Сығанақ пен Түркістан арасын жерастымен байланыстырған жол туралы не білеміз?
Еуразия бірінші арнасының журналисі Нұрбек Бекбау Сығанақ пен Түркістан арасын жалғаған жерасты тоннелін қалай тапты?
«Қазақта не көп, бұрынғы шаһарлар жерастымен өзара байланысқан екен» — деген аңыз көп. Аңыздарды өтірік деп санауға болмайды. Мысалға, қазір әлем аузын ашып, көзін жұмып отырған Троя шаһарын алайықшы. Әуелде бұл да жәй аңыз еді. Бірақ неміс ғалымы сенді. Соңыра алапат жаңалық ашты.
Сонымен, Еуразия бірінші арнасының журналисі Нұрбек Бекбау Сығанақ пен Түркістан арасын жалғаған жерасты тоннелін қалай тапты?! Жерасты жолының есігіне Сунақ ата ауылының тұрғыны Әбдуов мырза алып барды. Айтуынша, бұл маңды ойда-жоқта тауыпты.
«Шиелінің мидай жазығында, талай рет қой-ешкімді жоғалттым. Тақтайдай тегіс жерде, мал қайда кетуі мүмкін? Басым жетпейді. Тек бір жолы, ешкінің маңыраған даусына ілесіп, 4-5 метрлік апанға түсіп кетіп, шыға алмай жатқан жерінен тауып алғаным бар. Малымды шығару үшін, әлгі апанға түстім. Анау жәй шұңқыр емес, көкжиектен келесі көкжиекке созылған жол екен…Жер асты жолы!» — дейді Әбдуов мырза.
Тереңдігі шамамен 5 метр. Үңгір аузы белі орташа жігіт сиятындай доғал тесік екен. Тас қашалған, адамның ісі. Тесіктің аузында бірнеше жылан сыртқы қабығын қалдырған. Ал, үңгірдің ішінде не барын Құдай біледі. Үрей де бар, үңгірге кіру керек деген үміт те бар.
Міне ғажап, расымен мынау жәй апан емес. Кәдімгі жол. Ат жетектеп жүруге болатындай кең. Бір басы Сығанақ бетке жүрген. Екінші беті бетпақ жаққа қараған. Қалалардың арасы жер асты жолдарымен байланысқан деген, осыған қарағанда рас-ау деген ой жылт ете қалды. Мынау көріп тұрғаным, қарадүрсін құрылыс емес. Қазіргі заманғы тоннельдеріңмен тайталаса алатындай шамада соғылған. Төменде адам барын білмес үшін, құрылысшылар дыбысты жұтатын бөлмелер соғыпты. Мұндай құрылғылардың арасы белгілі қашықта қайталанып отырған сыңайлы. Бұлай деуіме себеп, тас лақтырым жерде, дәл осындай тағы бір апанды көзіміз шалды. Іштегі адам демігіп қалмасы үшін, әр жүз метр сайын, саңылаулар жасалған. Іннің ішін сол қуыстар жап-жарық етіп тұр. Ағаштың түбінен, тау-тастың арасынан ойылып жасалғасын, бұл саңылауларды жер үстіндегі адам көрмейді де.
Қала мен қаланы жалғайтын бұл жолдар не үшін керек болды екен? Бізге беймәлім болып келген қандай деректер бар? Оңтүстік өңірге жасалған танымдық сапар туралы Еуразия бірінші арнасынан сенбі күні сағат 21:00-де «Басты бағдарламадан» көріңіздер!
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!