Бейбітшілік – бесігі, қауіпсіздік – қалқаны
Батырлық баспалдағы
Өткен жылдың мамыр айында әскери міндетін атқара жүріп, ерлік пен батырлықтың, ұқыптылық пен мінсіз қызметтің үлгісін көрсеткені үшін ұландық бірнеше офицер Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары марапатқа ие болды. Олардың қатарында II дәрежелі «Даңқ» орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жөніндегі орынбасары генерал-майор М.Сатов, II дәрежелі «Айбын» орденімен 5573 әскери бөлімінің командирі полковник С.Шекарбеков, ұшақ бортында клиникалық өлім құрсауында қалған жолаушыны аман алып қалғаны үшін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығындағы әскери-медицина басқармасының бастығы, медицина қызметінің полковнигі С.Омарбаев, арнайы операцияларға қатысқаны үшін подполковник Е.Родиков марапатталды.
«Ерлігі үшін» медалі өртеніп жатқан үй ішінен 4 адамды құтқарғаны үшін кіші сержант Р.Еңсепбаевқа, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Ұлттық ұлан әскери полиция басқармасының бастығы Р.Құлымбетов пен қылмыскерден бойжеткеннің өмірін арашалаған 3660 әскери бөлімі командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары майор Т.Рахимовқа, 5570 әскери бөлімінің байланыс бастығы, капитан М.Балабековке, 5516 әскери бөлімінің взвод командирі, аға лейтенант Д.Бектібаевқа, 5516 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары, аға лейтенант И.Жүсіповке, 5570 әскери бөлімінің офицері, лейтенант Е.Қуанарға, 5572 әскери бөлімінің аға маманы, ефрейтор Б.Бәйтерековке, суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің аға маманы (концертмейстер) Д.Яковлевке табыс етілді.
Сонымен қатар Президент Жарлығымен «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы, полковник Дмитрий Бочаров пен «Орталық» Өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы, полковник Ұларбек Әбікеевке жоғары «генерал-майор» шені берілді.
Сондай-ақ биыл Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы бөлімшесінің әдістемелік және жауынгерлік даярлық орталығында алғаш рет (Алматы облысының Заречный ауылында) барлық әскери бөлім командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны өтті. «2018 – Кәсіби біліктілік жылы» атауына сай ұйымдастырылған шарада командалық звено офицерлерінің кәсіби біліктіліктері шыңдалып, тәжірибе жинақтады.
Мамандық мәртебесі маңызды
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева мен Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев және комитет мүшелері Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұржан Нұрсипатов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды. Сапар аясында халық қалаулылары Ұлттық ұланның Әскери институты мен аймақтағы бірқатар әскери нысандарды аралап, жай-күйімен танысты. Сенаторларға институттың даму бағыты мен оқу орнының қызметкерлері үшін салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдің және екінші оқу ғимаратының құрылысы туралы айтылды. Жиын аясында сөз алған Д.Назарбаева еліміздегі әскери білім беру саласында Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы басымдыққа алынуы тиіс екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар алқалы жиында офицер-оқытушылардың біліктілігін көтеру институтын құру мен әскери жоғары оқу орындары үшін педагог кадрларды даярлаудың мүмкіндіктері талқыланды. Әсіресе, әскери бағыттағы оқу орындары осы күндері бетпе-бет кездесіп отырған кейбір мәселелерге жіті назар аударды.
– Киберқауіпсіздік ісімен айналысатын қорғаныс бөлімшелері біздің елімізде жоғары жалақы төленетін мәртебелі мамандық, абыройы биік мекемелердің санатынан болуы тиіс. Олай етпеген жағдайда, білікті мамандарды бұл салаға тарту мүмкін емес. Бұл өте өзекті, өткір мәселе. Осыған мұқият көңіл бөліңіздер, – деді сенатор Д.Назарбаева.
Ынтымақтастық – еңбекті еселейді
Өткен жылы Астанаға Ресей Федерациясы Федералды қызмет әскері ұлттық гвардиясы директорының – ұлттық гвардия Бас қолбасшысының орынбасары генерал-полковник Сергей Захаркиннің жетекшілігімен арнайы делегация қызметтік сапармен келді. Екіжақты кездесу аясында тараптар «Кобальт-2018» халықаралық оқу-жаттығу жиынын жоспарға сай ұйымдастырылуы мен ойдағыдай өткізілуін жан-жақты талқылап, өзара ынтымақтастықты нығайту жолдары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар салалық ведомство мамандарының біліктілігін арттыра отырып, мәдени-спорттық әріптестікті тереңдету мәселесі оң шешім тапты.
