Шымкентте «9 жастағы қызды зорлаған» күдіктіні іздеп жатыр

0

Шымкентте 9 жастағы қызды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қаңтардың 9-ы күні Азаттыққа қалалық полиция департаменті хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, 5 қаңтар күні жергілікті тұрғын белгісіз адам өзінің кәмелет жасына толмаған қызын зорлады деп арызданған. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Күдіктіні ұстау іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Департамент қылмыстық іс қалалық полиция департаменті мен прокуратурасының бақылауында екенін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бала неге зорланады? Сарапшылар пікірі

Бұдан бұрын қалалық прокуратура былтыр кәмелет жасына толмаған балаларға жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыс саны күрт артқанын мәлімдеген. Прокуратураның мәліметінше, былтыр 2017 жылмен салыстырғанда бала зорлау қылмысының саны 18-ден 43-ке ұлғайған.

Дереккөз: Азаттық