«Саяси үйрену орталығында тек қытайша сөйлеуің керек»

0

«ҚЫТАЙҒА ШАҚЫРТЫП АЛЫП, ҚАМАП ҚОЙДЫ»

Қытай азаматы 31 жастағы Назгүл Мұрат (аты-жөні өзгертілді – Азаттық.) Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі (бұдан ары Шыңжаң) Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Текес ауданында туып-өскен. 2013 жылы отбасымен Қазақстанға Қытайдан қоныс аударған. Кейін жұбайынан ажырасқан әйелдің төрт баласының екеуі қазір өзімен бірге, екеуі әкелерінің қолында тұрады.

Назгүл Мұраттың айтуынша, 2017 жылы тамызда Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетінде сауда жасап, Шыңжаңда тұратын анасының атына тіркелген телефон нөмірін пайдаланып жүрген оған Текес аудандық полиция бөлімінен хабарласып, жедел келіп кетуін сұраған. Полицияда оны суретке түсіріп, саусақ таңбаларын алған соң босатқан. Ал 2017 жылы қазанның 13-і күні Қазақстанда жүргенде тағы да шақырту алған Назгүл екі күннен кейін Текес ауданына барған. «Бұл жолы бірден түрмеге апарды» дейді ол Азаттық тілшісімен әңгімеде.

— Барған күннің ертеңінде мені бір жерге алып барды. Есік алдына келіп түсіп жатқанымда «Текес аудандық қамақханасы» деген жазуды оқыдым. «Осында сұрақ-жауап алады екен ғой» деп ойладым. Бірақ ішке кіргенімде шаш буғышымды, сырға, сақина-жүзіктерімді түгел алып, басқа киім кигізді де, қолыма кісен, басыма қара қап салып, жетектеп алып жүрді. Қамақханада 23 әйел бар екен. Мен ішке кіргенде олар қолдарын желкелеріне қойып теріс қарап отырды. Қатты қорықтым, жыладым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бір қыз орнынан тұрып, «кел, отыр» деді. Екі-үшеуі қазақ екен. Шамамен бір сағаттан кейін түскі ас деп қайнаған су мен бір-бір жапырақ нан берді. Одан кейін суға қайнатылған капуста әкелді. Бірақ оны ішу мүмкін емес еді. Қатты қорыққанымнан болар, сол жерде есімнен танып қалыппын, — дейді ол.

Саяси үйрену лагерінің алдында туыстарымен кездесу үшін кезекке тұрған тұрғындар. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі, 3 желтоқсан 2018 жыл

Саяси үйрену лагерінің алдында туыстарымен кездесу үшін кезекке тұрған тұрғындар. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі, 3 желтоқсан 2018 жыл

«ОЛ ЖЕРДЕ ТЕК ҚЫТАЙ ТІЛІНДЕ ҒАНА СӨЙЛЕЙСІҢ»

Назгүл Мұраттың сөзінше, оны сол күні түрмеден аудандық ауруханаға жеткізген. Кейін ауруханадан үйқамаққа ауыстырған. Екі айдан кейін, 2017 жылы желтоқсанда Текес ауданындағы «саяси үйрену орталығына» апарған. «Мен ол жерге оныншы адам болып кірдім» деп еске алады өзі.

— Екі қазақ, бір қырғыз, қалғаны ұйғырлар болатын. Бірақ кейін адам саны күрт көбейді. Кей күндері таңертең орнымыздан тұрғанда 30-40 адамды бір-ақ әкелгенін көретін едік. Мен шығатын кезде 600-ге жуық адам болды. Он екі кісілік бөлмеде 30 адам тұрдық. Күніне сегіз сағат оқытады. Таңертең төрт сағат сабақ, онан кейін бес минут ас ішуге уақыт береді. Онан кейін екі сағат үзіліс жасайды да қайтадан сабаққа кіргізеді. Ол жерде тек қытай тілін және Қытай заңдарын оқытады. Сабақтан кейін төрт сағатқа жуық уақыт орындықта қозғалмай отырып жаңалық тыңдаймыз. Қай арнада жаңалық беріп жатыр, іздеп отырып соған қояды. Түнгі сағат он екіден таңғы алтыға дейін әр екі сағат сайын екі адамнан кезекшілікке тұрамыз. Яғни, «идеясы дұрыс емес» адамдардың өзіне-өзі қол салмауын бақылаймыз. Тұрып жатқан жеріміздің айналасында түгел бақылау камерасы орнатылған. Бір-бірімізбен сөйлесе алмаймыз және ана тіліңде де сөйлей алмайсың, тек қытай тілінде сөйлеуің керек. Онда да тек сабақ туралы. Басқа әңгіме айтуға болмайды, — дейді Назгүл Мұрат.

Өз айтуынша, орталықта билік өкілдері оған «сен мұнда WhatsApp мессенджерін пайдаланғаның үшін отырсың» деп түсіндірген. Тіпті «егер жоғары жақтан келгендер «Қылмысың не?» деп сұраса, WhatsApp-ты пайдаланғам дейсің» деп үйреткен.

«ҮШ РЕТ СЫНАҚ ТАПСЫРДЫМ»

Бұған дейін Азаттыққа Қытайдағы «саяси үйрену орталығында» басынан кешкендерін баяндаған кейіпкерлерден Назгүл Мұраттың өзгешелігі – ол кәсіп үйреніп, спорттық жарыстарға, тіпті ашық сот отырысына да қатысқан.

— «Саяси үйрену орталығында» болған Арай деген қазақ келіншегін бес жылға соттады. Оның жазығы — хиджаб киіп, бес уақыт намазға жығылғаны еді. Орталықта Арай мен күйеуі Кәдіржанның ашық соты өтті. Күйеуі жергілікті жерде имам болған және бала оқытқан. Сол «қылмысы» үшін оны 17 жылға соттады. Кәмелеттік жасқа толмаған екі баласын балалар үйіне өткізді, — дейді Назгүл Мұрат.

