Көп балалы анаға тегін пәтер бұйырды

0

ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен қаладағы «Жұма» мешітінің жамағаты бірігіп көп балалы отбасыға баспана сыйлады,-деп хабарлайды ҚМДБ-ның осы облыстағы өкілдігінің баспасөз қызметі.

Шаңырақ иесін құттықтай барған облыс имамы жақсы жаңалық жеткізді. ҚМДБ тарапынан атқарылатын 4 бағыттың бірі қайырымдылық екендігін, өткен жылы имамдардың араласуымен осы тапсырма аясында облыс бойынша 12 баспана берілгенін, Түркістан қаласында 2 өртенген үйге жәрдем жеткізілгенін атап өтіп, алдағы жылы тағы бір отбасыға баспана əперу жоспарда барына тоқталды, Мұсабек Ақтамберді. Сондай-ақ, игі іске атсалысып, қайырымдылық еткен «Жұма» мешітінің жомарт жамағатына береке тіледі.

Ал, 6 баласымен далада қалдырмай, отау тарту еткен жұртшылыққа Гүлназ Құдайбергенқызы:

«Балаларыммен қанша жыл пәтерден пәтер көшіп, көп қиындық көріп қиналдым. Енді міне Аллаға шүкір бұл күнге де жеттік. Барша жәрдемші болған азаматтарға Алла Тағала разы болсын»,- деп ақжарма тілегін жаудырды.

Қуанышқа ортақтасып келген ақсақалдар ақ батасын беріп, имамдар мен жергілікті жамағатқа ризашылықтарын білдірді. Құран оқылып, дəстүрге сай шүкіршілік дастарханы жайылды.








Дереккөз: http://kazislam.kz/