Қазақ үшін қамшы неге қару емес?
Қазақ тұрмысында қамшы – мал бағуға қолданылатын құрал. Жауынгерлер ешқашан бір-біріне қамшы алып шаппаған. Мұндай оқиға тарихта кездеспейді. XIX ғасырда Шоқан Уәлиханов қамшының әскери қаруға жатпайтынын жазған. Қазақ қоғамында жауынгер басы азат, өзімен тең дәрежедегі адамды ешқашан қамшымен сабамаған. Мұндай жағдай болса, әлгі адамның кім екеніне қарамастан жауапқа тартқан.
Атқа мініп, мал баққанның барлығы қамшы ұстаған. Дегенмен құл иеленуші қоғамда құлдықтағыларды ұру үшін пайдаланылғаны рас. Қылмыс жасаған адамға қамшымен дүре соғылған. Сол себепті көшпелі халықтарда қамшыны малға, бас бостандығы жоқ адамдарға – құлдарға немесе қылмысы үшін айыптыларға ғана жұмсаған. Бақсы-балгерлер болса, оны адамды ұшықтау үшін қолданған. Қамшының мұндай түрін “сарала қамшы” деп атаған.
Қамшыны құлға, айыпкерлерге жұмсалатын құрал ретінде түсіну ортағасырлық жазба деректерде айтылады. XII ғасырда өмір сүрген исламтанушы Шайқы Балхиға патша “Әділдікті сақтау үшін не қажет?” деп ақыл сұрайды. Сонда Шайқы би:
Алла тағала саған халықты әділетте ұстап отыру үшін үш нәрсе берді: біріншісі – байлық, екіншісі – семсер, үшіншісі – қамшы. Байлықпен кедейлікке тосқауыл қойып, семсермен халықты жаудан құтқаруға міндеттісің, ал қамшымен күнәhарларды жазалауға тиіссің, – деп жауап берген екен.
Грек тарихшысы Геродот сақтар туралы мынадай аңызды жазады. 50 жыл бойы жорықта жүрген сақ жауынгерлері еліне оралады. Ұзақ жыл бойы ер азаматтарынан хабар ала алмаған сақ әйелдері өз құлдарымен көңіл жарастырып, бала туады. Сақ жауынгерлері жорығын аяқтап, елдеріне қайтады. Елге жеткенде құлдар мен олардан туған ұлдар оларды елге кіргізбей қояды да, арада соғыс басталады. Ұзақ айқасқан сақтар оларды оңайлықпен жеңе алмайтынын біліп, кеңес құрады. Сонда қарт жауынгер батырларға мынандай кеңес береді:
Біз өз құлдарымызбен қарумен соғысқан соң олар да азат адам ретінде қару көтерді. Барлық қару-жарағымызды тастап, оларға қарсы қамшы алып шығайық. Біздің қару орнына қамшы алып шыққанымызды көрсе, олар өздерінің құл екенін есіне түсіреді. Сонда ғана біз жеңеміз, – дейді.
Сақтар бұл кеңесті мақұлдап, құлдарға қамшы алып шығады. Қамшыны көрген құлдар шайқас туралы ұмытып, бас көтеруге батылы жетпей қаша жөнеледі. Міне, бұл аңыздан сақтардың қамшыны жауынгер қаруы ретінде емес, құлды бағындыратын құрал ретінде пайдаланғаны аңғарылады.
Дереккөз: Baribar.kz