Каспий жағалауы шақырады
Аталған тапсырмадан соң өлкеде бұл салаға қатысты жұмыстар қолға алынып, арнайы құжаттар қабылданды. Маңғыстау облыстық әкімдігі мен Еуропалық кеңестің бірлескен «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасы аясында Маңғыстау облысында 2016-2020 жылдарға арналған туризмді дамыту стратегиясы жасақталды және осы бағытта жұмыстар жалғасуда.
Қазіргі таңда аймақта туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі – жағажай туризмі және туристерді қабылдау мүмкіндігіне ие болуы үшін облыс орталығы Ақтау қаласын көріктендіру. Жағажай демекші, Каспий теңізінің жағалауы жаңаша жасанып, жайлы демалыс орнына айналуда. Жекелеген демалыс орындары бой көтеріп, теңізде арнайы су көліктерімен серуендеу жұмысы жолға қойылуда. Ақтаудағы құны 1,9 млрд теңгеге есептелген «Скальная тропа» атты жоба тік жартастар арқылы қалалық променад және қалалық құмды жағажайлар арасындағы ұзындығы 1,5 шақырым өзіндік «көпір» қызметін атқарады.
Маңғыстауға туристік мақсатта келуші қонақтардың саны артып келеді. Бұл осы бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыруға ұмтылдырады. Маңғыстау облыстық туризм басқармасы басшылығы 2018 жылы туристердің саны 220 мың адам деңгейінде болады, ал 2020 жылдың аяғында өңірімізге келген туристердің саны
400 000-ға дейін өсіп, 2025 жылдан кейін осы көрсеткіш жылына 700 мыңнан асатын болады деп сендіреді.
Туристердің саны өз алдына бөлек әңгіме болса, оларға лайықты қызмет көрсету – үлкен мәселе. Маңғыстауда туристерге сервистік қызмет көрсетудің сапасы күн тәртібінде, туризм саласын жандандыруды енді қолға алған өңірде бұлай болуы заңды да. Сондықтан туристердің санына сәйкес, қосымша жалпы сыйымдылығы 7-8 мың төсек-орынды құрайтын қонақүйлер салу қажеттігі аңғарылды. Қазіргі уақытта өңірде 82 орналастыру орны тіркелген, оның ішінде 16 қонақүй «3-4-5 жұлдызды» санатты саналады.
Қонақүйлер мен басқа да туристік нысандардың құрылысын салуға қажетті инвестицияны қамтамасыз ету үшін өңірде алдағы бес жылда негізгі екі туристік аймақты дамытуға бағытталған шаралар қабылданбақ. Біріншісі – Каспий теңізі жағалауы бойымен Ақтау қаласынан Құрық паромдық кешеніне дейін жағажай туризмі болса, екіншісі – этномәдени және экологиялық туризм.
Алғашқы бағытқа қарасты аумақтың ұзындығы 63 шақырымды құрайды. Инженерлік инфрақұрылымның жақын орналасуы, Ақтау қаласында халыққа қызмет көрсету орындарының дамығандығы, медициналық мекемелердің және халықаралық әуежайдың жақын болуы аумақты дамытуға толық мүмкіндік береді. Бұл бағытты жүзеге асыру үшін туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасына Шерқала тауы, Айрақты таулары, «Торыш» тас шарлары, «Сұлтан-Епе» және «Шақпақ ата» жерасты мешіттері, «Тамшалы» және «Саура» шатқалдары, «Жығылған» мүйісіне автомобиль жолдарын салу бойынша жобалармен бірге, бірқатар нысандарды электр қуатымен, сумен, газбен қамту, қолданыстағы жолды 4 жолаққа дейін кеңейту құрылыстары бойынша жобалар енгізілді. Аталған іс-шараларға республикалық бюджеттен 2019-2020 жылдарға 27 млрд теңге шамасында қаражат бағыттау жоспарланған.
Бұл жұмыстар нәтижесінде келесі жылы «Tree of Life» демалыс базасы аумағында 3 жаңа нысан 250 орынды «Нұр» санаторийін, 120 орынды «Волна» қонақүй кешенін және жаңа «Tree of Life» ойын-сауық кешенін салу белгіленсе, 2020 жылы инвесторлармен 5-6 жаңа қонақүй кешенін салу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Ақтау қаласынан 25 шақырым қашықтықтағы «Tree of Life» демалыс базасы қала тұрғындары мен қонақтардың қызығушылығына ие. Базада аквапаркқа келушілер үшін сыйымдылығын кеңейту бойынша жоба жүзеге асырылды. Ересектер мен балаларға арналған жаңа екі су аттракционы қондырылды. Базаның аумағында фитнес-зал мен 2 бассейн, 22 нөмірлік қонақүй, жеті 2 қабатты отбасылық үйшіктер салынды, аймақты абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, 45 метрлік толқынды бассейннің құрылысы аяқталды, нөмірлік қоры 79-ға дейін өсті.
Мемлекетіміздің негізгі мақсаттарының бірі – Каспий теңізінде теңіз круизі бағытын белсенді түрде дамыту. Қазіргі таңда тек Каспий жағалауын Әзербайжан, Қазақстан, Иран, Түрікменстан және Ресейдің 147,7 млн-ға жуық халқы мекен еткен. Аталған бағытты дамытқан жағдайда, қызықты да және сұранысқа ие туристік өнімді, оның ішінде круиздік туризмді мәдени-танымдық, экологиялық және этнографиялық туризммен бірге қалыптастыруға болады.
