Зияткерлік мектеп әдістемесімен танысты
Маңғыстау ауданында алғаш рет өткізілген тәжірибе тарату семинары алты секция бойынша жұмыс істеді. Мектеп директорларының басын қосқан «Жаңартылған білім мазмұнын енгізу жағдайында білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктері» секциясында мектеп директоры жаһандық азамат түсінігі және оны орта мектептерде енгізудің маңыздылығы жөнінде баяндап, кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтты. Өңірдегі Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қ.Боранбаева «Ұжымды басқару: көшбасшылық және командалық жұмыс» тақырыбында ой өрбітті.
«Мұғалімнің кәсіби дамуы – сапалы білім негізі» секциясында зияткерлік мектептің ұстаздары Маңғыстау ауданындағы мектеп директорларының бейінді жұмыстар жөніндегі орынбасарларына мұғалім көшбасшылығы арқылы мұғалімнің кәсіби дамуына ықпал ету жолдарымен, іс-әрекеттегі және сабақты зерттеу тәжірибесі, әдіс-тәсілдері туралы баяндады.
Биыл күзде Астана қаласында өткен Х «Жаңа дәуірдің мектебі» ғылыми-тәжірибелік конференциясында әлемнің 24 елінен жиналған білім сарапшылары баланы тәрбиелеу жұмыстары жайында мәселе көтеріп оны мектепте жүйелеу туралы, баланы мектеп аясында тәрбиелеу өзектілігін жоймағанын айтқан еді. Бұл тұрғыда зияткерлік мектептің тәрбие беру жұмыстары өзге мектептерге үлгі ретінде таратылуда. Мәселен, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары А.Ихсанова мен мектеп кураторлары «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру» секциясында бала және ата-
анамен жұмыс, ата-ананы мектеппен бірге жұмыс істеуге бет бұрғызу әдістері жайлы айтты. Облыстағы мектептерге тәрбие бағытында тәжірибе тарату маңызды мәселелер қатарында болғандықтан, өңірдегі зияткерлік мектепте «Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәрбие жүйесінің тәжірибесінен» тақырыбындағы облыстық семинар өтіп, мектеп кураторлары өңір мұғалімдерімен өз тәжірибелерімен бөліскен еді. Балаға білім берудегі маңызын жоймайтын тағы бір мәселе – оқушыны кітап оқуға мектеп қабырғасында баулу. Семинарда бұған қатысты «Оқушыларда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың белсенді әдістері» секциясы ұйымдастырылды. Мектеп кітапханашысы балаға «кітап джемі» және ертегілер мен шығарма негізінде «3D кітап жасауды» 20-дан аса кітапханашыға көрсетті, бірігіп кітап жасады. Кітапханашылар мұндай шаралардың балаларды кітап оқуға баулитындығын айтты. Сондай-ақ директордың бейінді-эксперименталдық жұмыстар бойынша орынбасарының жетекшілігімен «Критериалды бағалау жүйесін енгізу процесін басқару» секциясы өтті. Мектеп координаторларына педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері жаңартылған білім мазмұны жағдайында оқушыларды жиынтық бағалаудың ерекшеліктері туралы баяндады.
Көптеген пән мұғалімдеріне қызықты болған секция – «Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту ерекшеліктері». Бұл секция бойынша 200-ден аса ұстаз зияткерлік мектептегі пән мұғалімдеріне жаңа білім мазмұнына қатысты қызықты әдіс-тәсілдерді тыңдады.
– Зияткерлік мектептегі әріптесіміздің көмегімен бүгінгі семинарда жаңартылған білім беру мазмұнын тиімді пайдалану бойынша өз пәнімізге қажетті маңызды мағлұматтарды алдық. Әсіресе критериалды бағалау және тоқсандық бағалау бойынша сұрақтарымызға жауап берілді. Семинар тиімді өтті деп есептеймін, – дейді Қаратөбе орта мектебінің химия пәні мұғалімі Ж.Теңізбаева.
Тәжірибе тарату процесі барысында ұстаздар тарапынан зияткерлік мектеп мұғалімдерінің сабақ өткізу процесіне қатысу туралы ұсыныс көп болды. Осыған орай, білім ордасының мұғалімдері облыстағы 200 пән мұғаліміне арнап 40 ашық сабақ өткізді. Арнайы ашық сабақ күнінде балаларды сабақ барысында бағалау, тақырыпты түсіндіру, кері байланыс процестеріне тоқталды.
Ұрпаққа заманауи білім беру әдіс-тәсілдерін жетілдіру бағытындағы зияткерлік мектептің көшбасшылығы – барша мектептерге үлгі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/