Ғаламтор адамзатқа қандай тегін сыйлар тарту етті?

0

Ғаламтор адамзатқа қандай тегін сыйлар тарту етті?

ХХІ ғасыр – ақпараттар мен технологияның дамыған заманы. Адамзат баласы жаңа дәуірдің демімен тыныстап келеді. Жаңа мыңжылдықтағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде, ғаламтор әлемдік сипатқа ие болып, таралымы мен тағылымы зор құбылысқа айналды; заманымыздың бүкіл болмысын айқындайтын ортақ құндылық болып қалыптасты. Нәтижесінде ғаламтор әжетіне жарата білген жандарға зор көмегін тигізіп келеді.

Бүгінде ғаламтордың кеңінен қолданылуы нәтижесінде адамзат баласының көп дүниеге қолжетімділігі де жеңілдеді. ХХ ғасыр, немесе осыдан 10-15 жыл бұрын ақша шығындап тұтынатын дүниелер су тегінге айналды. Жаңа заман талабына ұмтылған адамдар ғаламтор арқылы қажет дүниеге көп қаржы жұмсамаудың да жолын тапты. Тек ғаламторды қосуға ақша шығындасаңыз болды. Ендеше, ғаламтор адамзатқа қандай тегін сыйлар жасағаны жөнінде айта отырайық.

Өзге елдегі таныстарыңмен тегін сөйлесуге мүмкіндік мол

ХХ ғасыр соңы, немесе осыдан 15-20 жыл бұрын адамдар өзге елдердегі ағайын-туыс, таныстарымен хабарласу үшін телефон көмегіне жүгінетін еді. Ол үшін ақша төлейтіні де рас. Бірақ, бұл күндері де телефон арқылы сөйлесу жойылып кетті деп айта алмаймыз. Десе ғаламтордағы «skype» секілді бағдарламалар бұл қажеттілікті тегін-ақ сыйға тартып отыр.

Ойындарды тегін жүктеп алуға, ойнауға болады

1972 жылы АҚШ-та Нолан Бушнелл алғаш компьютер ойынын жасаған. Одан кейін ойындардың саудасы қызды. Арнайы дискілермен сатылатын болды. Кейіннен ол ойындар ғаламторға енді. Басында жүктеу үшін ақша төлеу керек болғанмен, кейіннен хакерлер тегін пайдаланудың да жолын тапты. Ал бүгінде ғаламтор арқылы тегін қызық сыйлайтын ойындар жетіп артылады. Нәтижесінде ойындар шығаратын әйгілі «Dreamcast» компаниясы дағдарысқа ұшырады.

Кітаптардың электронды нұсқасын ғаламтордан таба аласыз

Кітап – рухани құндылық. Жан азығын сыйлайтын құнды дүниені қолмен ұстап оқығанға не жетсін. Бірақ, көп кітаптарға адамдардың қолы жетпей жүруі де мүмкін. Бәлкім, қымбат тұрар. Электронды кітаптардың пайда болуы — бұл қажеттілікті аз да болса қанағаттандыра бастады. Қазіргі таңда ғаламтордан қазақтілді, шетел тіліндегі кітаптарды да жүктеп алып оқи алуға мүмкіндік туды.

Киноны ғаламтордан-ақ тамашалауға болады

Кез келген киноны ғаламтордан тамашалауға болады. Ол үшін аз уақыт күтсеңіз болғаны. Десе де кинотеатрдан көргенмен, ғаламтордан тамашалағанның әсері екі бөлек. 3D филмдерді көре алмайтыныңыз да рас. Мүмкін алдағы уақытта бұл жолға қойылып жатар. Бірақ, адамдарға киноны арнайы кинотеатрға барып, ақша шығындамай-ақ ғаламтордан көре салуға мүмкіндік мол.

Ғаламторда адамдармен танысудың шегі жоқ

Ғаламтордағы әлеуметтік желілер – танысудың нағыз «қайнар көзі». Бұрынғыдай танысу үшін мейрамханаға шақырып, ақша шығындалмайсыз да. Кез келген ұнайтын тақырыптарыңызда әңгіме-дүкен құра аласыздар. Қажетті ақпараттарыңызбен бөлісе де аласыз, біле де жүресіз.

Газет-журналдардың ақпаратын ғаламтордан оқи салуға болады

Өткен ғасыр тарихындағы өзекті дүние саналған газет-журналдар ХХІ ғасырда ғаламторға өз орнын ысырып беруде. Газет-журналдардың өзі жаңа заман талабына бейімделіп, ғаламторға «сіңісіп» кетті. Бірақ, толық емес. Мерзімді басылымдардың да қоғамға тигізер пайдасы зор. Десе де оның келуін күтпей-ақ, (ақша шығындамай) ресми сайтына кіріп сол мақалаларды оқи салуға болады. Қазір көп адамдар ғаламтордың бұл сыйын да өз қажеттеріне жаратып жүр.

Өзіңді жарнамалау үшін ақшаның қажеті жоқ

Қоғам алдында, немесе әлемге танылу үшін ұзақ уақыт ағымы қажет екені рас. Бірақ, бүгінде ешкімге ақша төлемей-ақ ғаламтор арқылы атағыңды шығаруға болады. Өзіңді дұрыс насихаттай білсең, бір күні танымал тұлға болып шығуың бек мүмкін. Ол үшін сенен ешкім ақша сұрамайды.

Ғаламтор музыка индустриясының дамуына кедергі келтірді

Иә, ғаламтор музыка индустриясының дамуына кедергі келтірді. ХХ ғасырда арнайы сатып алынатын күйтабақтар кейіннен дисктерге алмасты. Осыдан 10-15 жыл бұрын музыка мен кино жазылған дисктердің дәуірі жүрді. Бүгінде ғаламтордың кеңінен етек жаюы – бұл кәсіпті де қолданыстан шығарды. Қазіргі таңда қалаған музыкаңызды ғаламтордан тегін жүктеп ала саласыз. Көп адамдар күйтабақ, диск сатып алу үшін ақша шығындаудың қажеті жоғын түсінді.

Адамзаттың көп дүниеге қолжетімділігін жеңілдеткен ғаламтордың пайдалы тұстарымен қоса зияны да бар. Алтын уақытыңды бөліп ғаламторға кіргенде пайдалы ақпараттармен сусындаған абзалырақ. Таным көкжиегіңді кеңейтетін дүниелерді табуға болады. Ғаламтор қолданушылары мұны саралай біледі деген сенімдеміз.


Дереккөз: https://massaget.kz/