Қазақтың қара есептері

0

16-шы есеп:

Зере ананың  алқасы

Ертеде елге сыйлы, халыққа қадірлі Зере атты анамыз өтіпті. Осы анамызда көнеден келе жатқан дәстүр бойынша, енеден келінге мұра ретінде берілуі тиіс асыл тастардан жасалған өте қымбат алқа болыпты. Зере анамыз қартайған шағында өз кіндігінен тараған жеті келінін шақырып алып: «Мына алқаны ежелгі жосын бойынша біреуіңе тапсыратын кез келді, егер біреуіңді таңдап аманат қылып тапсырсам, онда қалған алтауың өкпелейсіңдер. Демек, олай жасауға болмайды. Егер екеуіңді таңдап алып, алқаны екіге бөлсем, онда бір моншақ артылып қалады, олай да болмайды. Сол сияқ­ты алқаны үшке, төртке, бес­ке және алтыға бөлсем, он­да әрбір бөліс кезінде бір мон­шақ артылып қалады, яғни бөліске түспейді. Егер алқаны жетіге бөлсем, онда алқа моншақтары қалдықсыз теңдей бөлінеді. Бірақ алқаны ежелгі өсиет бойынша бөліске салмай бүтіндей бір келінге тапсыруым керек. Ендеше осы алқада қанша моншақ бар, кім бірінші шешеді алқа сол келінге беріледі» деген екен.

17-ші есеп:

Өрмекші қанша уақытта жерге түскен?

Қабанбай атамыз қартайған шағына дейін жекпе-жекке шығып,  жеңіліп көрмеген теңдесі жоқ ерекше батыр бол­ғаны елге әйгілі. Мысалы, «Қа­банбай батыр» жырында қарт сардар соңғы жекпе-жегіне шығарда астындағы сайыс тұлпары Қубас атпен «Мен келдім жетпіс сегізге, Сен келдің отыз сегізге…» деп серттескені бар. Атамыз ке­зекті бір сайыста ауыр жаралы болады. Емші-домшылар оны керегесі 12 қанат, биіктігі

5 метр киіз үйге жатқызып ем­дейді. Бірақ жарақат ауыр, күннен-күнге батырдың жағ­дайы төмендей береді.

Бір күні шаңырақтан салбырап төмен түсіп келе жатқан өрмекшіні көріп қалған Қа­банбай батыр мұны жақ­сылыққа жорып, өрмекші жер­­ге түссе жазылатын шы­ғар­мын деп үміттенеді. Біраз уақыттан кейін өрмекші қай­тадан жоғары көтеріле бас­тайды. Оны көріп батырдың көңілі құлазиды. Біршама уақыттан кейін өрмекші қай­тадан төмендейді. Оны көр­генде батырдың үміті оянады. Осылай бірнеше дүркін қайталанады. Қабекең аңдап қараса өрмекші 15 минут са­йын 2 метр төмендеп келесі 15 минутта 1 метр жоғарылап, одан кейін қайтадан 15 минут бойы 2 метрге төмендеп, одан қайтадан 15 минут бойы 1 метр­ге жоғарылайды екен.

Біраз уақыттан кейін өр­мекші жерге түсіпті. Қабан­бай батыр: «Бұл тәңірден келген нышан, мен жазыламын, енді маған қайтып жатуға болмайды»  деп, төсектен тұ­рып кетіпті. Бұған қуанған ел-жұрты құрбандыққа ақ­бозат шалады да, бұдан былай батырға енді қайта жекпе-жекке шығуға тыйым салады. Құрметті оқырман, «Өр­мекші шаңырақтан қанша уақытта жерге түскен?» осыны тапсаңыздар?

18-ші есеп:

Қаздар саны қанша?

Келеді ұшып бір топ қаз,

Суалып көлі болып саз.

Мұны білмей кезіккен,

– Есенсіз бе, жүз қаз,

Деді келіп бір қаз.

Мойнын бұрып бастаушы

Білдірді оған былай наз.

– Топқа тағы осындай

Жетпей тұр ғой қосылмай,

Бұған оның ширегі,

Және жарты керегі.

Өзің жалғыз кезіккен,

Қосыларын сезіп пе ем?

Бәрін бірге жинасақ,

Жүз қаз сонда боламыз.

Осының бәрін есептеп,

Айтшы сонда, жалғыз қаз,

Қанша едік баста біз?

