Ерболат Беделханның әйелімен ажырасып кеткені рас па?

0

Анамның үйіне көшіп кеттім. Біраз уақыт сол жерде тұрдым.

Ninety one тобының продюсері Ерболат Беделхан бүгінде төрт баланың әкесі. Ол бір кездері “Дауыс International” тобында ән салған Асыл есімді қызды жар еткен. Асыл Беделхан “91” тобының құрылуына басынан бастап атсалысқан. Алайда бүгінде ол жеке продюсерлік орталығын ашып, күйеуінің компаниясынан бөлек кеткен. Бұл туралы Тимур Балымбетовтың “Шыны керек” бағдарламасында айтылды, деп жазады Stan.kz.

Жақында Асыл тегін ауыстырып, желідегі суреттерін түгел өшіріп, тіпті, біраз уақыт шетелде тұрған. Мұның себебін Асыл басынан өткен ауыр күйзеліспен түсіндіреді.

“Шығармашылық адамы ретінде Juz Entertainment-те қысылып кеттім. Үшінші қызымды тудым, декретте болдым, төртіншісін босандым, тағы декретте болдым. Мен жоқ кезде біраз нәрсе өзгергенін байқадым. Жаңа адамдар пайда болған. Жаңа ереже, жаңа жүйе. Менің сөзім тіпті, еленбей қалды. Біз әрқашан Ерболаттың соңғы сөзін күтетінбіз. Мен үшін бұл қолайсыздық туғызды.

Juzim тобының продюсері болсам, шешімді өзім қабылдауым керек деп ойладым. Өз лейблімді құру туралы осы кезде ойландым”, – деген Асыл Ерболаттың бұл шешімге қалай қарағанын түсіндірді. Айтуынша, алғашқыда отағасы оны райынан қайтаруға тырысқан.

“Әрине, қуанған жоқ. – Қалайша? Ойланып көр, – деді. Себебі біздің серіктестерімізбен келісім-шартымыз бар еді. Бірақ мен оны сабасына түсірдім. Бұл нәрсе біздің қарым-қатынасымызға, отбасымызға әсер етпейді дедім”, – дейді Асыл.

Ерболат пен Асыл осыдан 21 жыл бұрын танысқан. Ол кезде Асыл небәрі 14 жастағы жасөспірім еді.

“Мен хореография залына барған кезде 14-те едім. Ол заманауи биден сабақ беретін. Үстінде тор жейде, шашы ұзын түйілген, кең джинсы шалбар киген жігітті көрген кезде неткен біртүрлі жігіт деп ойладым. Ол кезде Қарағандыда тұрдық. Ол расымен де біртүрлі еді. 2 ай бойы менің есімімді жаттай алмады. Үнемі “мына қыз” дейтін. Ал мені тіпті, анам олай атамайтын. Дөрекі жігіт ретінде есімде қалды”, – дейді Асыл.

Асыл Ерболаттың жақсы күйеу әрі керемет әке екенін айтты. Алайда компаниядағы жұмыстан аластатып тастаған соң, өзін жалғыз сезінгенін, күйзеліске түскенін жасырмады.

“Төртінші қызымды дүниеге әкелдім. Мені көп жұмыстан аластатып тастады. Ерболат: – Балалар кішкентай, үйде отыр, – деді. Оның айтқаны бір жағынан дұрыс еді. Бірақ мен ешқашан үйде отырмаған адаммын. Ештеңеге қарамастан, компанияға қайта ораламын деп шештім. Анамның үйіне көшіп кеттім. Біраз уақыт сол жерде тұрдым. Себебі анаң сияқты саған ешкім көмек бере алмайды. Ал менің анам Ыстамбұлда тұрады, отбасы бар”, – дейді Асыл.

Асыл балалардың көзінше, қоғамдық орындарда Ерболат екеуміз бір-бірімізге қатты сөйлеген адам емеспіз, дейді. Сондықтан да ол жанұядағы түсініспеушілік туралы фанаттардың қалай біліп қойғанын түсінбей отыр. Әйтсе де, Асыл Ерболатпен ажыраспағанын, бүгінде бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқанын айтты.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!