одақтас па әлде қарсылас па?

0

Белгілі дінтанушы-ғалым Жалғас Садуахасовтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Ислам – ақиқат дін. Бабаларымыз ұстанған бірегей жол. Алайда, бүгінгі буынның арасында асыл дініміздің ұстанымдары мен қағидаттарын дұрыс түсіне алмай жүргендер бар сияқты? Мұндай сауатсыздыққа біздің халық қайдан кезікті?

– Бүгінде біз көп жағдайда дін исламды бағалаған уақытта оның негізгі мазмұнын құрайтын ішкі құндылықтарына емес, керісінше өзін мұсылман етіп көрсеткен немесе «Мен мұсылманмын» деген адамның бойына қарап баға беріп жатамыз. Исламды бұлай түсіну, оған жеңіл баға беру – мүлдем қате. Себебі, ол адамның бойында жалпы адамға тән кемшілік болуы мүмкін немесе ол діни сауаты аз, яки дінді жамылып, өзінің жеке мүддесін көздеп әрекет ететін белгілі топ, жамағат мүшесі болуы да ықтимал. Енді қалайша біз ондай жанның әрекетіне қарап, бүтін дінге баға береміз?!

Мысалы, егер сіз медицина саласын бағалайтын болсаңыз, онда қандай да бір дәрігердің кәсібилігіне, білімділігі мен білімсіздігіне қарап баға бермейсіз. Медицина – пайдасы мол сала, ал дәрігердің өз мамандығын біліп, білмеуі қабілетіне байланысты. Нашар болса, дәрігер нашар болуы мүмкін, бірақ медицина емес. Дәл сол сияқты, Ислам діні – ізгілік. Кемшілік дінде емес, оны бойына дұрыс сіңіре аламаған адамда. Ал енді қолына жарылғыш алып, бейбіт тұрғындарды өлтіретін топтарды көрсетіп, «Ислам – осы» деп БАҚ құралдарында көрсетушілердің мақсаты – қоғамда исламофобия (исламды жеккөрушілік) туғызу. Бұл жағдай батыс мемлекеттерінен жиі көрінеді. Өйткені, олар Еуропаның толықтай мұсылман болып кетуінен қорқады.

– Исламды ізгілік дедіңіз. Өзге де көркем, әділ, ақиқат, бірегей жақтарын молынан тізбектеуге әбден болады. Сіз оқырмандарымызға қысқаша қалай айтар едіңіз?

– Расында, бұл – үлкен тақырып. Әйтседе, бір-екі сөзбен айтсақ, Ислам – әлемдік діндердің ең жасы. Соған қарамастан, ол әлемдегі ең үлкен екінші діннің қатарына жатады. Ислам әлемнің 1,8 миллиард халқын Құранның жалпыадамзаттық құндылықтары мен гуманистік мұраты, Мұхаммет пайғамбардың (с.ғ.с) өсиеттері негізінде біріктіріп отыр. Мұны біз «Ислам мәдениеті» деп те атап жүрміз. Сондай-ақ Ислам – бейбітшілік пен мейірімділіктің діні ретінде түрлі нәсілді, түрлі тілде сөйлейтін, әрқилы ұлттық ерекшеліктері бар ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, ислам құндылықтары аясында топтастырып, дүниетаным және өмір сүру салтының, ділдік, имани ұстанымдарын айқындауда.

Бойына Ислам құндылықтарын сіңірген иманды адам – көркем мінездің иесі. Қазақ бұзық, қиянатшыл, көргенсіз адамды «имансыз» деп сөгеді. Демек, иманды адам – жақсы адам. «Ислам» сөзі бейбітшілік, амандық мағыналарын білдірсе, «мұсылман» сөзі Алланың әміріне бойұсынған деген мағынаны береді. Діндар, құдайшыл әрі тақуа адам қалайша Жаратушының: «Адамды өлтірме» деген әміріне қарсы шығып, басқаларды қанішерлікке шақырмақ, жазықсыз адамдарды өлтірмек?!

Исламда адам өмірі, құқығы – қасиетті ұғымдар, бұлар қатаң сақталады. Себебі, дін Исламның қағидатына, түсінігіне сәйкес, адамға шыбын жанындай жан берген, оған жарық өмір сыйлаған – Жаратушы. Демек, адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Ал аманатқа қиянат жасау – мұсылман баласына жат қылық. Берген аманатты оның иесі ғана алуға құқылы.

