Жұмабай БІЛӘЛҰЛЫ. Зеңгінің рухы (әңгіме)

0

   Түннің бір уағында, өз бетімен өре жөнелген үлкен табынның сиырлары күн қыза бере қалың бадам ішінен, балдырған арасынан, өлеңді сайдан, айта берсең, қайдағы бір шалдық саз бойынан кейде топтанып, кейде андыздап барып, қара тұмсық қалың адыр­дың ең биігі, сонау бір ор төбел, доғал шоқыға жайыла бастады. Желсіз, лепсіз күн тыншу еді. Сиыр­лардың күндегіден ерте самалдауына қараған­да, сонау алыста, биік алшынды керде­гі қалың жылқы құйрығының сабауынан сау қалған бүгелек немесе енді шыға бастаған көкбас сонаның найзасынан, тіпті елеусіз шыбын-шіркейден үркіп оқыралап шыққан түрі бар. Сырты жылтырланып кілегей тартқан кө­ксі­рік доғал тұмсықтарын пысылдатып тепкіленеді, жер тарпиды, әйтеуір шаң­­датып жатыр. Өңкей бір томарша үшкіл ала көздер дөй да­ла айбар ше­геді. Сол-ақ екен, сілекейін созылтып, езулері базданған кәперсіз құ­на­жын-тайыншалардың шашақты сімпіс құй­рықтары тік шаншыла қа­лады. Сөйт­­се де, лезімде екі айыр тар­ғыл тұяқ­­тар­дың тарпындысы, бұ­рынғы тұрғын түбе­­шік көк тұманға айналады. Арасында селкеу біткен етік­тің басындай, жарымы жерге көмулі үшкіл қырлы қастар жылтырап көрінген төбешіктегі селдір бетегенің шалғыны жапырылып, айнала сасыған сиырдың жапасына сұйқыл тоғайраққа айналады.

