Қолқа демікпесі және себептері — Денсаулық — Bilim
Бүгінгі күні елімізде тыныс жолдары ауруларына шалдыққандар саны жылдан-жылға өсуде. Солардың бірі — қолқа демікпесі. Бұл дерт көбіне ауа-райының өзгеруінен, экологияның бұзылуынан туындайды.
Демікпе алқыну, тұншығу дегенді білдіреді. Бұл — адам мен малда кеңірдек тарамдарының тарылуынан немесе жүректің қысылуынан болатын тұншығу. Демікпе ауыр дене еңбегін атқарғанда, жүгіріп келгенде, қорыққанда, қуанғанда қалыпты физиологиялық үдеріс ретінде байқалады да, көп кешікпей басылып, тыныс алу қызметі бастапқы қалпына келеді.
Демікпенің себептері мен патогенезіне қарай өкпе демікпесі және жүрек демікпесі аллергиялық (бактерия, вирус және микробтар әсерінен болатын) ауруға жатады. Өкпе демікпесінің созылмалы түрі бронхит, бронхоэктаза, өкпенің қабынуынан немесе ағзаға суық тигеннен болатын аурулардың (гайморит, фронтит) салдарынан жиі кездеседі.
Демікпе қыс пен көктемде, желді күні, ауа-райы күрт өзгергенде үдейді. Науқас адамға, көбіне түнге қарай, ауа жетпейді, тынысы тарылады, қақырығы түспейді, кеудесі сырылдайды. Тыныс алу жолы, тамағы ісініп, тарылады.
Кейде мүлдем бітеліп, ағзасы тұншыға бастағандықтан, ентігіп, жиі-жиі тыныстауға мәжбүр болады. Демікпемен ауырған адам жата алмайды, көбінесе түрегеліп отырады, аузын ашып тыныс алады.
Бұл сырқат кейде жыл мезгілінің, ауа-райының өзгеруінен туындайды. Мысалы, дымқыл және жылы ауа-райы, ауаның ластығы демікпенің пайда болуына әкеледі. Ауасы таза, биік таулы аймақтарда бұл кесел аз кездеседі, тіпті ұшыраспауы мүмкін.
Жалпы, қолқа демікпесін тудыратын алғышарттар үш топқа бөлінеді. Оның біріншісі — атопия, тұқымқуалаушылық, гипербелсенділік, екіншісі сенсибилиздеушілік (шаң, саңырауқұлақ, малдың/жануардың аллергені, аспирин, тозаң әсері, лас экология…), үшінші қоздырғыш — вирустық жұқпалар, темекі шегу. Сондай-ақ бұл сырқатқа суық ауа, өткір иіс, көңіл-күйдің өзгеруі де қозғау салады.
Қолқалардың созылмалы аллергиялық қабынуына келсек, оны туғызатын аллергендердің екі тобы бар: бірінші, экзогенді — сыртқы ортадан келетін, екінші, эндогенді ағзада, яғни белгілі бір мүшеде, тінде пайда болатын.
Аурудың белгілері түнде және таңертеңгі уақытта күшейеді. Демікпе кезіндегі аллергендер тобын анықтау үшін теріге тест жасалады. Мұның сыртында жаңаша тексеру әдістері — радиоиммундық, иммуноферменттік тәсілдер бар.
Қолқа демікпесінің ұстамасы әртүрлі аллергендердің әсерінен басталады. Мысалы, атопиялық қолқа демікпесі тұрмыстағы аллергеннің теріге әсерінен, ал кенеге қатысты қолқа демікпесінің ұстамасы көбіне түнгі уақытта маңайда кененің көбеюі салдарынан ұстайды. Ал саңырауқұлақтық қолқа демікпесінің ұстауына сыз үйде тұру, тамаққа саңырауқұлақ, ірімшік, ашыған сүт, ашыған қамырдан даярланған нан пайдалану әсер етеді.
Тамақтан болатын қолқа демікпесі сиыр сүтін ішкенде, цитрус текті жеміс, жұмыртқа, балық жегенде қозып, қайталанады. Шаң-тозаң туғызған қолқа демікпесі өсімдіктер гүлдегенде, құрғақ және желді күндерде жиі ұстайды. Науқастың бұл түріне ұшырауға көбіне конъюнктивит пен аллергиялық ринит себепші болады.
Егер қолқа обструкциясы бір жылда үш рет қайталанса, бара-бара оның қолқа демікпесіне ұласуы ықтимал. Бұл сырқат сипатына қарай жеңіл, орташа, ауыр деп бөлінеді. Жеңіл қолқа депікпесі сирек ұстайды (шамамен айына бір рет), ем тез әсер етеді. Орташа түрі бір айда үш рет шамасында қайталанады. Ауыр ұстама күнделікті немесе апта сайын қайтаналады. Оған тахикардия араласады. Тері бозарып, ауыз-мұрын, құлақ, қол ұштары көгереді. Ауру ағымында екі кезең бар: I кезең — үдеу, өршу; II — ремиссия, бәсендеу, ұстама аралық кезең.
Демікпені емдеу үшін алдымен оның себебін анықтап, ауру түріне байланысты тек дәрігердің кеңесімен ғана ем қолданылады. Демікпе шұғыл медициналық жәрдем талап ететін ауруға жатады. Қолқа демікпесін емдеудегі негізгі жол — базисті, яғни негізгі терапия. Бұл — қабынуға қарсы ем. Оған арнайы дәрі-дәрмек қабылдау, ингаляция, арнайы иммундық ем жатады.
Б. Сарышева, пульмонолог-дәрігер
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Дереккөз: http://bilim-all.kz/