Біз бұрынғы түркілік исламға қайта үңілуміз керек!

0

Дәстүрлі діннің қадір-қасиетін жас ұрпаққа ұғындыруда біз нені ескермей жүрміз, қай жерде қиыс кеттік деген мәселе төңірегінде исламтанушы ғалым, PhD докторы Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫМЕН   журналист Назым ДҮТБАЕВА-ның әңгімесінен үзінді.

 

– Қоғамның жаппай діндарлануы  туралы ойыңыз?

– ХХІ ғасыр біз қаласақ та, қаламасақ та, діннің ғасыры болады. Дінсіз қоғам болмаған. Адамдардың сеніміне ешқандай шектеу қоя алмаймыз. Ақпарат алаңы ашық тұр. Дін бар, әу бастан біз мұсылманбыз, сол себепті міндетті түрде біздің жастарымыз дінге бет бұрады. Дін бейнелеп айтқанда, ағып жатқан өзен. Егер өзенге тосқауыл қоятын болсақ, белгілі бір уақыттан кейін арнасы толып тасиды. Тасыған кезде айналасын жуып, шайып кетеді. Біз керісінше оны мемлекеттің мүддесі үшін, халқымыздың бірлік-ынтымағы жолында дұрыс бағытқа бұрайық. Ел ішіндегі түрлі келеңсіз оқиғаларды да, шет жақтан келіп жатқан әртүрлі жат әдеттерге де дін арқылы қарсы тұра аламыз. Бүгінгі таңда некесіз дүниеге келген, тастанды балалар көп. Үйленгендердің үштен бірі ажырасып кетеді. Бұл – үлкен катастрофа. Нашақорлық, ішімдікке салыну, жемқорлық секілді індет тер де бар. Егер біз дінді дұрыс қолданып, жоғарыда айтылған кесепаттардың ахиреттегі жауапкершілігін дін арқылы жеткізе алатын болсақ,толық тоқтамаса да біршама азаяды. Дінге тосқауыл қоймай, оның жақсы жағын адамзатты ізгілендіруге, қоғамның алға жылжуына қарай пайдалануымыз ләзім.

 

– Сонда дін мемлекетіміздің өркендеуіне ықпал ететіндей етіп қолдануымыз үшін бізге қандай ислам керек?

– Қазір Араб елдерінің бізге берер түгі жоқ. Осыны терең ұғынайық! Араб елдері фанатизмге, Құранды тура мағынасында түсінуге, діннің сыртқы көрінісіне көп көңіл бөліп кетті. Сондықтан біз бұрынғы түркілік исламға қайта үңілуміз керек. Түркілік Ислам деген не? Мен бұрын Құран біреу, хадис белгілі болса, неге мұсылмандықты түркілік, т.б. деп бөлуіміз керек деп ойлайтынмын. Зерттей келе, түркілердің Ислам дінін мүлде бөлек түсінгеніне көзім жетті. Әрине, ислам дінінің мызғымас, бұлжымас қағидалары болады, оларды ешкім өзгерте алмайды. Тармақ мәселесіне келгенде біз ислам дінін өзгеше түсіне білгенбіз. Ислам бізге бөлек қырынан гүл боп ашылған. Ғылым-білімнің, құқықтық сананың гүлзарына айналған. Жүрек іліміне мән берген, діннің сыртқы көрінісінен бұрын ішкі мәніне, астары мен түпкі мақсатына үңіле білген. Мәселеге тұтастай қарай білген. Мауреннахр, Орта Азия даласының ғалымдары әлемде көптеген жаңалықтар ашқан. Басқа халықтарға үлгі боларлық іс-әрекеттер атқарған. Біз әлі де әлемге мұсылман елі қандай болуы керек екенін көрсете аламыз. Ол үшін өзіміздің Түркілік Ислам моделін, Түркілік Ислам толеранттылығын қалыптастыруымыз керек. Бұл дегеніміз – дінге намаз, ғибадат, құлшылық деп қана емес, оған өмір, өнер, ғылым деп қарау. Ақыл-санаға, ойға еркіндік беріп, мәдениет пен білімді қатар алып жүру. Адамгершілікке, тазалыққа, мейірімге негізделген діни түсінік. Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» межелеген биігіне көтерілу. Радикализмнен аулақ, адамсүйгіштікке тәрбиелейтін идеяны дамытуымыз керек. Интеллектуал мұсылмандарды тәрбиелеуіміз керек. Ал егер біз қоғамның діндарлануынан қорқып, түрлі шектеулерді қарастыратын болсақ, дін қалай болса солай тарай бастайды.Сонда нағыз Пәкістан мен Ауғанстан боламыз.