Сондай-ақ өткен жылғы маусымның екінші онкүндігінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының басшылық құрамы Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Түркиялық әріптестердің арнайы шақыруымен жүзеге асырылған сапар мақсаты – жауынгерлік қызмет дайындығы мен екіжақты салалық байланысты нығайту жолында тәжірибе алмасу еді.
Мамыр айында Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығы базасында ҰҚШҰ арнайы мақсаттағы Ұжымдық күштерінің «Кобальт-2018» арнайы әдістемелік оқу-жаттығуы өтті. Жиынға ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің бөлімшелері: Армения Республикасы Полициясының жетекші құрамы, Беларусь Республикасы ІІМ ішкі әскері, Ресей Федерациясы ұлттық гвардиясының Федералды қызмет әскері, Ресей ІІМ, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы, ІІМ және Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасының бөлімшелері қатысты. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиыны заңсыз қарулану үдерісін жоюға бағытталған болатын. Сондықтан да ауқымды шараға 700-ден астам әскери қызметші қатыстырылып, 70 жауынгерлік және арнайы техникалар мен 5 әуе техникасы жұмылдырылды. 500 бірліктен астам артиллериялық және атыс қаруымен қатар, барлау мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары да шебер пайдаланылды. Сөйтіп жоғары деңгейде ұйымдастырылған ұжымдық күштер әскерлері өздерінің жауынгерлік шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін паш етті. Бұл туралы шараның жабылу салтанатында сөз алған ҰҚШҰ бас хатшысы генерал-полковник Юрий Хачатуровтың өзі де айтты.
– «Кобальт-2018» арнайы әдістемелік оқу-жаттығуы аясында террористік ұйымдарға қарсы күрес жүргізуге бағытталған орасан зор жауынгерлік даярлық жұмыстары жүзеге асырылды. Осындай бірлескен оқу-жаттығу жиындары Ұжымға мүше мемлекеттер әскері үшін қашанда қажет. Ал бұл шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен оның жетекші құрылымы өте зор дайындықпен келіп, мұқият жауапкершілікпен сәтті өткізді, – деді.
Бүгінде ҰҚШҰ алдына қойылған бірқатар міндеттерді шешуде зор мүмкіндіктерге ие. Осы кезге дейін атқарылған іс-шараларда да аталған ұйым өзінің абыройын асқақтатып, аймақтық құрылымдардың тиімділігін арттыруы нәтижесінде әріптестер арасында сенімді серіктестік орнап, өзара ынтымақтастық нығая түсті.
Жаңа ұшақ – бағындырған бір белес
Былтырғы қыркүйек айында «Қазақстанның авиациялық индустриясы» ЖШС-нің Астанадағы базасында Ұлттық ұлан өз меншігіне Қытайдан сатып алған су жаңа Y8F200W әскери-көлік ұшағының таныстырылымын өткізді. Жаңа техниканың таныстырылымына Ішкі істер министрі Қ.Қасымов пен бұрынғы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов, «AVIC» компаниясы Бас директорының орынбасары – бас экономисі Ванг Джиан, Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Көпмақсатты пайдалануға арналған Y8F200W ұшағы ұзақ және орта қашықтықта ұша алады әрі әскерилер мен әскери техникаларды тасымалдауға арналған. Сондай-ақ бұл ұшақ топырақты тегіс жерде күнде де, түнде де ұшып-қону мүмкіндігіне ие және -50°C пен +50°C ауа температурасында қалыпты жағдайда жұмыс істей алады. Бүгінде Ұлттық ұланның әуе паркінде Ан-74, Ан-26 ұшағы мен Ми-171Е тікұшағы бар. Оның үстіне өткен жылы біз үшін елеулі оқиғалардың бірі – Ұлттық ұланның әуе эскадрильясы Алматыдан Астана қаласына қоныс аударуы болды. Бұл ендігі жерде біздің ұшақтарымыз байтақ Қазақстанның кез келген нүктесіне қысқа мерзім ішінде жанармай құюды қажет етпей-ақ ұшып жетеді деген сөз.
Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант
Дереккөз: http://egemen.kz/