Қарағандыдағы армян диаспорасы қазақ тапқан жігіттің туыстарынан кешірім сұрады

0
Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

173 0 0

Армян диаспорасы кісі өлтіргендер қай ұлт өкілі болса да, тиісті жазасын алуы керек деп санайды

ҚАРАҒАНДЫ, 6 қаңтар — Sputnik. Қарағанды облысындағы армян диаспорасы жаңа жыл түні мейрамхана жанында болған қанды оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме таратты.

1 қаңтарға қараған түні Қарағандыда мейрамхана жанында жас жігіттер арасында төбелес шығып, салдарынан бір адам пышақ жарақатынан ажал құшқан. Полиция жанжалға қатысқан жеті жігітті ұстады, олардың бесеуі қамауға алынған. Қанды оқиғаға қатысқан тағы бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.

«Біз, Қарағанды облысының армян диаспорасы, 1 қаңтарда жанжал салдарынан жас жігіттің ажал құшқанына қатты өкінеміз. Өкінішке орай, бұл оқиғаға армян ұлты өкілдері де қатысқан, — делінген мәлімдемеде. – Біз қаза тапқан жігіттің отбасы мен жақындарына қатты қайғырып көңіл айтамыз».

Қарағанды облысы әкімдігі Sputnik Қазақстан тілшісіне мәлімдеменің рас екенін айтты.

Армян диаспорасы қылмыскерлердің қай ұлт өкілі болса да, жазаға тартылғанын қалайды.

«Көпұлтты Қазақстан біздің туған мекенімізге айналды. Біз бүкіл қазақ ұлтына мейірімділігі мен қиын сәтте қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Бауырлас халқымыз әрқашан береке-бірлікте өмір сүріп келді, татулығымыз әлі де жалғаса бермек», — деп атап өтті диаспора өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздықты қоздыратын арандатушы үндеулер тарай бастаған. Құқық қорғау органдары тез арада шара қолданып, желі қолданушыларының біріне қатысты ұлтаралық алауыздық туралы іс қозғады.

Өңірдің билік өкілдері азаматтардан арандатуға жол бермеуді сұрайды. Полиция атап өткендей, оқиға ішімдік ішіп, мас болу салдарынан болған.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/