    Дәл осы тұста, сонау бір ояңшадағы бұта-бүрген арасынан әлдебір жалғыз саяқтау қоңыр дөненше құйрығымен аш белін сабалап өрлей тартып келеді. Бауырын жазып, теңселіп қос аяқтап қояды. Мүмкін оның соншалық еркін, шат, шексіз көңілді сәттері өзінің дәу­рен сүрген қып-қысқа күндерінде тым санаулы болар. Өйткені, бұзау боп жаралғалы, аш уызға тойған алғашқы үш күн өткен соң, басына құр ноқта д­еген пәле киіле қалды да, толып тұр­ған төрт емшекті – өзінің шертіп тұр­ған несібесін адам қолы аузынан қа­ға­ды. Әйтеуір әрең дегенде таңдайы ғана қылқ ете түседі де, құрсағы жі­бі­мей қалады. Соңында ұзақты күні аша қазықты ағаш желіде талмаурап күн қақты күйді көрді. Ол-ол ма, ана сүті аузына жарымай, мәйегі қабысып, балғын тістері шөп баласын түбірлеп жұла алмаған жүдеу шағында, бауыр жүндері қылшықтанған жадау кезінде «қос кіндік» болды деп бауырына ыстық қышқаш басқан тірі күйік күн­дері, алғашқы өлі жүнін тастаған тайынша болған ересек тұсында әлгі бір қу тақым жүгермек баланың тепкіле­генін қайтерсің, жаны ашымайтын пенде баласының, танауына көлденең ырғай істік өткізіп, қанын судай ағы­зып түп бұйда таққаны тағы бар. Құ­нан­ шығар тұсында пішпенің пышағы тиді, борбайынан қанды сарысу саулады. Осы пенде деген көзге көрінген қимылы бардың жауызы секілді, тегі осы тас жүректігін қоймаса, ғаламдағы төрт аяқтыны жалмап болған соң, бі­рін-бірі жеп тауысатын шығар-ау, тегі… Сөйтіп, оның өзінше өкіріп-бақырып, ен далада еркін тыныс алған, еркінше қалың қапталдың бадамын сорған, кәусардай бұлақтың суын шектеу, тоқ­таусыз тоя жұтқан шағы осы ғана болатын. Ертеңгі күннің зәуренін кім білсін? Сүйегі толысып, белі жуандай бере, мүмкін, темір соқаға жекпесе, төсін қыл арқанға қидырып, қабырға­сын қайқыш кереге қажайтын болар. Е, әйтеуір бір күн де күн ғой. Баянсыз сай­­ран түрткен дөненше ол-дағы айыл­дығын кезек тепкілеп манағы қалың бөтен сиырлар шаңдағын шы­ғар­ған боз тұман төбеге жетті-ау әй­теуір, ол да әлдебір жым-жықпыл ара­сынан әлгінде сап еткен сайгелден құтылған секілді. Сөйтті де, үлкен-кіші деген жоқ, өзімсініп келген үлкен топ­қа араласа беріп еді, шеттене берді. Өңкей ай мүйіздердің айбарына, әл­денеден секем алған сесіне жолық­ты. Осының алдында өздері шала бүлі­ніп тұрған шамырқан тобыр ішінен мынау бір көлденеңінен сап еткен бөтен иісті жат табынның лағып келген жалғы­зына, өздерін сетер санаған бірнеше құнанша, дөненшелер, сынық мүйіз сырдаң, қайдағы бір сыңар емшек, алып терісі, жеп еті жоқ қисық жауырын, қыр арқа қарасандар кезектеп ке­ліп түртуіл жасады. Сиыр шіркіннің сасық мұрны қандай шетен, біле қой­ды, өздерімен мүлде оттас болмаған, бір тепсеңнің шалғынын жұлмаған, бір шөңеттен су ішкенді қойып, бір қорада қамау-матау көрмеген бөтен ауылдың қос­пасы, міне, дәл осы себепті аш, таңертеңнен қазіргі кіші бесін тұсына дейін қатпар-қатпар жұмыршағын, арасы таңдай-таңдай таз қарындарын, жер желкегіне сіреп алып, кекіре тапқан, еріккен ессіз топ ұтылап келіп, қаңғып жүрген жалғыз жырындыны сүзгілей бастады. Байқағанға көлде­нең қосылған қоңыр дөненшенің де қолтығы желденіп, еттері қызып алған екен. Ол да ешқайсысын жолатар емес. Қып-қысқа мойнын күжірейтіп тұрып, біздемшесі қарамтыл тартқан қысқа мүйізімен әлденешеудің бетін қайтарып, жасқап үлгірді. Төбеден құ­лай ұмтылған үлкен бір шоғырды ығыс­тырып тастап біраз тыныстады. Бұрын мұндай өз нәсілінен оншалық көп қуынды көрмеген қоңыр дөненше сонысына мәз секілді. Өйткені, алдымен сор түрткен анау бір ұзын мойын әмірқан қаракер, қашақ бөртпе қартаң сиыр қолаулап шыға келді. Бәлемнің қолтық етін қоңыр дөненше­нің жасуы қайтпаған көк тебен мүйізі сөгіп жіберген болуы керек, обалсызға сол керек. Сонау-сонау алыстағы құй­рығы қылаңдаған жел жүрісті жыл­қыларға немесе жусауда жатқан жүні күрбиген қойларға, бәріне де жоламай, жаралмыш жосыны бір өз нәсі­лі­нен панасын іздеп келгені қаншалық еді.

