«Ұлттық волонтерлік желі» — жастардың жолын ашқан жоба

0

Zhas project жастар корпусын дамыту – Дүниежүзілік банк пен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. 

– Үйлестіру агенттігі алдыңғы жылы қанатқақты жобаны Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыста­рында жүзеге асы­руды қолға алған болатын. Сөй­тіп осы 4 аймақта 18-29 жас ара­лы­ғындағы екі мыңға жуық жасты қамтыды. Олар әлеуметтік идея­лар­дың негізінде 589 жоба ұсынды. Гранттық байқауға қатысу үшін жас­тар 3-5 адамнан тұратын топтарға бірігіп, біздің сайтта орналасқан талаптарға сәйкес электронды түрде өтініш бере алады. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқта­лар болсақ, жас­­­­­тар жоба жүзеге асы­рылатын ай­­мақ­та тұруы қажет. Олар­дың жас мөлшеріне, қолға алған бастамаларына қажетті құжат­тарының түгел болуына қа­тыс­ты да талаптар бар. Әрине, ең бастысы, ынта-ықыласына келіп тіре­ле­ді. Былтыр Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда сынды 6 облыс қосылды. Биыл қалған төрт облысты және Астана мен Алматыны тартамыз. Осылайша, үш жылдың ішінде Қазақстан жастары мүмкіндігінше «Zhas project» жобасының қайтарымсыз гранттарына ие бола алады, – дейді бірлестік төрайымы Вера Ким.

Былтыр грантқа үміткер адам­дар­дың жас шектеуіне аздаған өзгеріс енгізіліп, 14-29 жас аралығы қамтылды. Айта кетерлігі, грантты алу үшін керемет инновациялық жа­ңа­лық табу қажет емес. Қарапайым мысал үшін айтсақ, ауылда шағын наубайхана ашуды ұсынған жастарға да қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, елге де, іскер азаматтың өзіне де пайдасын тигізсе болғаны. Жоба жүзеге асырылатын алты ай ішінде жастар шәкіртақымен қамтамасыз етіліп, тиісінше ауыл тұрғындарына нанды ақысыз таратуы керек. Жобаның әлеуметтік деп аталуы да осыдан келіп туады. 

Мал және құс шаруашылығы, ағылшын тілін оқыту, тігін цехтары, басқа да көптеген әлеуметтік бағыттағы жобалар бар. Берілген грантқа сатып алынған жабдықтар немесе төрт түліктердің бәрі өз­де­рін­де қалады. Яғни, олар өз ісін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алады. 

– Бір қызық жоба болды. Алматы облысында еті тірі жастар бірі­гіп, біраз сиыр сатып алып, сүтін ауыл тұрғындарына таратыпты. Бір қарағанда жай ғана мал шаруа­шы­лығы сияқты. Кейін зерттеп көрсек, бұл ауылда кальций мен басқа да дәрумендердің жетіспеушілігіне байланысты сүйек жүйесі ауруларына шалдыққан адамдар басқа өңірлермен салыстырғанда көп екен. Демек, оны қолдау керек, – дейді Вера Александровна.

Иппотерапия, яғни салт атпен жүру арқылы емдеу әдісін қолға алғандар да бар. Жалпы, меди­ци­на­ға қатысты кез келген жобаға үйлестіруші топ ерекше сақтықпен қарайды. Тексере келгенде, иппотерапияны қолға алушы азаматтың бар­лық тиісті құжаттары түгел екен­дігі анықталды. Жас жігіт Мәс­кеу­де медициналық университет бітір­ген білікті маман болып шық­қан. Ауылдық жерлерде осындай ар­найы білімі бар мамандардың болуы өте маңызды. Қазір оның көмегіне жүгінген біраз науқас балалар дертіне шипа тауып, ата-аналары алғысын жаудырып тұрады.

– Осындай пайдалы істер өз нәтижесін беріп жатқанын көргенде бекер жұмыс істемейтінімізді түсінеміз. Біз әрбір қатысушы өмірінің оң бағытқа өзгеруіне және олардың армандарына жету үшін алғашқы қадамдарын бастауына, қоғамның мәселелерін шешуге атсалысуына ықпал еткіміз келеді, – дейді В.Ким. 

Әр жоба жастардың өзіне ғана емес, олар өмір сүретін қоғам үшін маңызды. Жобада жұмыс істеген алты ай ішінде жастар өздеріне пайдалы көп нәрсені үйренеді. Ал қабілеті бар азамат әрі қарай басқа да қызметте өзінің жұмысын көрсете алатыны сөзсіз. Демек, оларды қолдау үшін атқарылған жұмыс, төгілген тер текке кетпегені. 

Арнұр АСҚАР, 

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/