Қазақстан БҰҰ-ға мүше елдер бітімгерлерін дайындау құқығын иеленді
Астана. 5 қаңтар. KAZISLAM – Қазақстандық «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығы (КАЗЦЕНТ) халықаралық бітімгерлік операцияларға қатысу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан сертификаттар мен әлем бойынша бітімгерлерді «Азаматтарды қорғау» және «БҰҰ штаб офицерлері» курстарында дайындау құқығына ие болды, деп хабарлайды Baq.kz.
БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде БҰҰ-ның Бас хатшысының бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялары бойынша орынбасары Жан-Пьер Лакруа қазақстандық нұсқаушылар әзірлеген және КАЗЦЕНТ негізінде жүргізілген бітімгерлік курстарының БҰҰ стандарттарына сәйкестігін тану туралы құжаттарына қол қойды.
Курстарды сертификаттау алдында Қазақстандағы бітімгерлерді оқыту әдіснамасы жете және ұзақ зерттелді, сондай-ақ КАЗЦЕНТ-тің материалдық-техникалық базасын, нұсқаушыларды дайындық деңгейін тексерген және оқу бағдарламаларының мазмұны мен олардың БҰҰ стандарттарына сәйкестігін бағалаған БҰҰ Бітімгерлік операциялар департаментінің өкілі полковник Саид Тафидтің 2018 жылғы желтоқсандағы Алматыға сапары өтті.
КАЗЦЕНТ аймақтағы Бейбітшілікті қолдау орталығының халықаралық қауымдастығының жалғыз толық құқықты мүшесі болып табылады.
КАЗЦЕНТ курстары бітімгерлерді БҰҰ миссияларындағы көпұлтты штабтарда жұмыс істеу үшін дайындау мақсатында жүргізіледі. Бітімгерлік қызметтің негіздері, принциптері, міндеттерімен танысу дайындықтың ажырамас бөлігі болып табылады. Бітімгерлерді дайындау барысында бейбіт азаматтарды қорғау, БҰҰ бітімгерлік операцияларының тәртібі мен ерекшеліктерін түсіндіру мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. КАЗЦЕНТ түлектерінің басым бөлігі БҰҰ-ның Батыс Сахараға қатысты референдум өткізу жөніндегі миссиясында бітімгерлер базаларының командирлері және осы миссия штабының оқу бөлімдерінің басшыларын қоса алғанда бітімгерлік миссияларда жетекші лауазымдарға ие болды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі белсенді және табысты екі жылдық жұмыс нәтижесінде 2018 жылғы қазанда Қазақстан алғаш рет БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріне 120 әскери қызметкерден құралған бітімгерлік рота жіберді. Олардың көпшілігі КАЗЦЕНТ-те білім алды.
Өткен жылдың желтоқсан айында қазақстандық бітімгерлерге майор Шолпан Тауышова қосылды.
Дереккөз: http://kazislam.kz/