   Манағы манаурап тұрған тұғыл тө­бенің айналасы осылайша ақ сойдақ ізге айналды. Тастақ жотаны өңкей сұр сіреу тұяқтар түтіп жіберіпті. Әр жерде сойып түскен іздер, қопарылған қо­­­ңы­рала тастар қараңдайды, бір кезде ке­ше ғана көк мата секілді төбенің шаңы тына бере, өңкей ұялас ара се­кілді қарсыдағы қалың шоғыр ішінен суырылып шыққан жалғыз біреуі, доңыз айбатын сыртына салған дөнен­шеге қарай төніп келе жатты. Бай­қа­ған­ға нағыз жемтемірдің өзі секілді, үңі­рейген үйдей тарғыл өгіз табанын жай аударады. Өзінің құм-қайызғақ мық­тап сіреген өнбойында сау жері жоқ екен. Кеңсірігінің ұшындағы ақшу­лан сызығы бұзау күнінде тартыншақ бол­ған­дықтан ноқта қиғандығы. Пұ­шық тұмсығының тұғылданған орқа­шынан өрескел тартыншақтығы дәл шой желкесінде теректің безі секілді бұл­ти­ған қалың барттың, кезінде қайың мойынтұрықты ұзақ сүйрегендігі байқа­лады. Қалақ­шасы қалқиған қос жауы­рын­ның үсті екі тоқымдық тұсына ала бүйрекше жүн шыққаны, үстінен ыңыр­шақ түс­пегені, құрым тесті жауыр бол­ғаны, ал қа­бырғаларының сыр­тында күдірдің қой тасы секілді қалың шемір­шек беріштер бұлтияды. Бұнысы – мың салса бір баспайтын шор қа­быр­ғаның өзі екендігін әйгілеп тұрды. Ал анау құйысқандық пен шартиған жуан қарын тұсындағы ақ айыл таптар кезін­де үстіне ер тоқтатпайтын, қияс қылықты жәутіктің өзі болған­дығын аңғартады. Қысқалау алдыңғы екі аяғының өзі де ғажап-ақ, бақай­лары мен күнтиген тізелерінің арасы бунақ-бунақ арқан қиды ала белдеулер тұ­сауға тұрмайтын желаяқ без­бенің қияс­тығын еске түсіреді.

    Алдына келген өне бойы ала жолақ тарғыл өгіздің күйін көргенде қоңыр дөненшенің көңілі босап сала берді. Үнсіз ғана пысыл байқатқан байғұсты алдымен иіскеп қойды. Мүмкін, оның да алдыда көретін күні сол шығар. Бір-ақ тартыншақ, шабан немесе қиқар болмаса тірі бейнетті ол азырақ көре­тін шығар. Неде болса, бәрі де зеңгі бабаның рухы ғой. Қоңыр дөнен­ше енді сырты тікенше тілін шығарып аяқ астынан мүсәпірсіп, өзі ұсына берген атанның әукесін жалады. Тамырлары білеуленген тамақтан тартып, жер соғарға дейінгі ұзынды-қысқалы жал иректерге жасырынған жа­быс­қақ түйекенелер, қатты қайыз­ғақ­тар, әлдебір жабысқақ қылтандар қоңыр дөненшенің қысқа тарақты тілі арқылы құлан-таза күйге келді. Бұл кезде тарғыл өгіздің үшкіл тұмарша көздері жұмылып, бүкіл денесін керіп-созып рақаттанып қалды. Жануардың қатты сүйсінгені байқалады. Мойнын тік көтеріп, мең-зең қалпында ұзақ тұрды. Қырсықты болғандығы үшін, бұғалық түскен бұзау күнінен мынау бурыл тартқан тұсқа дейін дәл қазіргі­дей ешкім де оған жанашырлық етпеген болар.

