Қатерлі дерттің емі – инновация
Елімізде медициналық технологияларды енгізудің басты зертханасына айналған орталықтар бар. Айталық, JCI халықаралық сапа сертификаттауынан сәтті өтіп, Қазақстанды медициналық туризм орталығы ретінде танытқан Ұлттық медициналық холдингі қызмет көрсетуде. Әлемге әйгілі Ю.Пя, С.Ақшолақов, Н.Батпенов сынды дәрігер-ғалымдар қазақ медицинасының әлеуетін танытты. Бұл аға буынның жетістіктері бүгінде Назарбаев Университет қабырғасында да жас ғалымдардың ізденісімен жалғасып, медицинаға қажетті инновациялық жұмыстар кеңінен жүргізілуде. Медициналық білім беру және биомедицина саласында Орталық Азия бойынша хаб құру мақсатында Питтсбург университетінің Медицина мектебімен әріптестік орнатылып, дәрігер-зерттеушілерді даярлауға мүмкіндік алды. Бұл мектеп Астана қаласындағы Ұлттық медициналық холдингтің алты медициналық клиникасымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Бүгінде отандық медицина ғылымын дамытудың бірінші кезектегі міндеті – озық әлемдік стандарттар мен тұжырымдамалар трансфертінің негізінде оның әдістемелік тәсілдерін жаңғырту. Осы мақсатта отандық ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларының халықаралық бағдарламалар және жобалар интеграциясына үлкен назар аударылып, қазақстандық жобалардың халықаралық мультиорталықтық зерттеулер бағдарламаларына өтуі мен тартылуы үнемі ынталандырылып келеді. Соның бір айғағы – «Денсаулық сақтаудағы инновация» халықаралық ғылыми форумы. АҚШ, Аустрия, Германия, Израиль, Италия, Люксембург, Куба, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Өзбекстанның және еліміздегі үздік дәрігерлер қатысқан форумда денсаулық сақтауды цифрландыру, роботтандырылған хирургия, онкология салаларындағы инновациялық әзірлемелер, инновациялық өнімдер, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтер нәтижелерін грантпен қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, соңғы 3 жыл ішінде отандық медицинаға 100-ге тарта жаңа инновация енгізіліп, Еуразиялық кеңістікте роботтық хирургияны қолдану арқылы операция жасайтын аз ғана елдің қатарына Қазақстан да кіріп отыр. Сала басшысы алда тұрған міндеттерді саралай келіп, науқастарды емдеу әдістерін жетілдіруде инновация мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына мән берді.
Дәрігерлер қандай да бір дертті емдегенде пациенттің ерекшелігі болатынын айтады. Мәселен дәрігерлер емдеу барысында жүргізілген зерттеулер адамның геномы мен метаболизм процесінің ағзада қалай жүруіне байланысты бірдей жасалынған емге әр пациенттің әртүрлі жауап беретінін айқындады. Біріне жаққан емнің екінші біріне қарсы әсері болуы да мүмкін. Президент Іс басқармасы медициналық орталығының басшысы Валерий Бенберин биомедицина мен биоақпараттанудың қарышты дамуы жасушааралық қатынастардың байланыстарын бұрынғыдан әлдеқайда тереңдете тануға мүмкіндік жасағанын айта келе, орталықтың молекулярлық-геномдық зертханасын іске қосып, әр адамның ДНК-сын секвенирлеуге, яғни ДНК-дағы азотты құрамдастар – нуклеотид тізбегінің картинасын жасауға толық даяр екенін алға тартты. Мұндай ем-шараны кәсіби тілде «имплантация алдындағы генетикалық скрининг» деп атап, биологтар мен генетиктер соның көмегімен молекулярлық эмбрион хромосомаларының санын анықтайды, сол арқылы генетикалық патологияның дамуын ерте сатыда біле алады. Сондай-ақ ауру белгілерін анықтауға және емдеу процесінде қолдануға мүмкіндік беретін биомаркерлердің жаңа түрлерін пайдаланумен бірге роботтандырылған хирургияның дәрігерге көмекке келуі әсіресе, онкологиялық операциялардың сапасын жақсартуымен қатар, пациенттерге қосымша тексерулерді жүргізуді және химиотерапияны жасаудың қажеттігін азайтты.