Қарай отырыңыз: Қытай тұңғыш рет шетел журналистеріне саяси лагерьлерді «көрсетті» (7.01.2019)

Ол Шыңжаңда өзі көрген «саяси үйрену орталығында» адамдарға қандай талаптар қойылатыны туралы айтып берді.

— «Саяси үйрену орталығына» алғаш рет түскенде сізге 1000 балл береді. Ол балдарды жоғалтпауыңыз керек. Яғни ай сайын сынақ тапсырған кезде сүрінбеуіңіз керек. Мысалы, жинаған балыңыз 500-ден төмен болса, орталықтағы мерзіміңіз ұзара түседі, — дейді ол.

Қытай билігі осы уақытқа дейін елде осындай орталықтардың бар екенін мойындағанымен, оларды түрлі кәсіпке баулитын орындар деп көрсетіп келеді. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарының жазуынша, мұндай орталықтар «радикалды діни ағымдардың жетегіне ілінген азаматтарды түзеп, қоғамға қайта қосу» мақсатымен ашылған.

Хотан қалалық уезіндегі сасяи тәрбиелеу орталығы. Қытай, 7 қыркүйек 2018 жыл

Хотан қалалық уезіндегі сасяи тәрбиелеу орталығы. Қытай, 7 қыркүйек 2018 жыл

Билік оны елдегі «экстремизм мен терроризмге қарсы күрес шараларының бір бөлігі» деп атайды. Бұған дейін әлгіндей орталықтағы адамдардың спорт жарыстарына қатысып жатқан сәті бейнеленген видеолар да жарияланған. Азаттық тілшісі Назгүлден осы жайлы сұрастырды.

— Иә, саяси үйрену орталығында спорттық жарыстар болып тұрады. Жиі емес, тек мереке күндері. Мысалы, Қытай күнтізбесі бойынша жаңа жыл, шілденің 1-інде (Қытай компартиясы құрылған күн) және қазанның 1-інде (Қытай халық республикасы жарияланған күн) спорттық жарыстар ұйымдастырады, — деді ол.

Назгүл Мұрат «саяси үйрену орталығынан» шықпас бұрын үш мәрте идеологиялық білім деңгейін тексеретін сынақ тапсырып, оның екеуінен өте алмай қалғанын айтады.

— Орталыққа түскенге дейін «үш түрлі күш», «екібеткейлер» дегенді түсінбейтінмін. Тек орталықтағы сабақтарға қатысқаннан кейін «теріс ағымдағы діни көзқарас», «ұлтаралық араздықты қоздырушы», «сатқындар» дегенді білдіретінін түсіндім. «Солардың тарапынан ұлттық сипатқа байланысты бөлшектеушілік, зорлық-зомбылық, лаңкестік әрекеттері болды» деп еріксіз жазып бердім, — дейді ол.

Үшінші рет сынақ тапсырып, сұрақтарға идеологиялық тұрғыдан «дұрыс» жауап берген соң Назгүл Мұратты басқа жерге ауыстырған.

— 2018 жылы сәуірдің 5-і күні мені басқа бір орталыққа апарды. Өздері «партия мектебі» деп атайтын ол жерде негізінен мал дәрігері, тігінші, шаштараз, аспаз, күзетші тәрізді мамандықтарға үйретеді екен. Мен шаштараз дипломын алып шықтым. Бірақ «саяси үйрену орталығына» қарағанда ондағы жағдай сәл еркіндеу еді. Ол жерде шамамен 150-ге жуық қыз-келіншек болдық. Күніне бір уақыт сыртқа серуендеуге шығаратын, — деп еске алады ол.

Назгүл Мұрат 2018 жылдың тамызында «саяси үйрену орталығынан» босаған соң екі ай үйқамақта, сосын тағы екі ай жергілікті полицияның сырттай бақылауында болып, 2018 жылы желтоқсан айының 23-і күні Қазақстанға оралғанын айтады.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЭТНИКАЛЫҚ АЗШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Шыңжаңда этникалық азшылыққа қысым жасау туралы деректер 2017 жылдың сәуірінен бастап түсіп жатыр. Азаттық Шыңжаңда қамауға алынған, Қазақстанға орала алмай жатқан Қытайдағы қазақтар туралы бірнеше рет жазған.

Өткен жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайда қамауда отырған қазақтардың туыстарынан 915 өтініш түскені, 2018 жылдың басынан бері қытай тарабы екі мыңнан астам қазақтың Қытай аумағынан кетуіне рұқсат бергені, сонымен бірге Қытайда қос азаматтығы үшін күдікті саналып, ұсталған 29 қазақстандықтың 15-і бостандыққа шыққаны туралы хабарлаған.

HRW ұйымының логосы

HRW ұйымының логосы

Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы өткен күзде жариялаған арнайы есебінде Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен әлгіндей лагерьлерде қамауда отырғандарды босатуды талап еткен HRW ұйымы «Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек» деп кеңес берген.

Қытай билігі «саяси үйрену орталығы — аз ұлттарды азаптау орны» деген айыптауларды мойындамайды. 2018 жылы қыркүйекте Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь Reuters агенттігіне берген сұхбатында «Орталықтарда еш қысым жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды үйреніп шығады» деп мәлімдеген. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

Өткен айда Қытай мемлекеттік кеңесі елдегі адам құқығының дамуына қатысты ресми есебінде «Қытайдың адам құқығын құрметтеп, адам құқығына қатысты халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттерін адал орындап отырғанын» жазған.

Қарай отырыңыз: Шыңжаңдағы қудалау хроникасы

Дереккөз: Азаттық