 

– Ал дінсіз қоғамның қаупі қандай?

 – Дінсіз қауымды өзің де білесің, жойылып барады. Мысалы, түбіміз бір якут, тува, саха секілді ұлттар ұстап тұрған дін болмағаннан кейін тілдерінен де, құндылықтарынан да айырылып, ұлт ретінде жойылып барады. Бірнеше мың саны ғана қалды. Өздері Иван, Саша, Наташа болып жүр. Дінсіздік те бізді ұлт ретінде жойылуға әкеліп соқтырады.

 

– Қазақы мінезіміз бен әдет-ғұрпымыз, өмір сүру салтымыз жаңа заманда өзгеріп кетеді деп қауіптенбейсіз бе??

– Қауіптенемін. Бұған ең алдымен – жаһандану қатты әсер етіп жатыр. Жаһанданудан қазақ қоғамы айналып өте алмайды. Оның өзгенің озық жақтарын игеру секілді жақсы жағы да бар. Жаһандану дегенді алып жер шарының кішкентай бір ауыл болып қалуы деп түсінемін. Өзіңіз ойлап қараңызшы, біз ауылда өстік. Әр ауылдың салты бірдей, қонақ күтуі, құда-құдандалы болуы, келін түсіруі барлығы ұқсас. Бір ауылдың салты ала-құла болмайды. Сол сияқты, қазір технологияның арқасында жер шары үлкен ауылға айналып отыр. Демек, кімнің ақпарат беру мүмкіншілігі жоғары болса, соның өмір сүру салты, ойлау жүйесі басқаларға да өтеді деген сөз. Қазақы мінезге қайшы, оның салт-санасына жат дүниелер әр түрлі мультфильмдер, кинолар, кітаптар, интернет арқылы өмірімізге еніп бара жатыр. Бүгінде оны ұят санамақ түгілі, мәдениеттің тура жолы осы екен деп қабылдап кеттік. Мәселен, қазір «Азаматтық неке» деген ұғым қалыптасты. Әлем бойынша бұған еш тыйым салынған жоқ, еш кедергісіз насихатталып жатыр. Сен біреумен некеңді қимай-ақ бір-екі жыл бірге тұрып көр, Бірге тұра алсаң ары қарай тұрып кетесің, тұра алмасаң келесісін тағы көр. Азаматтық неке дегеннің мақсаты осы. Қарап отырсаңыз «азамат» деген қазақтың керемет сөзі, «неке» өте қастерлі ұғым. Осындай қазақтың жақсы сөздерінің тасасында қазаққа мүлдем жат нәрселер қоғамға еніп жатыр. Бұған жастарымыздың еті бірте-бірте үйреніп барады. Қыздарымыздың қызығын ерте ұрлатып, етегін мезгілінен бұрын ашып қоюы, келіннің пәк күйінде босаға аттамауы қалыпты жағдай бола бастады. Бұл қайдан келді? Осы жаһанданудың әсерінен батыстың кереғар, кері кеткен ғұрыптарымен келді. Жастарға азаматтық неке мен ажырасудың әдет-ғұрпымызға жат екенін айтсаңыз заманның жаңа, жағдайдың басқа екенін алға тартады. Осы кезде оларға дін ғана көмекке келе алады. Қыз бен жігіттің некесіз бірге тұруға болмайтынын, ақыретте жауап беретінін ұғындырсақ, олар бұл қадамға бармайды. Жаһандану жұтып бара жатқан кері әдеттерге қарсы тұратын нәрсе өзіміздің әдет-ғұрпымызбен сабақтасқан діни түсінік. Адамның бойында адал мен арамды ажырататын, Алланың алдында ақыретте жауап беремін деген имани үн болмаса, ерте ме кеш пе, жаһандануға жұтылып кетеміз. Көзқарасымыз да, өмір сүру салтымыз да өзгеріп кетеді.

 

***