– Терроризм мен экстремизм жайында да әңгімелей кетудің орайы келген сияқты…

– Иә, Ислам жазықсыз адамға оның өміріне, жеке мүлкіне басқыншылық жасауға, сондай-ақ, оның ар-намысына қатысты қандайда бір қатты сөз айтуға рұқсат бермейді. Исламдағы бұл қағида барлығына тең. Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің ең соңғы жасаған қоштасу қажылығында халыққа қарап, адамның өміріне, жеке мүлкіне және ар-намысына Қиямет күніне дейін қол сұғылмауы тиістігін былай айтқан болатын: «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру» (Мүслим, Термези, Нисай және Ибн Мәжәһ).

Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл талапты тек мұсылмандар үшін айтқан жоқ, бәлкім барлық адамдарға қатыстырып меңзеді. Бейбіт өмірді былай қойғанда, тіпті ұрыс заманында да Ислам соғысқа қатыса алмаған бала-шағаны, кемпір мен шалды, әйелдер мен дін қызметкерлерін қинауға, атуға тыйым салған. Бұған таң қалуға болмайды, өткені Ислам жануарды да қинауды құптамайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) бір әйелдің мысықты тамақтандырмай аш қалдырғаны үшін тозаққа түскені туралы хадис айтқан (Бұхари). Бұл әйел мысықты қамап, оған тамақ бермеген, не оның өзіне тышқан аулап ұстауына мүмкіндік жасамаған екен. Сол үшін оны Алла тозаққа түсіріпті.

Егер Ислам жануарды қинаған адамды осылай жазазаласа, онда адамдарды қинаған, оларға күш көрсеткен немесе жәбірлеушілерге қандай жаза бермек?! «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай» («Ниса», 29-30) делінген Құран Кәрімде. Жазықсыз адамдарға қарсы жасалған қастық – ауыр қылмыс, үлкен күнә. Бұл зардап шегуші адамның нәсіліне, шыққан тегіне немесе ұстанған сеніміне қатысты емес. Жазықсыз адамды өлтіру немесе жазаға тарту мәселесінде Ислам барлық пенделерге тең қарайды, оларға тең құқық береді.

– Сіздің сөзіңіз «Ислам діні өзге дін өкіліне де сенім еркіндігін береді» дегенге саяды. Солай ма?

– Әрине, Ислам кез келген дін өкіліне сенім еркіндігін берді. Мұсылман қоғамында басқа дін және сенім өкілдеріне өмір сүрулері үшін кепілдік берілгені тарихтан белгілі. Оған мынау хадис куә: «Кім (мұсылмандар қамқорлығында өмір сүріп жатқан) христианды немесе яһудиді ұстанған діні үшін өлтіремін деп серт беріп, кейін оларды өлтірсе, оған жәннаттың иісі бұйырмайды. Расында, жәннаттың иісі қырық жылдық жолдан аңқып тұрады» (Бұхари).

– «Бір адамды өлтіру – барлық адамды өлтіргенмен тең» деген хадистің де бары есімізде…

– Иә, Ислам догмасы бойынша бұл дүниеде ұрлаған немесе қираткан адам да Алла тағаланың ашуына тап болады, жазаланады. Құранның «Мәида» сүресінде Алла тағала бір адамның өмірін күллі адамның өмірімен теңеген. Бір адамды өлтіру – барлық адамды өлтіргенмен тең болғаны сияқты, бір адамның өмірін құтқару – бүкіл адамның жанын аман алып қалғанмен бірдей. «…Соның салдарынан Біз Исрайыл әулеттеріне: «Бұрын өзі адам өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған нақақ адамды өлтіруші кісі барлық адам баласын өлтіргенмен тең. Ал егер біреу бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), ол – барлық адамды тірілткенмен бірдей болады деп әмір еттік» (Мәида: 32) дейді қасиетті кітапта.

Көріп отырғанымыздай, адам өлтіру – үлкен күнә. Ал адам өліміне араша түсіп, аман алып қалу – үлкен марапат. Адам өлімі – қай заманда да қатты сынға алынған құбылыстардың бірі. Қылмыскер бұл өмірде жасаған қылмысы үшін қапасқа салынса, ақыретте Алланың жазасына ұшырайды. Исламда нәсілдік, сенімдік үшін адам өлтіруге болады деген қағида жоқ, керісінше, адамдардың татуласуы, бірігуі, бейбіт ғұмыр кешуі насихатталады. Ислам адамның рухани және мәдени жетіліп, көтерілуін қалайды. Сол себепті орта ғасырлық мұсылман ғалымдары «инсанун кәмилун» (кемел адам) тұжырымдамасын жасап, оны дамутыға күш салды. Өйткені, мұсылман өзін-өзі тәрбиелеп, рухани жетілдіруі қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөз: http://kazislam.kz/