Сириядағы сергелдеңге түскен отандастарымыз елге оралды
Ақтау әуежайынан ұшқан әскерилер мен құтқарушылар 47 адамды елге әкелген. Олардың 11-і әйел болса, 30-ы – бала. Балалардың қатарында 1-5 жас аралығындағы сәбилер көп. Осы оқиғаға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мәлімдеме жасап, Қазақстан тарапы азаматтарына әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.
«Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді», деп атап көрсетті Елбасы осы мәлімдемеде.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сүйенсек, жалпы 800-ден астам қазақстандық Сирия мен Иракқа барып, террористік ұйымдардың қатарына қосылған. Қазіргі таңда олардың біразы елге оралды. Осы ретте «Жусан» секілді операциялардың құпия ұйымдастырылатыны, сондықтан олардың жүргізілу барысы егжей-тегжейлі айтыла бермейтінін айта кеткен жөн. Әйтсе де, еліміздің дипломаттары Түркия, Иран, Ресей секілді кепілгер мемлекеттермен келелі келіссөздер жүргізіп, қазақстандықтарды қайтару мақсатында қыруар іс тындырып жатқаны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ қауіпті аймақтарға барып, азаматтарымызды аман-есен әкелуге барын салған арнайы әскери қызмет өкілдерінің жұмысына ерекше тоқталған абзал.
Сириядағы ахуал бүгінгі күні күллі әлемді алаңдатып отырғаны белгілі. Қарапайым наразылықтан басталған оқиға жаппай бас көтеруге ұласып, ақыр соңы азаматтық соғысқа әкелді. Соғыстың кесірінен Сирияға түскен ауыртпалықтың деректері жан шошытады. Қақтығыстар салдарынан ел экономикасы 275 миллиард доллар жоғалтып, әбден тұралады. Соғыста көз жұмғандар саны да өте көп. БҰҰ-ның Сирия жөніндегі елшісінің келтірген мәліметіне сүйенсек, осы уақыт аралығында елде 400 мыңға жуық тұрғын қаза тапқан екен. Кейбір деректер бойынша қайтыс болғандар саны 560 мыңға жетіп жығылады. БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының мәліметіне сай, 5 миллионнан астам халық елді тастап, босқынға айналса, 7,6 миллион тұрғын ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Мұның бәрі Сириядағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін көрсетсе керек.
Сириядағы жағдайды реттеуде бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, Женевада және Астанада Сирия бойынша келіссөздер жүргізілген-ді. Әсіресе елордада өткен «Астана процесінің» Сириядағы жағдайды реттеудегі маңызы зор екенін айта кету ләзім.
Мәселен, қақтығысып жатқан Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері алғаш рет Астанада бір үстел басында бас қосып, мәмілеге келу туралы талқылады. Сонымен қатар кепілгер мемлекеттер (Түркия, Иран, Ресей) Сириядағы атысты тоқтатуды бақылаудың үшжақты тетігін құруға келісіп, дағдарысты реттеу мақсатында 4 деэскалация аймағы құрылды. Яғни, аталған аймақтарда атыс тоқтатылып, соғыс өрті шарпыған аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік туды. Мұның бәрі қақтығыстан қиындық көрген көптеген адамның өмірін сақтап қалғаны айтпаса да түсінікті. Осы орайда «Астана процесінің» табысты жүргізіліп, келіссөздердің оң нәтижесі Сыртқы істер министрлігі атқарған еңбектің нәтижесі деп айтсақ қателеспейміз.
Бұдан бөлек тұтқындар алмасу жөніндегі ереже, қаза тапқандардың денесін беру, із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру, ИЛИМ/ДАИШ және «Әл-Нусра майданы» секілді террорлық топтардың және қарулы оппозициялық ұйымдардың орналасқан жерлерін көрсететін бірыңғай карта құру секілді Сириядағы ахуалды реттеуге қатысты көптеген келісімдер жасалды.
Сириядағы дағдарысты жете түсініп, бітімгерлік бастамасын көтеріп, ахуалдың оң шешім табуы үшін Астана алаңын ұсыну Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы салиқалы саясатының оң ықпалын көрсетеді. Елбасының еңбегі халықаралық аренада да жоғары бағаланғаны белгілі. Қорыта айтқанда, Сириядағы жағдайды шешу үшін алаң ұсынуы, ондағы қазақстандықтарды елге әкелуге күш салуы еліміздің бітімгерлік бағытында атқарған ауқымды шараларының бірегейі ретінде саналатыны сөзсіз.
Қазақстан паспортының бірінші бетінде «Паспорт Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады, ал оның иесі Қазақстан Республикасының қорғауында болады» деп жазылған. Ендеше, Сириядағы қазақстандықтарды құтқару жұмысы аталған сөздің іс жүзінде жүзеге асқанының айқын дәлелі деп нық сеніммен айта аламыз.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/