Қазақстанда баспана бағасы қымбаттауы мүмкін

0

Қымбатшылыққа әкелетін негізгі себептердің бірі — АҚШ долларының өсуі.

Елде баспана бағасы алдағы 2 жыл ішінде қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды zakon.kz, «Хабар 24» арнасы берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Құрылыс саласындағы мамандардың болжамы осындай. Қымбатшылыққа әкелетін негізгі себептердің бірі — АҚШ долларының өсуі. Осыған байланысты жылжымайтын мүлік нарығында қандай өзгерістерге дайын болу керек? Қарапайым азаматтар үшін санаулы шаршы метр құны қаншалықты қолжетімді болмақ? Жерасты көлік тұрағы сынды барлық жайлылығы қарастырылған тұрғын үй кешендерінің құрылысы алдағы уақытта азаймақ.

Өйткені бүгінде қарапайым халық арасында бағасы қолжетімді баспанаға сұраныс артып отыр. «Бұдан былай «7-20-25» бағдарламасы арқылы салынатын эконом-класс пәтерлерді сату әлдеқайда жеңіл болмақ», — дейді мамандар.

Қызығы сол, болашақта қолжетімді баспананың өзі көпшілік үшін қолжетімсіз болуы мүмкін.

Азамат Қарлығашев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ атқарушы директоры: — Барлық материал Ресейден, таяу шет мемлекеттерден әкелінсе де, баға өсе бермек. Өйткені бүгінде бәрі АҚШ доллары бағамына тәуелді. Арматура, кірпіш, бетон мен травертин сияқты материалдарды көбіне сырттан жеткіземіз. Сондықтан қажет заттардың қымбат болуы — нарық заңдылығы.

Маманның айтуынша, баспана бағасы 2020 жылға дейін 10% қымбаттауы мүмкін. Бірақ бәрі де тағы сол АҚШ доллары бағамына байланысты. Дегенмен, жылдың бірінші тоқсанында жылжымайтын мүлік нарығы уақытша тұралауы ықтимал. Мұны сарапшылар мерекелерден кейінгі сұраныстың сәл бәсеңдеуімен байланыстырып отыр. Қымбат шаршы метр тізімінің көш басында бұрынғысынша елорда келеді. Статистика комитетінің дерегінше, өткен жылы орташа өсім деңгейі 5% асқан. Ал екінші деңгейлі нарықтағы көрсеткіш 7,5% жетті.

Ерлан Шыңғожынов, сарапшы: — Қаланың ішінде 7 милллионға ала алмайсыз. 10 миллионға алуға болады. Сол жағалауда болса, бірінші әрлеу болады. Ал оң жағалауда 9-10 миллионға да алуға болады, бірақ 30-33 шаршы метр болады кішкентай пәтерлер. Ең минималды алсақ, 200 теңге 1 шаршы метр болады. Ал орташа алсақ, 300-330 мың теңге 1 шаршы метр.

Айнұр Молдахметова, сарапшы: — Астана қаласының Алматы ауданында шаршы метр құны — 300 мың теңге. Сарыарқада — 280 мың, ал елорданың сол жағалауы саналатын Есіл ауданында 330 мың теңге. Соңғысында бір бөлмелі пәтер бұрын 12 млн теңге тұрса, бүгінде шағын баспана қосымша 1,5 млн теңгеге қымбаттағанын аңғаруға болады.

Осылайша, әр отбасы арманындағы қолжетімді баспанасын сатып алу үшін бюджетінде кем дегенде 13-14 млн теңгесі болуы керек. Аталған сома бұрын жарияланған ресми бағадан шамамен екі есе жоғары.

Айта кеткен жөн, өткен жылы жаңа ипотекалық бағдарламаға 4000 мыңға жуық азамат қатысты. Қатысушылар санын ұлғайту мақсатында әкімдіктер бюджеттік мекеме қызметкерлеріне 1 млн теңгеден тұрғын үй сертификаттарын табыстау шарасын жалғастырып келеді.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Индира Тегжанова, Нұрғали Мамырбаев

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/