Газетіміздің 20-шы желтоқсан күнгі №242 санында жарияланған қара есептердің дұрыс жауабы:

13-ші қара есептің дұрыс жауабы:

Есеп шарты бойынша: «бү­мен түмен» = 100 000*10 000, «түмен бүмен» = 10 000*100 000.  Бұл есеп «Екі жер­дегі үш көп пе, әлде үш жер­дегі екі көп пе?» деген есеп­пен дәлме-дәл келеді. Әрине, көбейткіштер орын ауыс­тырғанмен, көбей­тінді өзгермейді. Ендеше олар өзара тең болады.

14-ші қара есептің дұрыс жауабы:

Жолаушы және оның екі баласы үш түйеге мініп, әр­қайсысы төрт апталық су-тамағын алып бір апталық жол жүргенде, олардың әр­қайсысында үш апталық қор қалады. Осы жерде бірінші түйедегі кіші баласы екінші түйеге, яғни ағасына бір ап­талық су мен тамақ және үшінші түйедегі әкесіне де бір апталық су мен тамақ бе­ріп, өзі бір апталық қормен аман-есен оралады. Ал екінші және үшінші түйе тағы бір апта жол жүрген соң, олар­дың әрқайсысында тағы да үш апталық қор қалады. Осы жерде екінші түйедегі екін­ші бала бір апталық сусынды үшінші түйедегі әкесіне бе­ріп, өзі екі апталық қорымен аман-есен оралады. Ал үшінші түйе өзіндегі төрт апталық қормен екі апталық межеге жетіп, осы жерге қайтып орал­ғанда, оны осы жерде екін­ші түйеге мінген үлкен бала тосып тұрады да ол өзінің бір апталық суын үшін­ші түйеге беріп, қайту сапарын бірлесіп тағы бір аптаға жалғастырады. Бұл жерде оларды бірінші түйеге мінген кіші бала күтіп тұрады да, ол бір-бір апталық суды алғашқы екі түйеге бөліп беріп, барлығы бірге аман-есен елге оралады.

15-ші қара есептің дұрыс жауабы:

Әдетте бұл есепті көп­теген оқырман бірінші жол­­дасқа жеті лақ, екінші жол­дасқа бес лақ, ал, үшінші жол­дасқа төрт лақтан беру керек деп шешеді. Сонда бар­лығы 16 лақ болады. Бірақ бұл дұ­рыс емес. Себебі барлығы 16 сомдық тауарларды төрт адам­ға теңдей бөлгенде әр­қайсысына төрт сомдық тауар тиеді. Демек, төртінші жолдас бі­рінші жолдасының көмегі арқылы үш сомдық тауар және екінші жолдасының көмегімен бір сомдық тауар алады. Ал, үшінші жолдас, былайша айтқанда, өз ақшасына ғана тиісті тауар алады. Осы себепті лақтар бірінші және екінші жолдастарға бөліну керек. Ендеше 16 лақты төрт сомға бағаласақ, онда бір сомға төрт лақ пара-пар болу керек (16 лақ: 4 сом = 4 лақ/сом). Демек, бірінші жолдас 4*3=12 лақ, ал, екінші жолдас 4*1=4 лақ алу керек. Дұрыс жауабы: бірінші жолдас 12 лақ, ал екінші жолдас 4 лақ алуы керек.

Газетіміздің өткен 20-шы желтоқсан күнгі №242 санында жарияланған 13,14,15-ші қара есептердің жауабын шығаруға көптеген оқырмандарымыз үлес қосты. Бірақ бұл реткі есептер шын мәнінде логикалық ойлаумен математикалық қисынға негізделгендіктен шешуі өте күрделі-тін. Десе де, бұған дейінгі есептердің дұрыс жауабын тауып, тұрақты атсалысып келе жатқан Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Ақкөл ауылының тұрғыны Баян Зияданқызының логикалық пайымдау тәсілі тәнті етсе, тағы бір тұрақты оқырманымыз белгілі қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлы, сол сияқты астаналық азамат Абай Дулати, қызылордалық Әбдіразақ Әбдіхалықұлы 14 және 15-ші есептердің жауабын дұрыс тапса, мектеп оқушылары тараздық Арнұр Жеңісбекұлы мен қызылордалық Әзиза Бимағанбет соңғы есепті дәл шешкен.

Ескерту: есеп жауаптарын info@egemen.kz поштасына жолдауларыңызды өтінеміз!

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/