BBC Ресейде ИМ идеологиясын таратты
Роскомнадзор (Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияны бақылау жөніндегі федералдық қызметі – ред.) BBC-дің Орыс қызметін «халықаралық террорлық ұйымның идеологиялық қағидаларын трансляция жасады» деп айыптады.
Ресейлік мекеме сайтында қазір BBC-дің интернет ресурсындағы материалдар мазмұнының Ресей заңдарына қаншалықты сай екені тексеріліп жатқаны айтылады. Роскомнадзор BBC-дің Орыс қызметі сайтындағы материалда «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының жетекшісі Абу Бакр әл-Бағдадидің сөзінен «үзінді келтіргенін» анықтаған. Мекеме БАҚ-тың ИМ басшысының нақты қандай сөзін келтіргенін айтпайды.
Бұған дейін Ұлыбританиядағы медиа нарықты реттеуші Ofcom ұйымы ресейлік RT телеарнасын Ұлыбритания аумағында хабар тарату ережелерін бұзып отыр және әкелі-балалы Скрипальдерді улау туралы анық ақпарат бермеді деп айыптаған.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл айыптауға жауап ретінде Мәскеудің Ресей мен Сириядағы жағдайға қатысты BBC материалдары туралы білгісі келетінін мәлімдеген.
Британиялық медиакорпорацияның баспасөз қызметі BBC Ресейдегі қызметін жергілікті заңдарға сай атқарып отырғанын мәлімдеген. BBC өкілі «қадағалаушы органдар сұрау салған жағдайда қандай да бір оқиғадан қалай хабар таратып отырғанымыз туралы қосымша ақпаратты ұсынуға қашан да дайынбыз» деген.
Дереккөз: Азаттық