Текебаевты ауруханадан колонияға ауыстырды

0

Қырғызстандағы оппозициялық саясаткер, былтыр 13 желтоқсаннан бері Ұлттық кардиология орталығында емделіп жатқан Омурбек Текебаев №47 түзету колониясына ауыстырылды.

Жазаны орындау мемлекеттік қызметінің баспасөз хатшысы Элеонора Сабатарова Азаттықтың Қырғыз қызметіне мұның себебін былайша түсіндірді:

— Ауруханада жатып емделуге қажеттілік болмады, сол себептен колонияға ауыстырылды. Ол жазасын осыған дейін отырған №47 абақтыда өтейді.

Соңғы екі айдан бері Қырғызстанның бұрынғы президенті Роза Отунбаева бастаған бір топ саясаткер президент Сооронбай Жээнбековтен Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасауды сұрап келеді. Қаңтардың басында президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева президент аппараты Текебаевқа рақымшылық жасау туралы өтінішті қарап жатқанын хабарлаған.

Президент Сооронбай Жээнбеков 19 желтоқсанда өткізген баспасөз мәслихатында Текебаевты босату мәселесіне араласқысы келмейтінін, бірақ егер оның өзі рақымшылық сұраса, кешірім беруге дайын екенін мәлімдеген.

«Ата мекен» партиясының парламенттегі жетекшісі Алмамбет Шыкмаматов Текебаевты ауруханадан түрмеге қайта ауыстырғаннан кейін, оны бостандыққа шығарады деген үміт азайғанын айтады.

«Ата-Мекен» партиясының лидері, Қырғызстан парламентінің экс-спикері, бірнеше мәрте парламент депутаты болып сайланған Омурбек Текебаев «2010 жылы «Мегаком» компаниясы акцияларын сатып алуға болысу үшін Ресей азаматы Леонид Маевскийден 1 миллион доллар алған» деген күдікпен 2017 жылы ақпанда ұсталған. Сол жылы қарашада сот үкімі бойынша Текебаев сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленген. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, үкімнің саяси астары бар деп мәлімдеген. Жақтастары экс-президент Алмазбек Атамбаев тұсындағы билік Текебаевты президент сайлауына қатыстырмас үшін қудалады деп санайды.

Дереккөз: Азаттық