Францияда «сары жилеттілер» шеруіне мыңдаған адам шықты

0

Францияның астанасы Париж бен Тулуза, Лион, Бордо, Гренобль және басқа қалаларда 5 қаңтарда «сары жилеттілер» қозғалысы жаңа жыл басынан бергі алғашқы акциясын өткізді. Полицияның мәліметінше, шерулерге жалпы саны 25 мың адам қатысқан.

Рен, Нант пен Руанда шеруге қатысушылар мен полиция арасында қақтығыстар болған. Парижден солтүстікке қарай орналасқан Бове қаласында полиция «жергілікті билікпен келісілмеген» акция өткізбек болған бірнеше мың «сары жилетті» адамды қалаға кіргізбеу үшін оларға жас ағызатын газ шашқан.

Парижде наразылық акциялары бір мезгілде екі жерде: осыған дейін «сары жилеттілер» барлық шерулерін өткізген Елисей алаңында және қала мэриясынан Ұлттық жиналысқа дейінгі аралықта көшеде өткен. Елисей алаңындағы акцияға қатысушылар France-Presse ақпарат агенттігінің ғимараты алдына барып, баспасөз құралдарының наразылық жайлы хабарларымен келіспейтіндерін білдірген. Демонстранттар «коллаборационист журналистер» деп айғайлады деп хабарлайды AFP.

Халықаралық француз радиосының хабарлауынша, сенбідегі шерудің қарсаңында Франция үкіметінің ресми өкілі Бенжамен Гриво демонстранттардың «заңды талаптарының» барлығын үкіметтің орындағанын айтып, ал қазір шеруге шығатындар – билікті құлатқысы келетін арандатушылар деп мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық