгімелер де айтылып қалып жүр. Соңғы кездері ютубта вакциналардың зияны туралы лекциялар да пайда бола бастады. Сонымен бірге Батыс Еуропадағы қалталы азаматтардың балаларын ектірмейтіні де белгілі болып отыр. Мұндай қауесетке сенбейін десең, бүгінде аурушаң балалар мен жүкті болу қабілетінен айырылған әйелдер қатары тым көбейіп барады.
Ойымызды осы мақаланың басында келтірілген баланы шапалақтау мәселесімен түйіндеу дұрыс сияқты. 3-4 жыл бұрын белгілі журналист Мая Бекбаева «Астана» телеарнасында ұйымдастырған бір ток-шоуды қарадым. Әңгіме біз айтып отырған тақырып – балаға қол жұмсау керек пе, жоқ па деген мәселе төңірегінде өрбіді. Әрине айтылған пікірлер сан алуан болды. Ол заңды да. Солардың ішінде осы хабарға қатысып отырған бір жігіттің пікірі маған ерекше ой салды. «Бала кезімде тәртіп бұза қалған шақтарымда әкем мені талай шапалақтаған. Одан ешқандай жамандық көрген емеспін, жасық болып та шыққан жоқпын, егер бүгінде қандай да бір жетістікке жеткен болсам, соның бәрі әкемнің қатаң тәрбиелегенінің арқасы», деді жаңағы жігіт. Сөйтсе әлгі корей жігіті Қазақстандағы белгілі бір спорт федерациясын басқарады екен.
Шыны керек, бала кезімізде бәріміз де әке-шешемізден талай шапалақ алдық. Бірақ одан ешқашан мұқалған да, жасыған да емеспіз. Әрі кетсе бір жылап алып ойынды әрі қарай жалғастыра беретінбіз. Өйткені әке-шешенің балаға жаман бол деп ұрыспайтынын, өмірдегі ең жанашыр адамдар да солар екенін жүрекпен түсінетінбіз. Сол себепті бірдемеден қорықсақ, біреулерден зәбір көрсек үйге жүгіріп келіп әке-шешемізге шағым айтып, солардан көмек сұрайтынбыз. Олар да іле араша түсетін. Өзі шапалақтаса да өз баласының өзгелерден зәбір көруіне ешуақытта жол бермейтін. Кейде маған тіпті әкемді шапалақтағаны үшін де жақсы көрген сияқты болып көрінеді. Өйткені ол өзімсініп шапалақтайтын, сол шапалағының өзінен бір әкелік қамқорлық сезілетін. Бәлкім ертең өмірден шапалақ көрмеуі үшін қазір мен шапалақтайын деп ойлаған да болар әке. Қалай дегенде де ата-ананың балаға ара-тұра істеген теріс ісіне қарай қаталдық танытуы тәрбиенің бір түрі болатын. Нағыз азамат қатал тәрбиенің нәтижесінде шыңдалып шығады. Оның үстіне халықаралық сарапшылар жүргізген түрлі зерттеулер нәтижесінде соңғы жылдары еркектер әйел мінезді болып бара жатыр деген қорытындылар жасап отыр. Олай болса, бар бәле жеткіншектің жігерін жанитын шапалақта емес, одан гөрі тереңіректе жатқан болса қайтеміз.
Сіздер қалай ойлайсыздар, ағайындар? Біз келешекте берік отбасының тұтқасы болатын нағыз ер-азаматтар тәрбиелей алып жүрміз бе?..
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/