Маңғыстау облысында круиздік туристерді қабылдауға тиімді негізгі нүктелері ретінде Баутино кенті мен Ақтау қаласы таңдалған. Осы жерлерден туристер өлкеміздің үлкен сұранысқа ие көрікті орындарына бару мүмкіндігіне ие. Алайда, бұл мүмкіндікке қол жеткізу үшін қиындықтар да жоқ емес. Алдымен, халықаралық регламенттерге сай келетін, туристердің көп ағынын қабылдауға мүмкіндік жасайтын жолаушылар терминалының құрылысы мәселесін шешу қажет.
Баутино елді мекенінде және Ақтау қаласында теңіз порты инфрақұрылымы өндірістік мақсатта болуы себепті, жаңа нысандар мен инфрақұрылым көлемді қаражатты қажет ететіндіктен, тиімді тетіктерді табу мәселесі туындайды. Бұл тұрғыда жолаушыларды қабылдау үшін жұмыс жасап тұрған өндірістік айлақтардың бағыттарын өзгерту керек, қазіргі таңда теңіз порты инфрақұрылымын меңгеретін шаруашылық субъектілерімен талқылау жұмыстары басталған.
Ал круиздік флотты дамыту мәселесінде кемелер мәселесін шешу – алдыңғы кезекте. Бұл мәселеде Ресей Федерациясының бизнес-қоғамдастығындағы «Өзен-теңіз» түріндегі кемелерге үміт артылады. Круиздік кемелерді жасау да арзан дүние емес, мысалы 150-200 жолаушыға арналған бір кемені жасап шығару кәсіпкерге орташа алғанда 10-15 млрд теңгеге шығады екен. Сондықтан Маңғыстаудың туроператорлары бірлескен круиздерді шығару үшін белсенді түрде ресейлік серіктестерді іздеу бойынша жұмыстарды бастады. Мемлекет өз тарапынан қажетті рұқсатнамалық құжаттарды ресімдеуге, шекара арқылы өткізу тәртіптерін жеңілдетуге, тағы да сол сияқты жұмыстардың жүргізілуіне ықпал етпек.
2015 жылы «Русь Великая» теплоходымен «Самара – Астрахань – Баутино – Самара» 87 адамнан құралған алғашқы круиздік туры ұйымдастырылды. Қазақстан аумағында олар 2 күн болды. Круиз кезінде Ресей Федерациясы Көлік министрлігінің 20.08.2009 жылғы №140 бұйрығымен бекітілген «Ресей Федерациясының теңіз порттарында және оған кіре- берісте жүзу және кемелердің тұру жалпы ережелерімен» реттелетін талаптарды түсіндіруге байланысты проблемалар туындады. Көрсетілген проблемалық сұрақтар тез арада шешілді, алайда әрі қарай круиз өз жалғасын тапқан жоқ. Осындай бірқатар мәселе бірлескен шешімдерді қабылдауды талап етеді.
– Былтыр табысты өткізілген Ақтау қаласындағы Каспий жағалауы елдерінің V Саммиті және Петропавл қаласындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумы көрші елдердің арасында туризмді белсенді түрде дамытуға шын мәнінде серпін берді. 2019 жылы мамыр айына, Каспий теңізінде қолайлы ауа райы жағдайларының басталуымен круиздер ойдағыдай іске қосылады деп сенім білдіремін. 2018 жылдың соңына дейін ресейлік кеме иелерімен және туроператорлармен барлық техникалық және экономикалық мәселелер талқыланатын екіжақты бірқатар іскер кездесулер өткізу жоспарланған, – дейді Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Ө.Бисақаев.
Екінші бағыт Маңғыстау өңірінде орналасқан 13 мың тарихи-мәдени ескерткіштерге негізделеді. Бірақ алыс аймақтарға жол, жарық сынды инфрақұрылымның жеткіліксіздігінен, инженерлік, жол және әлеуметтік инфрақұрылымның жақын орналасқан әрі табиғи және мәдени көрікті жерлер, елді мекендер тығыз шоғырланған және автомобиль жолдарының желісі жақсы дамыған Маңғыстау және Түпқараған аудандарының аумағы таңдап алынған және осы аумақтар бойынша «Маңғыстау геопаркі» аталымын алу үшін ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне өтінім жолданып, ЮНЕСКО-ның сарапшылары мен инспекторлары аумақты зерттеп, оның әлеуетіне жоғары баға берді. Маңғыстауда геобақ жобасы жүзеге асса, әлемнің 38 елінде тіркелген 140 жаһандық геопарк саны тағы бір баққа артады деген сөз және бұл Маңғыстауды, қазақ даласын әлемге кеңінен танытады, тиісінше шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді.
Маңғыстау туризмі саласына қатысты тәртіп, тазалық, сервистік қызмет сапасы, өзге де ірілі-ұсақты мәселелер тұрғысында айтуға болатын, тіпті сынға ілігетін тұстар аз емес. Бірақ басталып жатқан алуан істі сынау мен мінеуден гөрі, ақыл-кеңес қосып, бірлесе көтеру тиімдірек.
Маңғыстау туризмін дамыту – аз уақытта аяқталатын жұмыс емес, әлі талай нысандар ашылып, небір идеялар өмірге келіп, тасада қалып келе жатқан талай көзтартар орындар туристер түгілі тұрғындарды таңғалдырар орындарға айналуы мүмкін. Сондықтан өңірдегі туризм саласында бүгінгі атқарылған істерді үлкен жұмыстардың бастамасы деп қарауымыз керек.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан
Маңғыстау облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/