Трамп Мексикамен шекараға дуал тұрғыза ала ма?
ДУАЛ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
Мексикамен шекарада биік дуал тұрғызу – Трамптың сайлау кезінде берген негізгі уәделерінің бірі. Сондықтан ол дуал құрылысына қаржы бөлу қарастырылмаған федералдық бюджетке қол қоюдан бас тартты. Бюджетке қатысты текетірес үкіметтің жұмысын жартылай тоқтатып тастады. 8 қаңтар күні үкімет жұмысының кідіріп тұрғанына 18 күн болды. 1995 және 1996 жылдары ең ұзақ кідіріс 21 күнге созылған.
Трамп «АҚШ аумағына Мексикадан келіп жатқан заңсыз мигранттар мен есірткі ағынына тосқауыл қою үшін бұл дуал өте қажет» деп санайды. 2016 жылы президент сайлауына түскенде ол «дуал құрылысының қаржысын Мексикаға төлеткіземін» деген. Ал Мексика бұған қарсылық білдірген.
Демократтар мен басқа да сыншылар «Трамп елдің оңтүстігіндегі мәселені зорайтып көрсету үшін фактілер мен цифрларды бұрмалап отыр» деп айыптап, мұндай биік қабырғаның қажеттігіне күмән келтірді. Трамп пен оның командасының ойынша, «оңтүстіктегі шекара — террористердің негізгі жолы».
— Оңтүстіктегі шекарадан террористер өтіп жатыр. Себебі бұл олар үшін ең оңай жол, — деді Трамп қаңтардың басында.
Кейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Хакаби Сандерс шекарадан мыңдаған террористің заңсыз өтіп жатқанын айтты.
“Террорист немесе террорист ретінде күдікке ілінген төрт мыңға жуық адам елге келеді. Ең осал жеріміз оңтүстік шекарамыз болып тұр” деді ол қаңтардың 6-сы Fox News телеарнасына берген сұхбатында.
Бірақ Трамп пен Сандерстің айтқанына нақты дәлел жоқ.
CATO институтының жазуынша, 1975-2017 жылдар аралығында терроризммен онша байланысы жоқ мүдделес елдерден АҚШ-қа заңсыз келгендердің жетеуі ғана «ел аумағында террорлық шабуыл жасауға тырысты» деп айыпталған. Олардың ешқайсысы Мексика жақтағы шекараны кесіп өтпеген.
Трамп 8 қаңтарда халыққа арнаған мәлімдемесінде тұрғындарды Мексикамен арада дуал тұрғызу қажеттігіне сендіруге тырысты. Президент мәлімдемесінде заңсыз иммиграция кесірінен АҚШ тұрғындарының зардап шегіп отырғанын айтып, Мексика шекарасы арқылы күн сайын заңсыз есірткі елге ағылып жатқанын жеткізді.
Өкілдер палатасының спикері, Калифорниядан сайланған демократ Нэнси Пелоси мен Сенаттағы Нью-Йорктен сайланған демократ Чак Шумер Трамптың сөзі “кекшілдік пен жалған ақпаратқа тұнып тұр” деді.
Дуалды “моральға қайшы” деп сипаттаған Пелоси 3 қаңтарда Өкілдер палатасының жаңа спикері ретінде ант қабылдаған соң “біз дуал тұрғызбаймыз” деп кесіп айтты.
ТРАМП ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАЙ АЛА МА?
Дуалды тұрғызу үшін президентке ақша керек. Ал қаржы федералдық бюджеттен келеді. Президент бюджет жобасын ұсынғанымен, федералдық әмиян – конгрестің қолында. Президенттің ұсынысы көбіне жай консультативтік құжат ретінде ескерусіз қалады. Конституция бойынша, ақшаны бөлу функциясы Конгреске берілген. АҚШ заң шығарушылары осы билігін қызғыштай қорғайды.
“Соңғы жылдары конгресс президентке көп билігін беріп қойды. Енді конгресс сол билікті қайтарғысы келеді” деді Ратджерс университетінің конгресс жөніндегі сарапшысы Росс Бейкер 2017 жылы Seattle Times басылымында шыққан мақалада.
Ал Трамп дуал тұрғызу үшін президенттің төтенше билігін пайдаланып, конгресті айналып өткісі келеді.
4 қаңтарда Трамп журналистерге “қаласам, мұны істей аламын. Ұлттық төтенше жағдай жариялай аламыз” деді.
Трамптың бұл сөзінен кейін АҚШ-та “президент мұндай өкілетке ие ме, жоқ па?” деген пікірталас өрбіді. Демократ Адам Шифф “жоқ” деп жауап берді.
“Соғыс кезінде Гарри Трумэннің өзі болат өнеркәсібін мемлекет меншігіне қайтара алған жоқ. Демек президенттің төтенше жағдай жариялап, шекарада миллиардтаған доллар кететін дуал тұрғызуға қақысы жоқ” деді ол 6 қаңтарда АҚШ телеарнасына берген сұхбатында.
Трумэн 1952 жылы Корей соғысы кезінде болат өнеркәсібін бақылауға алу үшін ұлттық төтенше жағдай жариялаған. Бірақ АҚШ-тың Жоғарғы соты жарлықтың күшін жойған.
1976 жылы конгресс президенттің төтенше жағдай жариялауына шектеу қою үшін “Ұлттық төтенше жағдай туралы” акт қабылдады. Бұл акт конгреске президент жариялаған төтенше жағдай туралы шешімнің күшін жоюға мүмкіндік береді.
Өкілдер палатасын демократтар бақылап отырғанын ескерсек, Трамп оңтүстік шекара бойынша төтенше жағдай жариялаған жағдайда, олар президент шешімінің күшін жою үшін дауыс беруі де ғажап емес. Бұл жағдайда сенаттың мәселені дауысқа салуға 15 күн уақыты бар.
Ал Трамп шекарада “төтенше жағдай” қалыптасқанын конгреске дәлелдеуі керек.
2017 жылы Трамп шекараны қорғау жобаларына 1,6 миллиард доллар бөлгізген, бірақ бұл ақша жаңа қабырға тұрғызуға емес, көбіне бұрынғы шекара қоршауларын нығайтуға жұмсалған.
Дереккөз: Азаттық