Алтайға кел, ағайын!
Елбасы Жарлығымен Зырян ауданы мен Зырян қаласы бұдан былай Алтай ауданы һәм Алтай қаласы деп аталатын болды. Бұл жаңалықты өңір жұртшылығы ыстық ықыласпен қуана қабылдап жатыр. «Шығыс Қазақстанның картасында Алтай атты қаланың пайда болғанына қуаныштымыз. Жаңа атау ауданымызға жаңа тыныс, тың серпін беріп, туристердің ағылуына, инвестиция тартуға, сәйкесінше жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді деп ойлаймыз. Біздің ауданның әрбір тұрғыны мен алтайлықпын деп мақтанышпен айтатын болады», дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Майина Лисовцова.
Зырянның Алтай атауын алғанын жастар ғана емес, қариялар да қуана құптап отыр. «Алтай – тағылымды тарихы бар, тамсандырар табиғаты бар ғажап өңір. Ауданымызға ежелден келе жатқан осындай тарихи атау берілгеніне ризамыз», дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Элла Гейгер.
Алтай тауы баурайындағы Зырянның Алтай атануына өңірдегі, оның ішінде Өскемендегі зиялы қауым өкілдерінің біршама үлес қосқанын айтпасқа болмас. Сондай азаматтардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, жазушы Әлібек Қаңтарбаев. «Белгілі ғалым Ғарифолла Есімге «Өскеменді Алтай деп атайық, бүйтпесек ертең Алтайдан айырылып қалуымыз мүмкін» деп ұсыныс айтқан едім осыдан бір-екі жыл бұрын. Не болса да, облыстың бір ауданы киелі атауды иеленді. Біз осыған қуана білуіміз керек. Соңғы кездері біз өзі қуанбайтын болып кеттік қой. Өне бойымыз тұнған қарсылық. Зырянның Алтай атанғаны жақсылықтың шуағы келе жатқанын аңғартады. Енді бұл үрдіс Алтайдың ауылдарының қазақылануымен жалғасса құба-құп», дейді ол.
Бұрынғы Зырян, бүгінгі Алтай – Шығыстағы өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аудандардың бірі. Аудандағы 9 ауылдық округтің 8-і (Малеев, Северное, Средигорный, Чапаев, Парыгино, Никольск, Соловьево, Первороссийск) әлі күнге орысша атауға ие. Бұған аталған ауылдық округтер ішіндегі Александровка, Андреевка, Ермаковка, Бедаревка, Путинцево, Богатырево, Снегирево, Крестовка, Пролетарка, Орловка, Ленинск, Бородино, Подорленок, Огнёвка, Васильевка, Дородница, Быкова, Новокрестьянка секілді ауылдарды қосып қойыңыз. Дегенмен де қазір Алтай ауданында жер-су, көше атауларын ауыстыру жұмыстары біртіндеп жүргізіліп жатыр. 2018 жылы Алтай ауданында 26 көше, ал Алтай қаласында 6 көшенің аты ауысыпты. Қаладағы орталық екі көшеге Тәуелсіздік және Астана атаулары беріліпті. Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатынын, қазір жалпы білім беретін мектептерге көрнекті тұлғалардың есімін беру үшін тиісті шаралардың қолға алынып жатқанын жеткізді.
Иә, енді Зырянға қарай зуламаймыз, Алтайға қарай алып ұшамыз.
Ендеше, Алтайға кел, ағайын!
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/