   Бір қауым уақыт өтті. Қазір жота үсті салқын, сай қуалап өрлей соққан жұмсақ қана қоңыр леп аласа шөп басын тербейді. Манағы шамырқан ыстық тұсындағы сона сайгел дауысы естілмейді. Тегі, арасындағы ең бір дәу перісі бөлектеніп шыққан соң көңілде­рі жай тапқандай өзге сиырлардың барлығы бауырын жерге төсеп, күйіс қай­тарған беті үнсіз жатыр. Тек ербиген баяғы екеу ғана арбасып ұзақ тұрды. Шегінен асқан қошаметтің қадірі бола ма? Қоңыр дөненше әбден жалығайын деді. Кәпірдің өн бойы құжынаған құрт секілді, қасып қанағат еттіру қиынға түсті. Мүмкін, жас неме­нің созаңдаған тіл түбіндегі тамырлары сыздап барып талыққан шығар немесе әлі толық қата қоймаған бал­ғын жас мүйізшесі, терісі теміреткі тартқан сол пәледен мұқылданып тозған болар. Әйтеуір алдында тұрған атан өгізді қасығанын тоқтата қойғаны мұң екен, қан ойнап шыға келген тұмарша көздерін ашып алған дәу пері байқатпай қос өкпенің тұсынан бар денесінің салмағын, бүкіл қаһарын жиып тұрып сүзіп үлгірді. Домалап түскен қоңыр дөненше ыңқ етіп барып, жан-дәрменде орнынан тез тұрып қоз­ғала бергенде, әлгі сұм тажал, қара жүрек опасыз, бар пәлені өз басына өзі тапқан әккі сұм шегініп барып тағы да іреп тастады. Соры қайнағанда орнынан барлық күшін жиып тез ұм­тыл­ған дөненшенің қоқия қалған құй­рық астынан тырқ еткен күшті бір жел шықты, сұмдықтың үлкені енді басталды. Сол-ақ екен, әлгінде ғана жусауда жатқан бүкіл үйірдің үлкенді-кішілі ай мүйіздері тұс-тұстан ербиіп шыға кел­месі бар ма, ерігіп тұрған ессіз топ жы­ғыл­ған дө­неншеге тұра ұмтылысты. Тұныған су секілді түскі дамылдың шырқы бұзылды. Қатарынан самырай шыққан көк сүңгілер садақ­тың оғынша самсып келіп қоңыр дө­нен­шеге қадалып жатты да, қабыр­ға­сын, қа­лың қара­са­ны­ның толық ет­те­ріне қарымды пышақ қадалған. Ажалы өзгеден емес, өз нәсілінен болған байғұс қалың түтек астында қамырша иленді.

* * *

    Осының дәл ертеңінде, дәл сол төбеде, әлдекім (мүмкін иесі болар) тері-тарамысын алып жоғалған. Дөненшенің қан-жынына қаптаған қалың қарға-құзғынмен бірге кешегі бір табын сиыр да өкіріп-бақырып озандап жоқтап жатты. Озандаған сиыр дауысы, құзғынның күңкілі бүкіл тауды жаңғыртады; тағы да таңғы өрістен соң, күн қыза келе сайгелден қашқан желі басынан тосын азаға үн қосқан тосын есірік иелері өңкей көк сірі тұяқтар сай-саладан құйылып жатыр. Ақылына енді түскен құтырық хайуандар алдымен дөненшенің жемтік орнын иіскеп алады да, артынан жер тарпып, ұзын тілдерін салаң­датып, құлақтарын тігіп, өңеші жарыл­ғанша дауыстарын құбылтып айғай салады. Өздерінше қайғырады. Сол қара-құрық құлақ, тұндырған шуыл арасында демін ышқына ішіне тартып, басын жерден алмастан бар пәрмені­мен мұң-жоқтау айтқанның ең күштісі – кешегі тарғыл атан өгіз еді.

     Дегенмен, қоңыр дөненшенің кие­сі бар секілді, жыл айналған жоқ, сол бәр төбедегі шоғыр сиыр тозып тынды. Сол жылғы қыс тым қатты болып, қар қалың жауды да, ақ сүйек жұт қаптады. Өзіне қайыры жоқ сұмдардың көбі аштан қырылып, жемтігі қасқыр, түл­кінің мұжындысы болған. Ал, әлгі бір тарғыл атан әлдекімнің қыстық соғы­мына бұйырды. Ет біткені адам пәленің қызыл өңешіне түсті. Тіпті, оның күре­сін астында көмулі қалған қан-жынына қаптаған қарға-құзғын да болған жоқ. Басына күн туып, өздеріне зауал төн­ген өзге сиырлардың қазалы айғайы да естілмей, бейшара күймен жа­һан­намға жол тартты.

      Ей, қарғыс алған зеңгінің рухы, атаңа нәлет.

Дереккөз: http://egemen.kz/