Алматының қандай көңіл көтеру орындарында қылмыс жиі болады?

0
Түнгі клуб
Фото: Voyages.kz

Алматыда төбелес, есірткі қолдану, кісі өлтіру сияқты келеңсіз оқиғалар жиі болатын 22 көңіл көтеру орны бар. Жергілікті полиция департаментінің баспасөз қызметі қатаң қадағалауға мұқтаж боп тұрған осындай нысандардың тізімін жария етті.

Полиция департаментінің хабарлауынша, көңіл көтеру орындарында азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі Алматы әкімдігі жанындағы Құқықбұзушылықтар профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланған. Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, қалада барлығы 400-ден астам көңіл көтеру орны бар, оның 38-і – түнгі клуб, 45-і – түнгі мезгілде жұмыс істейтін кафе-бар және мейрамхана. Олардың жұмыс уақытын меншік иелері белгілейді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төрехан Исиннің айтуынша, көңіл көтеру орындарының 50%-дан астамы тәжірибесі мен тиісті лицензиясы жоқ, маманданбаған күзет қызметінің көмегіне жүгінеді. Осы жағдай және нысандардың жұмыс уақытының заңмен реттелмеуі көңіл көтеру орындарында құқық тәртібінің сақталуына кедергі келтіріп отыр.

2018 жылы жүргізілген бастапқы мониторинг 22 көңіл көтеру орны мен соларға іргелес аумақтарда оқиғалар анағұрлым жиі болатынын көрсетті. Мысалы, “Пионерская правда” түнгі клубында былтыр төбелес пен қоғамдық тәртіптің бұзылуы 12 рет тіркеліп, 16 қылмыс жасалған, оның екеуі – кісі өлтіру, екі дерек – денсаулыққа аса ауыр зақым келтіру. Көп жағдайда күзет қызметкерлері жанжалды тоқтатумен айналыспай, тәртіп бұзғандарды есіктің ар жағына шығарып жіберумен шектеледі. Жанжалдар мен басқа да құқықбұзушылықтар көбіне көңіл көтеру орнына іргелес аумақтарда болады да, құқық тәртібі жағдайына кері әсерін тигізеді. Оған “Чукотка” барында екі жыл бұрын болған атышулы қылмыс мысал, – дейді Төрехан Исин.

Полицейлер көңіл көтеру орындары басшыларына нысандарда лицензияланған күзет қызметін пайдалануды және бейнебақылау қондырғыларын көбейтуді ескертті.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматының аса қауіпті саналып отырған көңіл көтеру орындары мен оларда тіркелген құқықбұзушылықтар жөнінде мына жерден толық білуге болады.

Еске салайық, Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде жаппай төбелес салдарынан 23 жастағы жігіт қайтыс болған еді. 24-27 жас аралығындағы тағы үш жігіт ауруханаға түскен. Бұл оқиға елде қоғамдық резонанс туғызды. ҚР Ішкі істер министрлігі жаппай төбелестің тұрмыстық жанжал екенін мәлімдеді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz