Нью-Йорктағы тарихи ғимараттардың бірі сатуға қойылды

0

Нью-Йорктағы тарихи ғимараттардың бірі сатуға қойылды

Нью-Йорк қаласындағы атақты “Крайслер-билдинг” ғимараты сатуға қойылды. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы хабарлады.

Ғимараттың 90 пайызы Абу-Даби мемлекеттік қоры Abu Dhabi Investment Council-дің меншігінде. 2008 жылы олар ғимаратты 800 миллион долларға сатып алған. Қалған 10 пайызына Tishman Speyer Properties жылжымайтын мүлік агенттігі иелік етеді.

Арт-деко тәсілінде салынған ғимараттың биіктігі 320 метр, 1930 жылы Манхэттендегі 42-көше мен Лексингтон-авеню қиылысында салынған. Содан бері қаланың жеке рәміздерінің бірі боп саналады. 1953 жылы ғимаратты Chrysler Corp. компаниясы сатып алған. Соңғы жарты ғасырдан астам уақытта оның иесі бірнеше рет өзгерген.

Сарапшылар ғимараттың жаңа иесі тап келетін бірнеше қиындықтарды атап өтті. Мысалы, ол ескірген, қайта жөндеу өте қымбатқа түседі. Бұдан басқа ғимарат салынған жердің жалдау ақысы өсіп келеді. 2017 жылы 7,75 миллион доллар болған болса, 2018 жылы 32,5 миллионға көбейген. Ал мамандар 2028 жылы жерді жалға алу ақысы 41 миллионға дейін өсетінін болжап отыр.


Дереккөз: https://massaget.kz/