Қазақтың байырғы өлшем бірліктерін білесіз бе?
Бір мысқал – 5 грамм шамасындағы ауырлық.
Бір сəрі – 10 мысқал ауырлық.
Бір қадақ – 400 грамм мөлшеріндегі ауырлық.
Бір пұт – 16 килограмм ауырлық.
Бір қап – 60 килограмға жуық ауырлық.
Бір батпан – 160 килограмм ауырлық.
Бір елі – бір жарым сантиметр мөлшеріндегі қалыңдық (ұзындық).
Бір тұтам – 7–10 сантиметр шамасындағы ұзындық.
Бір сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың ашқандағы аралығы, яғни, 15–18 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.
Сынық сүйем – басбармақты жазып, сұқ саусақты бүгіп, ашқандағы аралық, яғни 10–13 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.
Бір қарыс – алақанды толық жазғандағы басбармақ пен шынашақтың аралығы, яғни, 20–25 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.
Бір құлаш – екі қолды екі жаққа жайғандағы ара қашықтығы, яғни, бір жарым да екі жарым метр мөлшеріндегі ұзындық.
Бір табан – 20–28 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.
Бір адым – жүрген кездегі екі аяқтың аттау (басу) қашықтығы, яғни 10–60 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.
Бір аттам – аяқты созып бір аттаған аралық 50–80 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.
Бір шымшым – басбармақ пен сұқ саусақ арқылы қысып алған зат. Ол қысып алған заттың ауыр-жеңілдігіне қарай бірнеше грамм, тіпті, бірнеше мысқал болуы да мүмкін.
Бір шөкім – төрт саусақтың ұшымен бір рет қысып алған зат. Ол қысып алған заттың ауыр-жеңілдігіне қарай бірнеше он грамм, тіпті, мысқал болуы да мүмкін.
Бір уыс – бес саусақты ашып, алақанмен бір-ақ уыстап алған зат. Ол уыстап алған заттың ауыр-жеңілдігіне қарай бірнеше жүз грамм, тіпті, бірнеше килограмм шығуы да мүмкін.
Бір асым ет – бір отбасының бір жолғы тамақтануына (асып жеуіне) толық жетерлік ет. (3–5 килограмм мөлшерінде).
Бір қайнатым шай – бір отбасының бір рет қайнатып ішуіне жетерлік шай.
Бір салым тұз – бір үйлі жанның бір жолғы тамағына жетерлік тұз.
Бір жапырақ нан – бір нанның белгілі бір бөлегі, яғни, жапырақтай нан.
Бір жұтым су – бір рет жұтып, сусын қандыралық су.
Бір ұрттам су – бір ұрттам, таңдай жібітерлік қана су.
Бір кез – 70 сантиметр мөлшеріндегі ұзындық.
Бір аршын – 71 сантиметр айналасындағы ұзындық.
Бір шақырым – 1000 метр қашықтық.
Əудем жер – 100–150 метр мөлшеріндегі жер.
Қозы көш жер – 3–4 километр шамасындағы жер.
Тай шаптырым жер – 2–3 километр шамасындағы жер.Құнан шаптырым жер – 4–5 километр мөлшеріндегі жер.
Ат шаптырым жер – 6–7 километр мөлшеріндегі жер.
Сəскелік жер – 10–12 километр мөлшеріндегі жер.
Түстік жер – 15–20 километр мөлшеріндегі жер.
Көш жер – 20–30 километр мөлшеріндегі жер.
Күндік жер – 40–60 километр мөлшеріндегі жер.
Ит өлген жер – өте ұзақ, алыс жер.
Айлық жер – бір ай жүргенде жететін жер.
Жылдық жер – бір жылда жететін жер.