Медицинадағы онкоауруларды дер кезінде анықтау мен емдеудегі перспективалы бағыттың бірі – радиоизотоптар көмегіне жүгіну. Президенттік клиника онкологиялық ауруларды емдеу аясын кеңейту мақсатында ауруханада радиоизотоптық фармакологиялық препараттарды дайындауға да қам жасауда. Бұл жайында былтыр қазан айында елімізге келген жапондық профессор Джун Хатазаваның былай дегені есте. Ол «Дүние жүзіндегі ядролық медицинаның озық клиникалары, оның ішінде Жапония қолданатын препараттарды Қазақстанда жасауға әбден болады. Оған ядролық физика, химия саласы бойынша мамандар, зерттеуді клиникада жүзеге асыруға пейілді білікті дәрігерлер бар. Сондықтан Қазақстандағы ядролық медицинаның радиоизотопты препараттар дайындауда келешегі зор», деген-ді. Сол жолы профессордың радиоизотопты препараттарды қан тамыры арқылы жіберіп, метастазаның бетін қайтарып қана қоймай, обыр жасушалары көзінің толық жойылғанын және оның бас-аяғы бірнеше айдың жүзінде мүмкін болуына көз жеткен. Әдетте метастаза басталып кетсе, үміттің үзілгені, дерттің бойға дендегені дейтін ұғымға өзгерістің енуі қаншалықты қымбат десеңізші!
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова патоморфология және иммунды гистохимия (лаборотория) зертханаларының диагноз қоюмен қатар, қатерлі ісіктің құрылымын және биологиялық структурасын анықтауының нәтижесінде пациентке қажетті таргетті препараттар қолдану жайында берген ақпараты назар аударған. Жалпы таргетті терапия термині ағылшынның the target – нысана сөзінен шыққанын айта кеткен жөн. Д.Қайдарованың айтуынша, пациенттің бойындағы белгілі бір кеселге, ол тіпті белгілі бір мутацияға ұшыраған жағдайда тек сол ауруға ғана бағытталып, оны жойып, өзге сау органдарға залалы тимейтін таргетті дәрілерді пайдаланудың елімізде тегін жүргізілуі мақтаныш сезімін тудырады. Және таргетті терапияның бағасы соншалық арзан да емес көрінеді. Мәселен, бір таргетті дәрінің құны 500-600 мың теңге шамасында. «Интероперациялық сәулелік терапия үшін, хайпек, электрохимиялық терапия, гипертермия қолдануға қажетті және балалар миының онкоауруларында әрі нысаналы және қауіпсіз саналатын протонотерапияға керек құралдарды алуға мемлекет кең көлемде қаржылық қолдау көрсетуде», дейді бас онколог-дәрігер.
Болашақ медицинасы немесе медицинадағы 4 Пи әлемде қарқынды дамып отырған үрдіс. Бұл 4 Пи де еліміз үшін тосын емес. Форум аясында біз әңгімеге тартқан Президент Іс басқармасы медициналық орталығы басшысының орынбасары Ажар Төлеғалиева оны жіліктеп тұрып айтып берді. «Бірінші Пи бойынша адамдардың болашақтағы ықтимал ауруын алдын ала болжау геномдық зертханада жүргізіледі. Екінші Пи – сол ауруды болдырмау жайында кеңес беруді жолға қойса, үшінші Пи – әр пациентке тиімді ем жолын және дәрі-дәрмектерді анықтау, төртінші Пи – науқастың қатысуымен атқарылатын парасимпативтік жолды қолдану. Осы төртеуі жүргізілгенде әрбір адамның генетикалық паспорты жасалады. Осындай жеке пациентке бағытталған дербес медицина даму үстінде», дейді ол. Әр қазақстандықтың генетикалық паспортпен қамтылу мүмкіндігі және оны алу үшін қаншалықты қаражат қажет? 10 жыл бұрын оны жасату әлемде қымбатқа түсті, ал қазір диагностикалық аппараттардың жетілуіне, көптеген медициналық орталықтарда бұл тәсілдердің енгізілуіне байланысты баға айтарлықтай қолжетімді бола түсуде. Еліміздегі емдеу мекемелерінде дербес (персоналды) медицина енгізілетін болса, бұл кім-кімге де мүмкін болады деген ойларын айтты. Дәл қазіргі уақытта генетикалық паспорт жасату құны 500 АҚШ доллары көлемін құрайды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/