Ақтөбеде «есірткіге елітіп, полицияға қарсыласқан» тұрғынның соты басталды

0

9 қаңтарда Ақтөбе қалалық соты 1974 жылы туған Санат Ағадиевтің үстінен қозғалған істі қарай бастады. Тергеу материалында 2018 жылы 10 қыркүйекте «есірткіге еліткен» Санат Ағадиевтің Toyota Land Cruiser автокөлігімен Ақтөбенің орталық көшесінде бірнеше көлікті соғып, «полицияға қарсылық көрсеткені» және «есірткі қолданғаны» айтылған.

Тергеу оған Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (бірнеше рет бұзақылық жасау), 246-бабының 1-бөлігі (салық төлемеу), 378 бабының 1-бөлігі (билік өкілін қорлау) және 380-бабының 1-бөлігі (билік өкіліне күш қолдану) бойынша бірнеше айып тағып отыр. Санат Ағадиевтің өзі сот отырысына қатысқан жоқ. Сотталушының заңды өкілі, зейнет жасындағы әкесі Әлмұхамбет Ағадиевтің айтуынша, билік орындары ұлын мәжбүрлі түрде емдеуге жіберген.

Сот отырысы кезінде сот-медициналық сараптама қорытындысына сілтеме жасаған прокурор Азамат Байболатов Ағадиевтің осыдан бірнеше жыл бұрын болған төбелес кезінде басынан жарақат алып, емделмегенін, кейін есірткі мен ішімдікке әуес бола бастағанын айтты.

— Тергеу Ағадиевтің бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылғанын анықтады. Сот оны 2022 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырған. 2018 жылы 10 қыркүйекте есірткіге елітіп алып көлік жүргізген кезде оның ақыл-есі дұрыс болмаған, — деді прокурор.

Іс материалы бойынша, былтыр 10 қыркүйекте кешке әкесінің Toyota Land Cruiser көлігін айдап әкеткен Санат Ағадиев көшеде Lada және Kia Picanto маркалы екі көлікті соғып, жалпы сомасы бір миллион теңгеден астам шығын келтірген. Жапа шеккендер соттан материалдық шығынды өндіріп беруді сұрады. Өзі зейнеткер, ал ұлы Санат Ағадиевтің науқас екенін айтқан Әлмұхамбет Ағадиев бұл талаптарды орынсыз деп санайды. Көлік иелерінен бөлек сотқа жәбірленуші ретінде полицияның төрт инспекторы қатысты. Олардың айтуынша, көлігінен түсіп, полицияға қарсылық көрсеткен Санат Ағадиевтің қолында «пышақ болған».

— Ағадиев полиция қызметкерлерінің талабына бағынбады. Пышақ кезеніп, балағаттады. Осыдан соң ескерту ретінде аспанға оқ атуға мәжбүр болдым. Оның заңға сай жазаланғанын қалаймыз, — деді жол-патрульдік полициясының аға инспекторы Нариман Аманғалиев.

Судья Ербол Әбдіхалықов бұл қылмыстық іс бойынша жарыссөз 16 қаңтарда өтетіні туралы хабарлады.

Дереккөз: Азаттық