Шыртылдақ әзірлеудің үш тәсілі

0

Шыртылдақ – жылқының майы мен сарымайдан жасалатын тағам. Халқымыз қыс кезінде шыртылдаққа нан батырып жеп, шай ішкен. Оны қара шайға салып ішуге де болады. Шыртылдақ адамды тоңдырмайды әрі қарнын аштырмайды.

Шыртылдақ, жылқы майы
Фото: Baribar.kz

Тағамның үш түрлі жасалу жолы бар.

Біріншісі: Жылқы майын ірілеп турап, қазанда қайнатады. Май шыжғырылған кезде үстіне еріген сарымай құяды. Қоспаның бетіне қатқан кілегейді қалқып алады.

Екіншісі: Жылқы майын қайнатып, үстіне қант қосады. Май қоюланған кезде қазанды оттан алады.

Үшіншісі: Жылқы майы мен сарымайды бірге қайнатып, үстіне тары немесе бидай жармасын қосады. Май біркелкі қоспаға айналғанша қайнатылады. Шыртылдақтың мұндай түрі жентке ұқсас болып шығады.

Шыртылдақ
Фото: Baribar.kz

Майдың шыжғырылған кездегі дыбысына қарай тағамның аты “шыртылдақ” аталса керек. Шыртылдақ адамның тәбетін ашады, әрі ішке жел қарысқанда пайдалы. Дегенмен оны шамадан тыс жеуге де болмайды, ішті айдауы мүмкін.