Қазақстан азаматтығын жеңілдікпен алатындар тізімі ұзарды
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алатын тұлғалар тізімін ұзартты. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттің жаңа қаулысына сай, енді 16 түрлі кәсіп пен мамандық иелері Қазақстан азаматтығы жеңілдетілгені тәртіппен ала алады.
Жаңа тізімге енгізілген денсаулық сақтау саласындағы мамандар, бизнес сарапшылары, бағдарламалық қамтамасыз ету мамандары, ақпараттық технология саласындағы жоба менеджері, робототехника, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар, ақпараттық қауіпсіздік аудиторы, ақпаратты қорғау бойынша инженерлер Қазақстан азаматтығын жеңілдікпен ала алады. Тізімге сонымен қатар биоинформатика, молекулярлық биотехнология және биоинженерия салаларындағы мамандар, білім беру технологиясы, аграрлық ғылым, медицина, қаржы және экономика салалары бойынша ғылыми қызметкерлер енгізілген.
Назарбаевтың 2005 жылы 6 маусымда шығарған жарлығы бойынша әртіс, сәулетші, дәрігер, биолог, геолог, дирижер, инженер, ұшқыш, физика және астрономия саласындағы ғылыми қызметкер және басқалары Қазақстан азаматтығын жеңілдікпен ала алатын.
Дереккөз: Азаттық